22
Маусым

Германиялық депутат Саския Людвиг Азат Перуашевқа сындарлы диалог үшін алғыс айтып, алдағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты

Германия Бундестагының депутаты Саския Людвиг өз хатында «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашевқа жылы қабылдау, ашық әрі мазмұнды диалог үшін риясыз ризашылығын білдірді.

Неміс парламентарийі жүргізілген келіссөздер партия қызметі туралы құнды мәліметтер алуға, өзара қызығушылыққа ие өзекті мәселелерді талқылауға және болашақтағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын қарастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Біздің әңгімелеріміз маған өте пайдалы әсер қалдырды. Әсіресе жекелеген тақырыптарды және ынтымақтастықтың ықтимал тәсілдерін талқылау мүмкіндігін жоғары бағалаймын», – делінген хатта.

Саския Людвиг, сондай-ақ, Қазақстанға сапары өзі үшін маңызды тәжірибе болғанын және «Ақ жол» демократиялық партиясы жүзеге асырып жатқан жұмыстар һәм жобалармен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергенін тілге тиек етті.

Хат соңында Бундестаг депутаты диалогтың жалғасын табатынына үміт білдіріп, байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында Азат Перуашевті Германияға сапар жасауға шақырды.

Еске сала кетейік, шетелдік серіктестермен партияаралық және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту – «Ақ жол» демократиялық партиясының халықаралық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі.