Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасы: Ел мүддесі жолында үкімет неге үнсіз отыр? /Зейнолла Абажан/ - Казак yнi (Алматы), № 40 (649), 14.10.2014
«Ақ жол» партиясы Ресей мен Беларусь елдерінде Қазақстаннан барған тауарларға түрлі тосқауылдар қойылуда деген тұжырым жасады. Кедендік одақта қазақстандық тауарларды қосымша маркалау, біздің өндіріс саласындағы кәсіпкерлеріміздің жаңа нарық алаңына шығуына шектеу, ойдан шығарылған бөгет-баған болып табылады. Еуразиялық одақтағы әріптестеріміздің өз мүдделерін бізден анағұрлым жоғары қоятындығы туралы мәселені Мәжілісте көтерген «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі Азат Перуашевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз
– Азат Тұрлыбекұлы, Сіз Мәжіліс отырысында кедендік, енді «Еуразиялық экономикалық одақ» деп аталатын судай жаңа ұйымдағы әріптестеріміздің әрбір тауарды маркалау, қарапайым қазақ тілімен айтқанда таңбалауға тікелей қарсы пікір білдірдіңіз…
– Ол рас және бұлай қарсы пікір айтуыма толық негіз де бар. Өйткені бұл шара кәсіпкерлер мен тұтынушыларымыздың құқығын таптап, айтарлықтай шығынға әкеліп соқтыратыны айдан анық. Былайша айтқанда, қарапайым сатып алушыларға салмақ түсіп, онсыз да тесік қалталарын жұқартады. Бірден айтайын, мұндай «тың тәжірибе» мен жаңағыдай «жаңалық» дүниежүзінің ешбір елінде жоқ. Тек біздің әріптестеріміз – Ресей мен Беларусь қана тәжірибе жасап, көпшілікке тиімсіз жобаны тықпаламақшы. Одақтастарымыз жеңіл өнеркәсіп тауарларының кейбір түрлерін пилоттық жоба ретінде маркалауды алға тартады. Олардың айтуынша, бұл контрафактілік тауарлардан қорғайды-мыс. Ал, шын мәнінде бұл сыныққа айтар сылтау ғана. Өйткені пилоттық жоба кейін жалпы сипат алары сөзсіз, сөйтіп өзге де халық тұтынатын тауарларды таңбалау өзінен-өзі шексіз жалғасып кете бермекші. Ол неге апарып соқтырады? Мәселе дәп осы тұста болып отыр. Біз сонда Минскінің нарықтық бағытын ұстануымыз керек екен. Олардан нарықтық қатынастарды емес, ауыл шаруашылығы мен машина жасау саласы бойынша көп нәрсе үйренуге болады. Оған дауым жоқ. Реті келгенде айта кетейін, ең көп контрафактілік, яғни заңсыз тауарлар Ресей елінде шығарылады, әсіресе, алкоголь өнімдері бойынша. Бұл деректерді мен қиялдан құрастырып, өзім ойлап тауып отырған жоқпын. Солтүстік көршілеріміздің БАҚ өкілдерінің жазуы бойынша Ресейдің алкоголь өнімдерінің 60 пайызға жуығы заңсыз өндіріледі екен. Ал, солардың бәрі өздерінде және бізде акциздік маркалармен белгіленіп жүр. Міне, сол өздеріндегі және одақтастарына әсерін тигізіп келген экономикалық қылмыспен күресудің орнына бізді тағы да қосымша тиімсіз шараларды жасауға итермелеп отыр. Шынын айтсақ, тауарлардың бәрі әлем бойынша штрих-кодтар арқылы таңбаланған, сол жетіп жатыр. Дүкендеріміздегі оны оқи алатын аппараттарды күнделікті көріп жүрген жоқпыз ба? Олай болса қосымша таңбалаумен өзімізді неге тұйыққа тіреуіміз керек? Неге біз сол үшін қосымша қаржы жұмсауымыз қажет? Мәселе деп айтқаным осы. Әріптестеріміздің бұл әрекеті әртүрлі ойға жетелейді. Біріншіден, Ресей тарапынан кедендік одақ басталған кезеңнен біздің тауарлардың жолын бөгеу үнемі орын алып келеді. Бұл туралы БАҚ-та айтылып та, жазылып та жүр. Ол үшін әйтеуір түрлі себептер ойлап тауып ала қояды. Мына маркалау соның бірі ғана.
Екіншіден, бұл бастаманың жемқорлыққа жол ашатыны бадырайып көрініп тұр емес пе? Ол үшін атақты экономист немесе ғұлама ғалым болудың тіпті де қажеті жоқ. Ең бастысы, бұл шара нарықтың дамуын баяулатып, бизнестің әлсіреуіне әкеліп соғады. Тағы да кәсіпкерлерден пара алу мен оларды қыспаққа алуға жол ашады. Ең соңында бұдан қарапайым тұтынушылар сорлайды. Өйткені кез келген тауардың құны өзінен-өзі көтерілетін болады. Ол тауарды өндірудегі өзіндік нақты құны емес, қолдан жасалған құйтырқы әдістер арқылы қымбаттайтыны белгілі.Бұдан кейін олардың «жаңалығы» жақсылық әкеледі деп кім айта алады? Бір өкініштісі, осыны біле-тұра көптеген мамандарымыз көзін жұмып, тіс жармайды. Сол жауапсыздық пен бойкүйездіктері ертең қандай жағдайға алып келерін ойламайды. Бұл мемлекетімізге, адамдарымыздың денсаулығы мен болашағына қауіп төндіретін іс-қимыл дер едік.
– Осы айтқан ойларыңызды нақты мысалдармен бекітіп, таңбалаудың кесірінен тауарлардың қалай қымбаттайтынын тарқатып берсеңіз.
– Қалың оқырманға түсінікті болу үшін қысқа да нұсқа жеткізуге тырысайын. Одақтастарымыздың бізге айтуы бойынша әрбір тауарға жаңағы таңбаланғаны үшін 20 теңге қосымша құн қосылмақшы. Бұл жерде тауарды жеткізу, сақтау, бақылау сияқты тағы да толып жатқан қосалқы қызмет түрлері есепке алынбаған. Ол қызметтер үшін тағы да қосымша баға қосылатыны айтпаса да түсінікті.Және тұтас тауар партиясына емес, заттың әрбір данасын таңбалау талап етілмекші. Барлық кәсіпкерлеріміз таңбалауды оқи алатын арнайы аппараттар сияқты қондырғыларды сатып алуға міндетті. Олардың да бағасы 175-200 мың теңгеден кем түспейді. Енді есептейік, бізде статистика бойынша миллионға жуық кәсіпкер бар, 175 мыңды миллионға көбейтіңіз. Ол аз десеңіз, әрбір затқа қосылатын 20 теңгені біздегі 17 миллион адам санына көбейтіңіз. Бұл бір зат сатып алғандағы көрсеткіш. Ал, күніне қаншама адам күнделікті тұтынатын аса қажет тауарларды сатып алатынын өзіңіз ойлап көріңіз, басыңыз айналады. Бұл қулықты ойлап тапқандар саусақ ұшын қимылдатпай-ақ миллиардтап, күректеп пайда таппақшы. Сонысымен өздерін өзгелерден ақылдырақпыз деп есептейтін болу керек.
Біздің осыған байланысты сауалдарымызға одақтастар тарапынан ресми түрде ешкім нақты жауап бермей жатыр. Есесіне ғаламторда кейбір белгісіз біреулер бұл сұрақтарымызға көлденеңнен қыстырылысып, жауап бермек болыпты. Олардың да кімнің сойылын соғып отырғаны анық. Жаңа жобаны жақтаушылар дәптер, кітап сияқты баспа өнімдеріне марканы аз шығынмен баспахананың тура өзінде жасауға болады деп тапқырлық көрсетіпті. Мысалы, дәптерге 20 емес, 2 тенге алынады деп сабырға шақырады. Мұны айтушылар аты-жөнін атамаса да кім екенін айнытпай танып отырмыз. Үкіметтің атынан кім көрінген ұсыныс жасай бермейді ғой. Бұл осы идеяны іске асыруға мүдделі топтың іс-әрекеті деп білемін. Бұл жай ғана пилоттық жоба емес, жан-жақты ойластырылған араны ашылғандардың жоспары деп ашық айтуымыз керек. Сол жоспарды іске асыру үшін олар бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Аталмыш жоспар аясында қаншама бақылаушылар пайда болып, қанша парақорлар нарыққа білек сыбанып кірісетіні туралы қасақана ұмытып отыр. Жаңадан пайда болған жемқорларға пара беру арқылы шығатын заңсыз шығынды енді кәсіпкерлер өздері өндірген тауар құнына қосуға мәжбүр болады емес пе, өйткені оларға да шығынмен жұмыс істеуге болмайды. Шығынға батып бизнеспен айналысқанша, тыныш отырғандары дұрыс қой. Қысқасы, бұл ешқандай заңға сыйымсыз, ешқандай келісімде көрсетілмеген әрекет. Тіпті Ата заңымызға кереғар, адамның жеке мүлкіне қол сұғушылық деп те бағалауға болады. Олай болса көпе-көрнеу қылмыстық қимылдарға жол ашудың керегі қанша? Оның соңы Еуразиялық одақтағы әріптестердің бір-біріне деген сенімін жоғалпай ма? Сенім жоғалса бұл ұйымның болашағы да бұлыңғыр болмақ. Қандай шаралар болсын ашық, адал, заң аясында, барлық тараптарға тиімді болғаны дұрыс. Сонда ғана кез келген ұйым, кез келген одақтың ғұмыры ұзақ болмақ.
Жаңа жобаның, әсіресе, мына бір қулыққа құрылған жағын да баса айтуымыз керек. Олардың жоспары бойынша таңбалау салық органдары арқылы емес, жеке компаниялардың еншісіне берілмек. Демек, әдеттегідей бір мықтылардың мүддесі бар деген сөз. Бұл жобаның Ресей мен Беларусь тарапы бастаушылары болғанмен, біздің жақтан да қостаушылар табылып отыр. Бізде де жатып алып ақша тапқысы келетіндер жетіп-артылады, ол бұрыннан белгілі.
– Ортақ нарықта бақылау болғаны жөн сияқты. Өйткені тауар өндірушілердің бәрі бірдей адал жұмыс істемейді. Әсіресе, сапасыз тамақ өнімдерінің айналым мен қолданысқа түсуі өте қауіпті ғой.
– Мен қатаң бақылауға қарсы емеспін, оның да өз орны, өз жолы болады. Мысалы, алкоголь мен темекі бұйымдары акциздік бақылауда. Сол сияқты тамақ өнімдеріне де сақтықпен қарау керек. Ресейден келген кейбір тауарларға тоқтау салуға тура келгені белгілі. Өйткені шынымен де кейбір тауарлардың сапасы сын көтермейді. Ал, оны пайдалану адамдардың денсаулығына зиян, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретіні белгілі. Біз өз еліміздің басын қатерге тіге алмаймыз. Тауарлардың сапасы мен жай-күйі зертханалық тексерулер арқылы анықталады. Сондықтан бұл бағытта асыра сілтеу болмау керек. Ал, тап мына қатаң бақылау деп атаған маркировка нарықты қорғамайды, керісінше жемқорлықтың бірден-бір көзіне айналады.
Қазақстанда Беларусьқа қарағанда нарықтық қатынастар жақсы дамығаны белгілі. Оны көптеген дамыған шетел өкілдері де мойындап келеді. Бізде еркін экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қысым көрсетуге тиым салынып, оларды негізсіз тексеруге қайта-қайта мараторий жарияланып келгенін жақсы білеміз. Ал, мына жоба сол қол жеткізген еңбектеріміздің бәрін жоққа шығарады. Елбасының жүргізіп отырған экономикалық саясатына қайшы келетінін де ашық айтқанымыз жөн. Ал, Ресейде бизнеске билік тарапынан қысым әлі де жетерлік. Әсіресе, оларға Батыс елдерінен экономикалық санкциялар қолданып жатқан тұста мынандай өзгеге тиімсіз тәжірибеге баруы өздеріне де абырой әкелмесі белгілі. Еуропадан кеткен есесін бізден қайтармақшы ма? Нарықтық қатынастар біршама дұрыс жолға қойылған біздің елге ондай қолдан жасалған жоспарлардың қажеті жоқ. «Ақ жол» партиясының бұл жобаға қарсы пікір білдіруі де сондықтан.
– Бақылаудың көптігі артықшылық етпейді, тауар сапасын сақтап адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты шарт. Бақылаушылар тек таңба басып, ақша таппай, өз мойындарына белгілі бір жауапкершілік алуға тиісті емес пе?
– Біреу сенер, біреулер сенбес, жобада бұл туралы бірде-бір арнайы бөлім жоқ. Бізді таңқалдырып отырған да осы емес пе. Тауардың сапасы мен марканың жасанды болуына байланысты олар жауап береді деп бір сөз айтылмаған. Жарамсыз тауарды айналымнан алу жолдары мен заңдылықтары да жоқ бұл құжатта. Олай болса, ештеңеге жауап бермесе, таңбалаудың, бұндай бақылаудың керегі қанша, тек олар ақша табу үшін бе? Дамыған елдерде бақылаушыларға заңды түрде тәртіп бұзылған жағдайда қатаң жазалар қарастырылған. Сапасыз тауарларды өткізіп, сертификаттау ережесі бұзылса, басымен жауап береді. Өкінішке орай, мұндай кемшіліктер бізде де бар. Біздің де сертификаттау орындарымыз заң алдында ешқандай жауапкершілікті сезінген емес. Бұл дұрыс емес. Мөрді басып қана отырмай, өзі атқаратын жұмыс үшін бұл органдар бар жағынан жауап беру керек қой. Өйтпесе олардың қажеті де шамалы. Бізде мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі заң бұзушылықтар осындай шалалықтан туындап жатады. Тендерлерді көлденең көк аттылар ұтып кететіні де сол себепті.
Бұл жерде бақылау мен тауар өндірушілер мәдениетін дамыту керек. Сонда көлеңкелі экономикаға жол жабылады. Онсыз таңбалаудың тоқсан түрін ойлап тапсақ та, ештеңе өзгермейді.
– Сөзіңіздің сыңайына, ойыңыздың ыңғайына қарағанда бұл жоба бізге күштеп телініп отыр. Бұл туралы Сізден басқа біздің депутаттардың біреуі, тым болмаса, бірауыз сөз айтпады. Сонда қалай, біздің үнсіздігіміздің, бас бұғуымыздың кесірінен бұл тиімсіз жоба тағы да қолданысқа кіріп кетпек пе?
– Бұл туралы әлі талай әңгіме болары анық. Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасында, еліміздегі белсенді бизнес өкілдерінің бас қосуларында аталмыш мәселеге байланысты қарсылық білдіріліп, жан-жақты талқыланған болатын. Соған қарамастан, Беларусь пен Ресей егер біз таураларды таңбалаудан бас тартсақ, өз беттерінше осы жоспарды біржақты түрде іске асырмақ ойлары бар. Олай болғанда Кедендік одақ пен Еуразиялық одақтың маңызы мен беделі бір тиын болып қалмақ. Өйткені одақтың негізгі теңқұқықтық деген ұстанымы бұзылады. Бір ғана тауардан бастап, ертең барлық тауарларды таңбалау, сол арқылы бұл жобаны күшпен кіргізу болып табылады. Оған қоса, осы жоспарды іске асыруға байланысты шығындарды әрбір ел өз бюджетінен шығармақшы. Бұл тұтынушыларды тонаумен бірге, мемлекеттің де қаржысына қол сұғу болып табылады. Басқосуларда одақтас елдер өкілдері біз тауарларды таңбаласақ қана ортақ нарыққа кіретінімізді ашық айтты. Демек, бұл экономикалық күш көрсету деп есептелінеді. Ал, одақтың шарты мен келісімдері қайда қалады? Біз сол келісімге қол қою арқылы бұл одаққа кіріп қойған жоқпыз ба? Біз де сол одақтың тең дәрежелі, толыққанды мүшесі екенімізді олар мойындамағаны ма? «Ақ жол» партиясы бұл жобаны одақтастарымыз күшпен ықпал ету арқылы енгізіп, өз ойын ережелерін орындауға мәжбүрлеп отырғанын атап көрсетіп берді. Ел мүддесі жолында үкімет неге үнсіз? Сол себепті тұтынушыларымызды қорғау керектігі жөнінде сауал жолдадық. Билікті еліміздің экономикалық мүддесін сақтап қалуға шақырдық. Бұл жерде кәсіпкерлер, бизнес өкілдері мен билік бірігіп қимыл көрсету керек, сонда ғана нақты нәтиже болмақ.
Дерекнама - Казак yнi (Алматы), № 40 (649), 14.10.2014