14
Сәуір

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде /Раушан Тәуірханқызы/ - Егемен Казакстан (Астана)

 
«Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді», деп М.Жұмабаев айтқандай, тіл мәртебесін биіктету – әрбір мемлекет үшін басты мақсат.
Иә, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары болашаққа сенімді қадам жасап, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту мәселесіне шындап кірісті. Осындай үздіксіз қам-қарекеттің арқасында тілдің қозғалыс аясы ұлғайып, біршама алға қадам басты. Десе де, қуануға әлі ертелеу. Олай дейтініміз, мемлекеттік тіл саясаты әлі де болса күн тәртібіндегі негізгі  мәселенің біріне айналып келеді.
Жуырда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде президенттік сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстары аясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға партияның Орталық аппаратының қызметкерлері, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары Оразгүл Асан­ғазы, Алмас Тұртаев, Меруерт Қаз­бекова, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі, академик Ғарифолла Есім, Астана қалалық тілдер басқармасының басшысы Ербол Тілешов, ғалымдар Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлұлы, Қайырбек Кемеңгер, Серікзат Дүйсенғазин, партияның ардагері Тұрсынбай Ахметов, сондай-ақ, қоғамдық бірлестік өкілдері мен партия мүшелері қатысты.
Дөңгелек үстелді Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев ашып, тіл мәселесі төңірегінде біраз мәселені қаузады. Содан соң сөз алған партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», деп мәлімдеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тілді Ата Заңымызға сай өз төріне биіктету үшін үнемі қайрат көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті. Ал «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалы: «Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық мұраттар мен құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, жеке меншікті қорғауды, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтар мен тәуелсіздік жылдарындағы табыстарды өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюына қол жеткізуі», – деді.
Қысқаша айтқанда, жалпыұлттық құндылықтар этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары тұруы керек. Ендеше, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтар Қазақ елінің біртектілігін қалыптастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы қажет. Ал ол біртектілік Елбасы белгілеп берген Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы – Мәңгілік Ел идеясының іске асырылуына қызмет етуі тиіс. Ал елдіктің басты тірегі – тіл екенін бұл аудиторияға дәлелдеудің өзі артық еді.
Жетістіктерді көрмеу – көрсоқырлық, ал кемшіліктерді көре тұра айтпау – жаны ашымастық. Осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырға жуықтаған кезде қоғам мемлекеттік тілдің шынайы, нақты мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде жаңа міндеттер қоюға толық құқылы. Бұл уақыт ішінде біздің тәуелсіз мемлекетімізде тұтас бір ұрпақ туып, өсіп-жетілді.
Дегенмен, «Ақ жол» партиясы мүшелерінің басым көпшілігі қазақ тілін пайдалану көлемін бұрын болмаған жоғары деңгейге көтеру қажет деп есептейді. Орыс тілі еліміздің басым көпшілігінің ойлау, сөйлеу құралына айналып алғаны жасырын емес. Оның үстіне, құлдық саналы шенеуніктердің тілге тосқауыл болып отырғаны тағы бар. Мемлекеттік тіл мәдениет мәселесі аясынан да асып кеткенін назарға алу керек, бүгінде ол – ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің қатарына еніп отыр.
Тақырыпқа байланысты түрлі пікірлер тыңдалып, ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, мәдениет, тәрбие, ұрпақ сабақтастығы, тіпті, Астана қаласында қазақ тілді басылымдар сатылатын екі дүңгіршектің ­(киоск) ғана бар екендігі де әңгімеге арқау етілді. Бұл жиынның тартымдылығы соншалық, тіпті, түскі үзіліс уақытында да ешкім тырп етпестен ұйып тыңдап, өз ойларын ащы да болса ойып осып айта білді. Тіл жанашырларының бұлайша қызылкеңірдек болатынындай бар, өйткені мемлекеттік тіл әлі де өз биігіне, өз дәрежесіне көтеріле алмай келеді.
 
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 67 (28545), 14.04.2015