15
Мамыр

«Қазақтың әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек, әрбір уыс жүн азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» (Әлихан Бөкейхан)

https://t.me/peruash/15996

Кеше елордадағы Asia Park сауда-ойын-сауық орталығында «Ақ жол» демократиялық партиясының қаржылық және консультациялық қолдауымен түсірілген «Алаш және экономика» деректі-драмалық фильмінің тұсаукесері өтті.

Тұрсын Жұртбай (көрнекті алаштанушы), Ержан Шағимолдин (алаштанушы), Сұлтан-Хан Аққұлы (әлихантанушы), Өмірзақ Сұлтанов (ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚазАТУ доценті), Мақсат Халық (экономист), Елдос Сауырқан (тарихшы-зерттеуші) бар.

Серік Жолдасбай жетекшілігіндегі авторлық ұжым беделді алаштанушы ғалымдар – Тұрсын Жұртбай, Ержан Шағимолдин, Сұлтан-Хан Аққұлы, Өмірзақ Сұлтанов, Мақсат Халық, Елдос Сауырқанның қатысуымен, сондай-ақ продюсер Бақытнұр Әлібай, қоюшы режиссер Ералхан Серікпаев және бас редактор Дәурен Дариябектен құралған түсіру тобы Алаш көшбасшылары қызметінің кең аудиторияға бұған дейін беймәлім болып келген жаңа қырын ашты.

Көпшілікке Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы және өзге де тұлғалар ең алдымен саяси қайраткерлер, заманауи білім беру жүйесі мен демократиялық дәстүрдің негізін қалаушылар ретінде белгілі. Алайда С. Жолдасбайдың еңбегінде олардың терең нарықтық реформаларды ілгерілету, ресурстарды тиімді айналымға тарту және экономиканы әртараптандыру жолындағы орасан зор еңбегі жан-жақты ашылады. «Алаш және экономика» фильмі қазақ Ренессансы авторларының Қазақстанның мал шаруашылығындағы табиғи артықшылықтарын пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыруда сол кезеңдегі озық еуропалық тәжірибені зерделеу, өңдеуші салаларды дамыту, өндірістік кооперацияны өрістету (оның қазіргі түрлеріне ЖШС мен АҚ секілді құрылымдар жатады), жеке меншікті нығайту, қаржы секторы мен несие беру мүмкіндіктерін кеңейту, технология трансфері және Қосшығұловтар әулеті секілді қазақ өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің инновациялық жобалар жасауға ұмтылысы туралы көзқарастарын көрсетеді. Олардың бастамалары шоколад фабрикасын ашу мен Zinger тігін машиналарын өндіруден бастап, неміс автомобильдерін құрастыратын зауыт салу талпынысына дейін барған. Алайда, бұл жобаға Бірінші дүниежүзілік соғыс кедергі келтірді.

Фильмге қонақ болған белгілі сарапшылар Алаш Орда басшыларының салық салу, жергілікті бюджеттер және азық-түлікпен қамтамасыз ету салаларындағы саясаты туралы әңгімелейді. Азаматтық соғыстың аса ауыр жағдайында Райымжан Мәрсеков жапон дипломаттарымен келіссөздер жүргізіп, америкалық және қытайлық кәсіпкерлермен коммерциялық келісімшарттар жасаған және т.б.. «Алаш» қозғалысының кейінгі буыны — Қаныш Сәтбаев, Октай Бөкейхан және басқалар 1930-жылдардың өзінде Қазақстанның жер қойнауын зерттеуге және ірі металлургиялық кен орындарын игеруге бастамашы болды.

«Алаш және экономика» фильмі ХХ ғасыр басындағы қазақтан шыққан ұлт көшбасшыларының озық ойлы әрі кең көзқарасты болғанын, халықтың әл-ауқатының экономикалық негізін қалыптастыруға ұмтылғанын көрсетеді. Оның ішінде табиғи ресурстарды зерттеу, озық технологиялар мен инвестицияларды тарту мәселелері де қамтылған.

Осы деректерге сүйене отырып, қазіргі Қазақстан басшылығының тұрақты өсуге ұмтылысы, озық жаңашылдықтарды (соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні) қолдануға ден қоюы — халық пен оның ең таңдаулы өкілдерінің ұлттық мүддені түсінуі мен насихаттауындағы менталдық сабақтастықтың көрінісі деп тұжырым жасауға болады.

Фильмнің тұсаукесері көпшіліктің зор ықыласына бөленді: зал лық толып, көрсетілімге 250-ден астам көрермен жиналды, кейбір адамдардың дәліздерде отырып көруіне тура келді, кейбірі фильмді баспалдақтарға отырып тамашалады. Бір ерекшелігі — көрермендердің көбі бала-шағасымен, отбасыларымен келіп жатты.

Іс-шара соңында Алаш қайраткерлерінің бұған дейін беймәлім болып келген тағы бір қырын ашқаны үшін Серік Жолдасбай мен оның командасына, әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлы мен барлық алаштанушыларға зор алғысымды білдірдім.