25
Ақпан

«Ақжолдықтар» Алматы облысындағы отандық өндіріс орындарында болды

25 ақпан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Азат Перуашев бастаған Республикалық штаб мүшелерінің Алматы облысындағы кездесулері жалғасуда.

Партия жетекшісі мен Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар Алматы облысы Қарасай ауданындағы «KZ Recycling» ЖШС жұмысшыларымен кездесті.

«KZ Rezyzling» ЖШС («Қазақстан Қағазы») – макулатураны қайта өңдеп, қатты картон, гофроқаптама мен қағаз өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі компания. Соңғы бір жылда кәсіпорын бюджетке 20 миллиард теңгеге жуық салық төледі, мұнда 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.


Кәсіпорынның «Ақ жол» партиясымен бұрыннан байланысы бар, 2012 жылдан бері барлық дерлік сайлауларда демпартиядан депутаттыққа үміткерлер қатарында осы компанияның басшылары мен қызметкерлері болды. Биылғы сайлауда да «Ақ жол» ҚДП Алматы қаласы мәслихаттары мен Алматы облысының аудандық мәслихаттарына ұжымның үш өкілін ұсынды.

Кездесу аясында зауыт басшылығы серіктестерді қалдықтарды сұрыптау,  талшықты қалдықтар мен макулатураларды картонға және азық-түлік және басқа да өнімдерге арналған дайын гофроқаптамалар үшін іріктеп, өңдеу жұмыстарымен таныстырды.

Компания басшылығының айтуынша, қалалар мен қоршаған ортаны қоқыстан тазарту жұмыстарына 2021 жылы тоқтап қалған «Эко-Қолдау» мемлекеттік бағдарламасы үлкен серпін берді. Осыған байланысты қоршаған ортаны, қалалар мен ауылдарды қоқыстан тазарту жұмыстары аталмыш бағдарламаның қайта жандануына мұқтаж. Проблемалық мәселелердің қатарында өндіріске тікелей іргелес жатқан жер телімдерін шағын тұрғын үй кешендерінің құрылысы үшін бөліп берген Қарасай әкімдігінің іс-әрекеттері аталды. Зауыт 2001 жылы салынған, алайда, санитарлық талаптарға қармастан, 2019 жылдан бастап зауытқа, оның ішінде өңдеуге әкелінген қоқыстарды жинау алаңына жақын маңда көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Үй тұрғындары қоқыс өңдейтін құрал-жабдықтардың шуы мен жағымсыз иіске наразы болып, қадағалау органдарына жүгінуде, бұл өз кезегінде кәсіпорын жұмысын тоқтату қаупін тудырады. Оралдағы «Кублей» зауытының жағдайы қайталанып отыр.

Партия төрағасы, өкінішке орай, әкімдіктер тарапынан инвесторлардың заңды мүдделерін елемеу, өндірістерді өз аумақтарынан ығыстырып шығару сияқты фактілер үрей туғызатын үрдіске айналып бара жатқанын айтып, бұл мәселені жүйелі шешу үшін үкіметтің алдында көтеруге уәде берді.


Сондай-ақ, Азат Перуашев «Ақ жол» демпартиясы саяси бағдарламасының негізгі тұжырымдарымен таныстырып, еңбек ұжымының қызметкерлерімен әңгімелесті. Кәсіпорын қызметкерлері болашақтарына алаңдап, өз шешімдерімен зауыттың жұмысына қауіп төндірген әкімдіктің әрекетіне наразы.

Сонымен қатар, жемқор шенеуніктердің халықтан жымқырған қаржысын қайтару; БЖЗҚ қызметінің ашықтығы мен шығындылығы, зейнетақы жинақтарын пайдалану; демпартияның партиялық тізіміндегі әйелдердің үлесі туралы сұрақтар қойылды.

Ұжым бірауыздан «Ақ жол» партиясының ұстанымы мен партия атынан ұсынылған әріптестерін белсенді түрде қолдады.

Сол күні «Ақ жол» республикалық штабы Қарасай ауданындағы органикалық тыңайтқыштарды өндіретін отандық «QazVerm» кооперативінің басшылығымен кездесті. Топырақтың құнарлылығының төмендеуі мен эрозиясы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. QazVerm кооперативі биогумус, вермикомпост және басқа да органикалық өнімдерді өндірумен айналысады. Кәсіпорын «Ақ жол» демпартиясына жерлерді қайта құнарлыландыру, жер өнімділігі мен шірінді қабатын қалпына келтіруге мемлекеттік субсидиялар енгізуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді.

Кездесуге қатысқан партия төрағасының орынбасары, Мәжілістің 7-шақырылымындағы Аграрлық комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев бұл мәселені биылғы жылы органикалық өнімдер туралы заң аясында ескеруді ұсынды.