27
Қазан

Санат жоқ 27.10.2014

Кооперацияны қалай дамыту керек?

Бүгінде ауылды жерде экономикалық өрлеуді қалай жүзеге асыру керек деген сауал әркімді ойлантып жүр. Себебі, жергілікті жерде өндіріс қарқыны баяулап, жұмыс күші де сұранысын жоғалтып бара жатқаны еш жасырын емес. Сосын да болар, ауыл халқының туған ошақтарын тастап, қаланы жағалап жүргені.
Жақында парламенттік партияның бір топ өкілі Ақмола облысының Сандықтау ауданында жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Владислав Косарев, Тұрсынбек Өмірзақов, Жексенбай Дүйсебаев, Борис Сорокиндер болды. Олар ауылдың тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселесіне назар аударды. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының айтарлықтай азая түскеніне алаңдаушылық білдірді.
Осы топтың қатарында болған «Ақ жол» партиясының жергілікті жердегі филиалының басшысы Серік Бейсембаев өз ойымен бөлісті.  Парламенттен келгендерге жергілікті жерде күрмеуі қиын мәселенің жететінін өз сөзіне арқау етті. Мысалы, әлі де болса, басқаның есебінен күн көргісі келетіндер бар екенін еске салды. Мұндай алақан жаюшылық ауыл адамының көсегесін көгертпейді.
Серік Бейсембаевтың тұжырымдары көпке үлкен ой салды. Иә, кооперацияны дамытуды ойлап жүргендер де баршылық. Ең алдымен барлық заңдарды қалыпқа келтіріп, сосын барып, жаңа істі қолға алу керек сияқты.
Бұл бүгінде ақжолдықтардың көтеріп жүрген мәселесі, оны жүзеге асыру үшін мемлекет те ауылда серпіліс болатын бастамаға қолдау білдіруі керек. Ауыл халқы да бұған қуанып қалды, жоғары жақтан келгендер де көп мәселені жандарына түйіп қайтты. Расында, ауылда кооперацияны дамытсақ, жаңағы қалаға шұбырған тұрғындарға тоқтау сала аламыз ба? Бұл да ойланатын шаруа екен?!
Бақыт СМАҒҰЛ,
Ақмола облысы