25
Шілде

Мұқанбетәлі Шалқарбеков облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекпен кездесті

25 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының, облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков, кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібекпен кездесіп, құрылыс жұмыстары, мердігерлердің жауапкершілігі және жобалық-сметалық құжаттағы талаптардың орындалу барысы туралы сөйлесті.

Әңгіме барысында Шу ауданы, Жиенбет ауылында салынып жатқан мектеп құрылысы туралы сөз болды (суретте). Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет елді мекеніндегі ескі білім ошағы 60 жылдан астам уақыт бұрын саман кірпіштен салынған. Тұрғындардың осы проблеманы көтеріп келе жатқанына 20 жылдан асқан. Сондықтан Мұқанбетәлі Жеңісұлы ауыл жұрты үшін жаңа ғимарат құрылысының сапалы жүргізілуін қадағалау маңызды екенін айтты.

Ал Т.Рысқұлов ауданы Малдыбай ауылындағы салынып жатқан жалпы сметалық құны 1 млрд 700 млн теңге құрайтын мектеп құрылысы 2024 жылы басталған. 2025 жылға өтпелі құрылыстың мердігері –«ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС.

«Жаңа оқу жылының басталуына бір ай ғана уақыт қалды. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп, уақтылы пайдалануға берілгені маңызды», - дейді Мұқанбетәлі Шалқарбеков.

Кездесуде облыс көлемінде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы, сапалы жүргізілуі, талапқа сай болуы туралы сөз қозғалды. Салалық бағыттардағы жұмыстарды ұдайы қадағалап, көңіл бөліп отыратын облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек көтерілген мәселелерді назарда ұстайтынын жеткізді.