Байқаудың бас бәйгесін сарапқа салатындар анықталды
2014 жылдың 19 қарашасы, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан қоғамын жаңғыртуда «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын тарату мақсатында «XXI-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын 2012 жылдың күзінде жариялап, жыл сайын өткізіп тұратынын мәлімдеген болатын.
Ағымдағы жылдың қараша айының 15-інде Алматы қаласында биылғы Жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңі болып өтті. Байқауға қатысуға Алаш мұрасына қызығушылық танытып, осы тақырыпта ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы ізденушілер шақырылды. Бұл Алаш арыстарының идеяларын керек ететін жоқтаушылар, оны одан әрі тарататындар, әсіресе жастар арасында көбейе түссін деген ниетпен жасалды. Байқау төрт номинация бойынша, атап айтқанда,
бірінші номинация - «Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы, демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы»;
екінші номинация - «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту»;
үшінші номинация – «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер»;
төртінші -
арнайы номинация: «Жоғарыда аталған кез келген тақырыптар бойынша орыс тіліндегі және басқа Қазақстан этностарының тілдеріндегі үздік зерттеулер немесе жарияланымдар» тақырыптары бойынша қорытындыланып, жарыс жүлдегерлері анықталды.
«Ақ жол» ҚДП төрағасы, Партияның Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматыдағы жалпыұлттық байқаудың кезекті кезеңін кіріспе сөзбен ашып, жалпыұлттық байқауға қатысушы ізденушілерді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Іріктеу кезеңінен өтіп, екінші кезеңге шыққан бәйгеге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтарын тапсырды.
Одан кейін байқауды жүргізу тізгінін қолға алған «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалы жиналған қауымға жазба жұмыстарды екінші кезеңге шығару үшін іріктеуді жүзеге асырған Астанада құрылған Қазылар алқасының өкілі, Алматы қаласы бойынша Қазылар алқасының төрағасы, Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» рухани және мәдени даму институтының директоры, ф.ғ.к., PhD Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіпті, алқа мүшелері: Ш.Уәлихан атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д. Светлана Өтепқызы Смағұлованы және осы институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қайдар Сейсембайұлы Алдажұмановты таныстырды.
Байқауға нәтижесінде
бірінші номинация бойынша: «Алаш қайраткерлерінің ұлттық әскер құрудағы қызметі» атты ғылыми зерттеуімен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты Еркін Рахметуллин және «Ұлттық идеология» туралы жұмысын ұсынған Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының 1-курс магистрантыАбдул Рахманұлы Абдулкәрім;
екінші номинация бойынша: «Алаш» қозғалысының көсемі Ә.Бөкейхан мен оның үзеңгілестерінің ұлттық өндірісті дамыту бағытындағы қызметі» туралы баяндама жасаған Астана қаласындағы физика-математикалық Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, тарих магистрі Ержан Шағимолдин;
үшінші номинация бойынша: «Жақып Ақбайдың серігі - Өскенбай» еңбегіменҚарағанды облысы, Қарқаралы қаласынан жарысқа түскен, социолог Кенжегүл Мәлік пен «Алаштың айтулы азаматы Әнияр Молдабаев» туралы зерттеу жазған Абайдың мемлекеттік қорық-мұражай бөлімі «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» мұражайының аға ғылыми қызметкері Қарлығаш Нұрланқызы Ибрагимова
; төртінші номинация бойынша: «Интеллектуал ХХ века – Нәзір Төреқұлұлы» жұмысымен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инженеринг университетінің студенті Айгүл Қайдарқызы Досымбекова, «Семья Сеитовых: трагические судьбы Алашской интеллигенции и их потомков в эпоху сталинизма» тарихи зерттеуімен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «тарих» PhD докторанты, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы Махаббат Мәлікқызы Қозыбаева және «Этнографическая проблематика в трудах А.Букейхана» ғылыми зерттеуін ұсынған осы университеттің археология және этнология кафедрасының доценті, т.ғ.к. Сұлушаш Рахымжанқызы Құрманова Астанада өтетін Байқаудың финалдық сатысына жолдама алды. «Ақ жол» көшбасшысы олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы тапсырды.
Енді, осы екінші кезеңнен жүлдегер атанғандар Алашорда үкіметі құрылуының 97 жылдығы күні – желтоқсан айының 13-інде Астанада өтетін «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық конференциясында баяндамалар жасап, бас бәйгелерді сарапқа салатын болады.
Жалпы Алматы қаласында өткен байқау Алаш зиялыларының мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу және оны қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына тарату, соған жұрттың, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту болып табылатын өзінің негізгі мақсатын орындады. «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев «осыдан екі жылдан астам бұрын «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауды жариялап, Алашқа қатысты басқа да шараларды іске асыру бағытын, өзімізге бағдар етіп алғанымыздың дұрыстығына, тағы да көз жеткізіп отырмыз», - деді. Н.Ә.Назарбаевтың жақында жарияланған Жолдауында тарихи тағзымның да Мәңгілік ел деген ұғымға сыйып тұрғанын атап өткенін айта келіп, Мемлекет басшысының Жолдауынан келесі дәйексөз келтірді: «Отанды сүю – бабалардан қалған мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз». Осы шараны ұйымдастырушыларды білім, ой жарысына қатысқандардың және аудиторияға жиналғандардың көпшілігі жастар болғандығы, олардың Алаш мұрасына қызығушылығы қуантты. Алаш арыстарының идеяларын керек ететін жоқтаушылар, оны одан әрі тарататындар келешекте де табыла беретініне үміт ұялатты.
Жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңіне байланысты жиынға «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасарлары Қазыбек Иса мен Ерлан Барлыбаев, «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов, «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков, «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесі төралқасының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов, Астанадан, Алматыдан, республиканың әр жерінен келген байқауға тікелей қатысушылармен қатар зиялы қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.