02
Сәуір

Санат жоқ 02.04.2014

«Ақ жол» партиясы мемлекеттің қатысуымен жаңа кәсіпорындар құруға мораторий енгізуді ұсынады

2сәуір 2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» партиясы мемлекеттің қатысуымен жаңа кәсіпорындар құруға мораторий енгізуді ұсынады – бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында Екатерина Никитинская «Ақ жол» фракциясының Премьер-министр Серік Ахметовтың атына тиісті депутаттық сауалды жария етті.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050' Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында:  «Бізге кең ауқымды жекешелендірудің екінші толқыны қажет... Біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін соған баруымыз керек. Жеке бизнес әрқашан және барлық жерде мемлекеттен гөрі тиімдірек әрекет етеді. Сондықтан біз стратегиялық емес сипаттағы кәсіпорындар мен қызметтерді жеке қолға беруге тиіспіз. Бұл – отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін аса маңызды қадам» - деп көрсетілген дейді сауалда. «Ақ жол» фракциясы Мемлекет басшысының бастамасын және осы бағыттағы ҚР Үкіметімен қабылданатын күш-жігерін толығымен қолдайды, себебі бұл біздің елімізде бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар және бәсекелестік алаң құруға мүмкіндік береді».

«Сонымен қатар, осы кең ауқымды жобаны жүзеге асыру кезінде, бұл жекешелендіру экономикада мемлекеттің үлесін төмендетумен тікелей байланыста болуы тиіс екенін ескеру қажет. Олай болмаған жағдайда мемлекеттік органдар, бір кәсіпорынды сата отырып, сонымен қатар бұрынғының орнына басқасын құруы мүмкін», - екеніне «Ақ жолдың» депутаттары сенімді.

Олар өздерінің қауіптенулеріне толық негіз бар деп есептейді, себебі қолданыстағы заңнамада жекешелендірудің екінші толқынына кіретін салаларда жаңа коммерциялық заңды тұлғаларды құруға тыйым салатын нормалар қарастырылмаған.

Олардың пайымдауынша, бұл жағдай Мемлекет басшысының тапсырмаларының тиісінше орындалмауына әкелуі мүмкін. Сондықтан, тек мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру емес, сонымен бірге осы кәсіпорындар орындаған қызметтердің өзін де бәсекелестік ортаға беру туралы мәселе қойылып отыр.

Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттары министрліктерде, ведомстволарда және әкімдіктерде, жекешелендірудің екінші толқынына кіретін кәсіпорындар қызметінің салаларында жаңа заңды тұлғаларды құруға мораторий енгізуді ұсынады.

«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыру бойынша жұмыстарын жалғастыра береді.