15
Мамыр

Қарағандылықтарды газбен қамту мәселесі талқыланды

15 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық филиалының бастамасымен Қарағанды қаласының азаматтары мен заңды тұлғаларын газбен қамту мәселелері бойынша жиын өтті. 


Жиынға депутаттар, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің, қалалық құрылыс басқармасының, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Ә.Бөкейханов ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығының өкілдері мен басқа да уәкілетті тұлғалар қатысты. 

Жиынның негізгі мәселесі қала мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру мерзімі, қосылу құны мен газдың тарифі туралы болды. Жергілікті билік өкілдері түсіндіргендей, қосылу кезектілік тәртібімен жүзеге асырылып, қаланың барлық аудандарын қамтымақ. Қазіргі уақытта Михайловка шағын ауданын қосу процесі аяқталып қалды, одан әрі Күнгей шағын ауданын, Майқұдық, Сортировка аудандарын қосу жоспарлануда.

Тұрғын үйді қорын жаңғырту орталығының өкілі Қарағанды облысында 1 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Тұрғындар газды қосу немесе қазандық сатып алу ақысын пайызсыз бөліп төлеу арқылы өтей алады. 

Тариф мәселесі бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің өкілі 2023 жылдың басында тариф қайта қаралып, 37,3 теңгеге дейін төмендегенін айтты.