18
Наурыз

Азат Перуашев Түркістандағы "Қуаныш" базарының кәсіпкерлерімен кездесті

Түркістандағы "Қуаныш" бас базарына барып, кәсіпкерлермен әңгімелесіп, бөлшек сауда салығы мен мобильді төлем бойынша жағдайды талқыладық.

Бұл мәселеде ұстанымымыздың дұрыс екеніне тағыда көзім жетті.

Бұл жердегі саудагерлердің барлығы бөлшек салықты  2% дейін төмендетуді сұрап жатыр. Біздің мәслихаттағы депутаттарымыз бұл мәселені көтеріп, жақын арада өтетін (наурыздың соңы/сәуірдің басы) сессияның күн тәртібіне енгізілді. Филиал мен "Ақ жол" демпартиясының Түркістан мәслихатындағы депутаттарына сессияны күтпей, шағын және орта бизнеспен кездесулердің қорытындысы ретінде осындай талаппен жаңа депутаттық сауал жолдауды тапсырдым.


Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мобильді аударымды бақылау халықтың өткір сынына ұшырауда. Көпшілік "Ақ жол" фракциясының бұл мәселе жөніндегі ұстанымын біліп, оны қолдап отыр, алайда айтылған дәйектер тіпті көңіл көншітпейді.

Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі айына 255 мың теңгеден астам сомаға тең мобильді аударымды бақылауға (сәйкесінше, салықпен де қамтылады) жатуы керек деп санайды.

Біз биыл 6 наурызындағы сауалымызда (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/mobild-tlemderd-zhappaj-balaudan-bas-tartu-kerek) 255 мың теңге айналасы болған жағдайда кәсіпкердің таза табысы 50 мың теңгеге жуық ғана болатынын, бұл салықпен қамтылуы тиіс ең төменгі айлық есептік көрсеткіштен де (85 мың тг) аз екенін атап көрсеттік.

Және шағын бизнестің 15-20% көлеміндегі табыстылығын есепке алған едік.

Алайда, көгөніс сатып тұрған кәсіпкерлер мүлдем басқа көріністі көрсетті.  Мәселен, сауданың бұл түрі (олардың айтуынша) 10 пайызға дейін пайда әкелуі мүмкін, бірақ!  - егер бәрі жылдам және бүлініп үлгермей сатылса ғана. Тасымалдау және сақтау кезінде алма-лимон, қызанақ-қияр және басқа да заттардың табиғи салмағы кемитінін салық қызметкерлері ескермейді.  Сонымен қатар, бірінші күні сатылмаған көк шөптердің кейбірі міндетті түрде сапасы кетеді, тіпті бұзылады.  Соның салдарынан «тез бұзылатын» өнімнің 2 пайызға дейіні қоқысқа кетіп, 5 пайызға дейін сапасының төмендеуіне байланысты өз құнынан төмен сатуға тура келеді. Сайып келгенде, бұл сектордағы таза пайда 5-7 пайызды құрайды.

Ет сатушылармен сөйлестік.

Делдалдарға қатысты арыз-шағымдарды ескере отырып, мен базардың басшысы мен иесі Инар Намазбаевадан ("Аманат" партиясынан мәслихат депутаты, экономист, ғылым докторы) өздері мал шаруашылығымен айналысып, тауарын сатып тұрғандарды көрсетуді сұрадым.  Олжас есімді мұндай кәсіпкер табылды. Ағалары бастап, балалары қостаған бүтін бір отбасы, барлығы 15 адам «фазенданы» ұстап отыр екен. Бизнестің табыстылығын бағалау туралы сұрағыма ол пайызды түсінбейтінін, бірақ тірідей 500 мың теңгеге сатылған ірі қара малдың етінен 30 мың теңге пайда алатынын айтты. Яғни, тауар айналымы 250 мың теңге болса, таза табыс небәрі 15 мың теңге болады.

Кондитерлік өнімдер мен сүт сатушыларының табыстылығы бұдан сәл ғана жоғары.

Жалпы, депутат Ерлан Барлыбаев сауалымызда ұсынғандай, мобильді аударымнан түсетін ай сайынғы кірісті бақылау критерийін 1,5 миллион теңгеге дейін көтеру қажет екеніне тағы да көз жеткіздік.

Кешкісін өнеркәсіп, құрылыс, туристік бизнес, жеке білім беру және т.б. салалардағы кәсіпкерлермен кездесіп, ауқымды мәселелерді талқыладық. "Ақжолдың" аға буын өкілі, демпартияның ОҚО бойынша филиалының бұрынғы төрағасы, Шымкент су каналының иесі Анарбек Орман су ресурстарының тапшылығы, суық құбырларын тартудағы (су көзі болмаса да құбырлар тартылатын немесе шығынға алып келетін ескі құбырларды салу жағдайлары т.б.) жемқорлыққа қатысты көзқарастарымен бөлісті.  Оның көпжылғы бақылауы бойынша көрнекі статистика қалыптасады: қаладағы пәтерлерде тұратын отбасылар орташа есеппен тәулігіне 125 литр, жер үйлердің тұрғындары 800 литр су тұтынады. Әрине, ішуге жарамды судың көп бөлігі жер үйлерде пайдаланылады (бақша суару, көлік жуу т.б.), бұл мақсаттарға суару жүйесінің, не техникалық судың бар екендігіне қарамастан.

А.Орман тұтыну нормаларын белгілеп (мысалы, бір адамға сол 125 литр/тәулігіне), ал артығын жоғары мөлшерлемемен төлеу керек деп есептейді.

Осыдан 10 жылдай бұрын Анарбек Оңғарбайұлы ЕҚДБ несиесі арқылы Шымкент қаласының тазарту құрылыстарын толықтай жаңғыртқан, су шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар қызықты ұсыныстары бар. Ол сутазарту нысандарына Индустрия және құрылыс министрлігі мен Су шаруашылығы министрлігінің өкілдерін әкелуді сұрады. Біз осындай диалогты ұйымдастыруға келістік.

Жалпы айтқанда, көптеген мәселелер мен міндеттемелерді мойнымызға жүктеп оралдық.