Петропавл қаласындағы эвакуациялау орталықтарына барып, Заречное ауылынан амалсыз көшуге мәжбүр болған тұрғындармен әңгімелестік. Сұрақтарға жауап бердік. Жанары жасқа толған зейнеттегі кейуананың өтініші бойынша тасқын аймағында байланыссыз қалып қойған жолдасын алып шығуға адам жібердік.
Адамдар жиналуға, жүктерін алып кетуге уақыт бермегенге арызданып жатыр. Балалы әйелдің айтуынша "мұздатқыш пен теледидар үшін несиесін енді ғана өтеп болған, оның барлығы зая кетті" дейді. Сұрақ - мемлекет мұндай шығындарды өтеп бере ме?
Адамдар жергілікті биліктің мұндай тасқынның неге алдын алмағанын, кінәлілер жауапқа тартыла ма деп сұрап жатыр. Оларға президент бұдан тиісті сабақ алып, прокуратура болған істің мән-жайын анықтауға кіріскенін хабарладым. Біз, Мәжіліс депутаттары ретінде толыққанды тергеудің жүріп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеміз.
Қазір ең бастысы - адам шығынын болдырмау әрі қалалар мен елді-мекендерді қорғау. Сондықтан, қажет болған жерлерде эвакуациялау жүріп жатыр.
Мемлекет зардап шеккендерге көмек қолын созып, үйлерді қалпына келтіріп те, қайта салып та береді.
Адамгершіліктен аттамай, ауызбіршіліктен ажырамасақ, қалғанның барлығын еңсереміз.
Халқымыздың көрмеген сынағы жоқ. Біз күштіміз, біз жеңеміз.