14
Желтоқсан

Санат жоқ 14.12.2015

ЕЛ мен ЕРДІҢ ЕРЕКШЕ БЕЙНЕСІН ЖЫРЛАҒАН МҮШӘЙРА

«Ақ жол» партиясының ұйымдастырған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» атты халықаралық жыр мүшәйрасы рухымызды көтерген зор шара болды

 
 
Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің орталығы болып саналатын ару қала Алматының қақ ортасында орналасқан қарашаңырақ Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстан демократиялық «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ел мен Ер» атты халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті. Салтанатты рәсімге әдебиет жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, студент жастар мен еліміздің көптеген аймақтарынан келген қонақтар қатысып, тамашалады. Жазушы Бейбіт Сарыбай жүргізген мүшәйрада талантты өнерпаздар, қобызшы Ботагөз Меңлібаева, әнші Әкімбек Асқар әсем ән мен тәтті күйден, ақын-жырау Бөрібай Оразымбет жырдан шашу шашты. Жыл басында жарияланған жыр бәйгесіне еліміздің барлық аймақтарымен қоса Қытай, Моңғолия және өзге де алыс-жақын шетелдердегі ақын қандастарымыз қатысуға мүмкіндік алды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, балауса жырларын ұсынған жастардан бастап, аты әйгілі ақындарға дейін бақтарын сынады бұл додада. Он ай бойы үздіксіз келіп түскен шығармалар легінде шек жоқ. Халықаралық деңгейдегі аталмыш мүшәйра еліміз кеңінен тойлап жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі аясында өтіп отыр.
 
«МЕМЛЕКЕТТІГІ ЖОҚ ХАЛЫҚ – ЖЕТІМ…»
 
«Мемлекеттігі жоқ халық – жетім, жетекшіл халық!» – деген екен кезінде «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрып, оған жетекшілік жасаған, халқымыздың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхан. Алаштай аты әлемге әйгілі халықтың тарихын бұрмаламақ болғандар «Қазақтарда шекара, мемлекеттілік ешқашан болмаған» деген құйтырқы көзқарастан туындаған қисынсыз пікірлерін де айтып қалған кездер болды. Олар өздерінің тарих атты түпсіз теңіздің тобықтан келер таяз жерінен әрі аса алмайтындықтарын ғана көрсетті. Бағзыға бармай-ақ, бертінгі қазақ хандығының құрылғанына да бесжарым ғасыр өткені осының айғағы. Құдайға шүкір, біз жетім емес, жетілген ұлтпыз, алдымызда өткен абыройы асқақтаған, Ұлы даланы емін-еркін жайлаған Алаштың ұрпағымыз! Бүгінде Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан, төрткүл дүниедегі қауымдастықтың қақ ортасынан ойып тұрып орын алған, күш-қуаты ешкімнен кем емес, өзгелермен терезесі тең мемлекетпіз. Бұл туралы осы салтанатты рәсімді ашқан «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев жан-жақты айтып өтті.
Алыс та жақын Алаш! Алыс дейтініміз, тарихы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Ата-бабаларымыз жүріп өткен өмір соқпақтары тым ауыр, бұралаң болды. Адам айтқысыз алмағайып кезеңдерді басынан өткерді. Қанша қатерлі де қаралы кезең болмасын елін, жерін сыртқы сұғанақ жаулардан сақтап, Мәңгіліктің отын маздатып, ұрпақтар жалғастығын үзбей бүгінгі күнге әкеліп жалғай білді. Жақын дейтініміз еркіндікті аңсаған ата-бабаларымыздың басты арманы орындалып, Тәуелсіздіктің туын көтерген Қазақ елі қайта түледі. Етек-жеңін жинап, шекарасын бекітіп, дербес мемлекет екенін мойындатты әлемге. Ақтаңдақ тұстары аршылып, қасиетті, қойнауы байлыққа толы кең байтақ жерді мекендеген рухы биік, өр халықты көреалмаушылар мен басқыншылар құпиялап, қара жерге көміп тастамақ болған тарихы қайта жаңғырып жатыр. Мәңгілікке бағытталған сара жолды салып берген сол арыстарымызды ардақтау кейінгі үрім-бұтақтарының алдындағы үлкен парыз. Оны өтеудің бір жолы – басқыншылыққа негізделген кеңестік көзқарасты жойып, тарихымызды жаңа тұрғыдан таразылап, өткен Алаш арыстарының есімін қайта жаңғыртып, бабалар ерлігін жас ұрпаққа үлгі ете насихаттау болып табылады. Бұл бағытта аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Халқымыз биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын кеңінен атап өтуде. Ұлы даланың төл ұлтын ұлықтаған ұлы мерекесі Астанадан бастау алып, еліміздің бар аймағында лайықты аталып, тарихы тұнған Тараз төрінде тойланды. Қазақстан Жазушылар одағының дәп осы Әдебиетшілер үйінде «Алаш тарихының ақиқаты» атты аламан әдеби бәйгенің жеңімпаздарын марапаттау салтанатына да куә болдық. Әртүрлі жанрда жазылған үздік шығармалар тарихымызды көркем тілмен кестелеп, төл әдебиетімізді толықтыра түскенін алдымен атап өткеніміз жөн. Алаш тарихының жоғалған әрбір түйірін тырнақтап жинаған тарихшыларымыз да тер төгіп, аянбай еңбек етуде. Ұлт, тарих пен тіл тағдыры туралы, «Ақ жол» партиясының саяси-қоғамдық аренадағы рөлі мен ұлт мүддесі жолындағы ерекше еңбегі жайлы әйгілі ақын, Тәуелсіз «Тарлан-Платина» сыйлығы лауреаты, мүшәйраның Әділқазылар алқасының төрағасы Исраил Сапарбай, ҚР ҰҒА академигі, республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеев, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді және басқа да зиялы қауым өкілдері кеңінен әңгімелеп берді. «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығана арналған медальдармен Алаш арыстарын насихаттаудағы еңбектері үшін бірқатар тарихшылар, ғалымдар, жазушылар, журналистер марапатталды. Оны «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Қазақстан Тарихшылары қауымдастығы төрағасы Мәмбет Қойгелді салтанатты түрде табыстады.
 
АЛАШ ПЕН «АҚ ЖОЛ»  БІР ҰҒЫМҒА АЙНАЛДЫ
 
Әрбір халықтың, әрбір ұлттың өзіндік тарихы мен жүріп өткен жолы болары хақ. Ол түрлі трагедияға немесе өрлеу мен өрістеуге толы болары да заңдылық. Тамыры тарихтың тереңіне кеткен қазақ ұлты да солардың бірі. Тағдырдың түрлі соқпақтарынан сүрінбей, сүрінсе де жығылмай өткен қазақ ұлты тәуелсіздікке қол жеткізіп, азат Алаш атанып отыр. Оның бәрі өткен ата-бабалар ерлігінің, солардың еңбегінің арқасында болғаны белгілі, олай болса оларды ұмытуға біздің ешқандай қақымыз жоқ. Солай болып жатыр да, қазір біз тарихымызды қайта таразылап, Алаш ақиқатын аршып, жарыққа шығарудамыз. Оған әрбір адам, әрбір ұйым өз үлестерін қосып келеді. Бұл ретте «Ақ жол» партиясының жөні мен жолы бөлек дер едік.
Әділін айтсақ, бүгінгі күні Алаш пен «Ақ жол» бір ұғымға айналды десек артық емес. Партия өзінің бағдарламасында елімізде ұлттық ұстаныммен демократиялық қоғам құру қағидасын қабылдап, өздерін Алаш партиясының ізбасарлары екенін жариялаған және сол бағытты берік ұстанып келеді. Партия атынан Алаш арыстарын ардақтау шаралары туралы түрлі ұсыныстарды депутаттық сауалдар арқылы билікке жеткізушілердің бірі болып отыр. Бәрін айтпай-ақ, соңғы әлемдік деңгейде аталып өткелі отырған Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын елімізде лайықты, өз дәрежесінде өткізу туралы пікірін алға тартсақ та жетіп жатыр. Оған қоса, Алаш арыстарының өмірін зерттеу үшін ұйымдастырылған экспедициялар да үлкен нәтиже берді. «Ақ жол» партиясы тарих ақтаңдақтарын ашу үшін ғылыми мекемелермен бірлесіп түрлі конференциялар өткізуге мұрындық болып жүр. «Қазақ үні» газеті де дәп осы жолғыдай ауқымды болмаса да жыр мүшәйраларын жиі өткізеді. Осының бәрі қоғам үшін, ұлт үшін аса қажет іс-қимылдар екенінде дау жоқ.
 
  
 
Мысалы, осы мүшәй­раның марапаттау рә­сімін­де сөз сөйлеген белгілі жазушы-драматург ДулатИсабеков:



«Менөзім «Ауыл» партиясыныңқатарындамын. Жалпы, бізде партиялар жетерлік. Бірақ, дәп осы «Ақ жол» партиясы сияқты Алаш идеяларын шынайы да қызу қолдап, ұлттық ұстанымға берік болып отырған бірде-бір партияны көріп отырған жоқпын. Бұл атқарылып жатқан шаралардың бәрі ұлт үшін өте қажет, болашағымызды, жастарымызды тәрбиелеуде өте зор маңызы бар»деп баға бергені де сондықтан болар.
 
ЖҮЙРІКТЕР  ЖЕТТІ МӘРЕГЕ
 
Мүшәйра – жыр жарысы. Оған бәйге жариялап жататынымыз да жарасымды. Бәйгеге балауымыз да тегін емес. Тұспалдап та, астарлап та, салыстырып та ойды көркемдеп жеткізе алатын қазақ тілінің байлығын осыдан-ақ көруге болатын шығар. «Өлең – сөздің патшасы…» дегендей, поэзияның жөні мүлдем бөлек. Қиыннан қиыстырылып, небір сөз жауһарлары жарқырай түседі. Бір өлеңнен бір өлең оза шауып, санамызды дүбірге бөлеп, жүрек дүрсілімен ұласып жатады. Жыр да жарысқа қосар жалын желмен жуған тұлпармен бірдей. Оны да баптай білу керек. Сонда ғана мыңдаған оқырманының ойынан орын алып, жүрегінде жатталып қалады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді халық даналығы. Бұл жолғы мүшәйраға қатысушылар саны аз емес, тіпті, көп десек те болады. Осының өзі бұл шараның маңызын, таңдалған тақырып қалам ұстаған қауымның көңілінен шығып, жыр додасына тәуекел етуіне басты себеп болған сияқты. Кең байтақ еліміздің барлық аймақтарынан, тіпті, шетелдегі ақындарымыз да атсалысты. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, белгілі ақын Исраил Сапарбай бастаған қазылар алқасына (мүшелері Серік Тұрғынбекұлы,  Қазыбек Иса,  Дархан Қыдырәлі) жүлдегерлерді анықтау да оңай соқпаған секілді. Шығармаларын жолдаған әрбір ақын өзінің Қазақ хандығының 550 жылдық ұлттық мерекеге, Алашқа деген жүрекжарды жырларын ұсынғанын ескерсек, жүйріктерді анықтау қиын екені де түсінікті. Жарыстың аты – жарыс, қайткен күнде де оның жеңімпазы анықталуы қажет. Ал ондай жеңімпаздар аз болмады. Бұл аталмыш мүшәй­раның жоғары деңгейін байқатады. Сондықтан додаға қатысқан 156 ақынның 568 шы­ғар­масының ішінен 25 ақынға жүлде берілді. Яғни, көлемі мен көркемдігі жағынан биылғы мүшәйралардың ең үлкені деуге болады.
Бас жүлде  қазылардың ұйғарымымен белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың 


«Қаратаудың   басынан», «Ұлытау» толғауларына берілді. Хан Керей атындағыаталмыш жүлденің көлемі бір миллион теңгеніқұрады. Әрине, бұл көрнекті ақынның бірінші жүлдесі емес екенін білеміз, талай жыр жарыстарында топ жарған-ды. Әйтсе де соңғы 15 жылда мүшәйраларға қатыспаған екен. Алдында айтқанымыздай Қазақ хандығының 550 жылдығы еріксіз қолына қалам ұстатқанға ұқсайды. Айта кетерлігі, Ғалым Жайлыбай осы алған жүлдеге тиесілі қаржыға екі жас ақынның жыр жинақтарын шығаратын ниетін жиналған жұрт алдында жария етті. Ақынның жас дарындарға деген жанашырлығын, ағалық қолдауы мен қамқорлығын құптаған қауым «Жарайсың!» деп қол соқты. Шынында да, бұл өзгелерге үлгі болатындай үрдістің басы болғай!
Жәнібек хан атындағы жеті жүз мың теңгелік бірінші жүлдеге «Бөгенбай батыр туралы жыр», «Қомыз абыздың Жонон қарасы немесе бабалар рухына тағзым» және т.б. жырлары үшін астаналық белгілі ақын Азамат Тасқараұлы 



ие болды. Қасым хан атындағы екінші орынға Моңғолияның Баян Өлгей өкілі «Жарқа жебе» жыр топтамасы үшін Сұраған Рахметұлы көтерілді. Оның қанжығасына жарты миллион теңге байланды.Тәуекел хан атындағы үшінші жүлденіҚостанай қаласынан Серікбай Оспанов«Бөгенбай батыр», «Хан Кене», «Тұрсынбай батыр» дастандары үшін және Есім хан атындағы үшінші жүлдені «Мөде қаған» балладасы мен топтама жырлары үшін алматылық Нұрлан Әбдібек иеленді. Жүлде көлемі 300 мыңнан.
Бас жүлделерден басқа ақындарға арнаулы сыйлықтар берілді. Көлемі жүз мың теңгеден тұратын тағы да 20 сыйлық табысталды. Арнаулы сыйлықтарға ие болғандар:
 
1. Әз-Тәуке хан атындағы сыйлық – Талғат Ешенұлы (Астана қаласы)

2. Хақназар хан атындағы сыйлық – Еркін Алаш (Астана қаласы)

3. Салқам Жәңгір хан атындағы сыйлық – Әлия Дәулетбаева (Атырау облысы)

4. Абылай хан атындағы сыйлық – Ырысбек Дәбей (Алматы қаласы)

5. Қазтуған жырау атындағы сыйлық – Бауыржан Қарағызұлы (Астана қаласы)

6. Жиембет жырау атындағы сыйлық – Қуаныш Талап (Батыс Қазақстан облысы)

7. Бұқар жырау атындағы сыйлық – Гүлімай Әбішқызы (Ақтөбе қаласы)

8. Ақтамберді атындағы сыйлық – Назгүл Бердіқожа (Қызылорда қаласы)

9. Кенесары хан атындағы сыйлық – Талапбек Тынысбек (Алматы қаласы)

10. Қарасай батыр атындағы сыйлық – Сағыныш Намазшамова (Талдықорған қаласы)

11. Алатау батыр атындағы сыйлық – Бауыржан Әлқожа (Алматы қаласы)

12. Бөгенбай батыр атындағы сыйлық – Байғозы Серік (Ақмола облысы, Ерейментау ауданы)

13. Қабанбай батыр атындағы сыйлық – Динара Мәлік (Алматы қаласы)

14. Ер Жәнібек батыр атын­дағы сыйлық – Көбен Асқар (Қытай, Алтай қаласы)

15. Райымбек батыр атындағы сыйлық – Ахат Әшуұлы (Астана қаласы)

16. Қожаберген жырау атындағы сыйлық – Гүлбақыт Хасенова (Алматы облысы)

17. Үмбетей жырау атындағы сыйлық – Балтабек Нұрғалиев (Атырау қаласы)

18. Мағжан Жұмабайұлы атындағы сыйлық  – Батырхан Сәрсен (Түркістан қаласы)

19. Ілияс Есенберлин атын­да­ғы сыйлық – Жанатбек Тұр­ғын­байұлы (Жамбыл облысы)
 
Бұған қоса ұлт мүддесі мен Алаш тақырыбын тұрақты көтеріп келе жатқан республикалық «Қазақ үні» газеті деӘлихан Бөкейхан атындағы өзінің арнайы жүлдесін тағайындаған болатын. Бұл жүз мың теңгелік арнаулы жүлдені алматылық ақын Төлеген Меллат жеңіп алды. Арнайы сыйлықты «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері,  «Қазақ үні» газетінің президенті, көрнекті ақын Қазыбек Иса өз қолымен табыс етті.
Иә, жылға жуық жалғасып, жалпақ жұрттың кеудесін дүбірге бөлеген жыр додасы да мәреге жетті. Жырсүйер қауым, жүрегі Алаш деп соққан қазақ халқы үлкен бір мерекенің, айтулы шараның куәгері болып, бір жасап қалды. Жүрекке жылы тиер жыр ғана емес, ата-баба өмірінен сабақтап сыр тартқан тарихтың да жаңа бір қырлары ашылғаны анық. Бұл жолы да жыр мүшәйрасы үздік шығармалар арқылы өзіміздің төл әдебиетімізге жаңа бір серпін беріп, қоржынын толықтырғанын да айта кетейік. Мәселе бір ғана жүлде көлемінде емес шығар, оның маңызында болар. Байқап отырғандарыңыздай жиырма бес жүлденің бәріне қазақ хандары мен батырлары, жырауларының, атақты Алаш азаматтарының аты берілген. Осының өзі әрбір ақынды арқаландырып, жаңа жыр жазуға жетелейді деп сенеміз. Жүлде алған-алмағанына қарамастан аталмыш мүшәйраға қатысқан жүздеген ақындарымыздың бәрін ата-баба рухы қолдап, қаламдарына қуат берсін деген шынайы тілегімізді білдіргіміз келеді.
 
ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМ  БІЗДІҢ БАСТЫ ҰРАНЫМЫЗ БОЛУ КЕРЕК 
Аталмыш мүшәйраның ұлт үшін берері көп деп айтып жатырмыз. Ал, ұлт мәселесі бір ғана саясатпен, бір ғана экономика немесе тәуелсіздікпен шектелмейтіні белгілі. Оның басқа да аса қажет тұстары жетерлік. Ұлт болған соң оның мәдениеті, әдебиеті, тарихы да төрт бұрыштың бірінде тұруға тиісті. Қазақи салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, ұлттық ерекшеліктерімізді өзгелердің алдында паш ету де маңызды іс. Соның бәрін кешегі күнге қарап, ата-бабалар салып кеткен озық дәстүрлерден іздемеске болмайды. Өйткені ол кешегісіз бүгін, бүгінсіз ертеңгі күн болмайтынындай, ешқандай дау туғызбайтын ақиқат. Жасыратыны жоқ, Батыс деп далбалақтап кететін кездеріміз де бар ғой. Айтулы Батыстың мақтаулы жетістіктерінің бәрі бірдей біздің ұлттық жаратылысымызға сай келе бермейтінін де ескерген ләзім. Міне, осы тұста біздің әдебиетіміз бен өнеріміз көмекке келу керек. Ол үшін осы аталмыш саланы дамытуға баса көңіл бөлгеніміз абзал. Материалдық қана емес, рухани байлықтарымызды бағалай білгеніміз, соны бойымызға сіңіре алғанымыз дұрыс. Дәп осы жерде осы салтанатты рәсімде академик 
Өмірзақ Айтбайұлы ағамыздың: 
 «Алаш арыстарының есімін жаңғырту – жақсы іс. Сол арыстарымыз тек қана саясатпен ғана айналыспаған, ұлтының білімін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін жетілдіруге бірінші кезекте көңіл бөлген. Біз ұлттың алғашқы белгісі болып табылатын бір ғана тіл мәселесін шешуді шегіндіріп, кешеуілдеп келеміз. Тілсіз ұлт та жоқ екенін біздің шенеуніктер ескере бермейді. Мысалы, осы Азат Перуашев пен Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа «Ана тілін қашан жетік меңгересіңдер?» деп ескерту жасаған кезім болған-ды. Олардың екеуі де маған уәде беріп, айтқанында тұрды. Қазір олар ана тілінде еркін сөйлеп, қазақша баяндамаларын да жап-жақсы жасап жүр. Жоғары лауазымды өзге шенділер осы екі азаматтан үлгі алуы керек» деген ризалық білдірген пікірі орынды болды. Әрине, ұлттық идеялар мен ұстанымымыз мүлдем жоқ деп аузымызды құрғақ шөппен сүртуге болмас. Дәп біздің көк дөнендей жүйрік көңіліміздегідей болмаса да, ілгерілеушілік бар. Жақында ғана қазақтың ұлттық айтыс өнері әлемдік деңгейде танылып, ресми түрде тіркелгені мәлім. Біз бар жағынан дамыған халық болуға тиістіміз. Бірақ, бір нәрсе анық, қанша жерден дамып кетсек те өзіміздің ұлттық ұстанымымызды ұмытпауға міндеттіміз. Ол бізді адастырмас бағдаршамымыз іспеттес жарқырап тұруы керек.
Зейнолла АБАЖАН
qazaqun.kz
«ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ» МЕДАЛЫМЕН МАРАПАТТАЛҒАН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ
Исраил Сапарбай. Ақын, Тәуелсіз “Тарлан-Платина” сыйлығы лауреаты
Дулат Исабеков. Жазушы-драматург. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Бексұлтан Нұржекеұлы. Жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты
Өмірзақ Айтбайұлы. Ғалым, Ұлттық Ғылым академиясы академигі
Рафаэл Ниязбек. ақын, Шешенстанның халық қаһарманы, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Серік Тұрғынбекұлы, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты
Марат Тоқашбай. “Президент және халық” газеті бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Талас Омарбеков, тарих ғылымының докторы, профессор
Әлібек Асқаров, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Бақыт Сарбалаұлы, сыншы, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты
Кенжеғали Мыржықбаев, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
Қали Сәрсенбай, “Алматы ақшамы” газетінің бас редакторы
Сағатбек Медеубек, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымы докторы, профессор
Қазыбек Иса, Ақын,  «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері
Шарафиддин Әмір.  жазушы, “Егемен Қазақстан”  газеті бөлім редакторы
Бауыржан Жақып, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор
Қадірбек Құныпияұлы, ақын, “Ан-Арыс” баспасы бас редакторы
Құлтөлеу Мұқаш. “Қазақ үні” газеті бас редакторы
Дәурен Қуат, жазушы, “Абай.кз” порталы бас редакторы
Әсет Мырзаев. Денсаулық саласы үздігі, ел ағасы
Зейнолла Абажан. “Қазақ үні” газеті бас редакторының орынбасары
   Әлімжан Сабыржанұлы – “Қазақстан” ұлттық арнасы “Апта.кз”  бағдарламасының авторы.Астана қ.
Берік Бейсенұлы. “Айқын” газеті бас редакторының бірінші орынбасары
Жайна Сламбек – тележурналист
Өміржан Әбдіхалық, жазушы, “Абай.кз” порталы шеф редакторы
Серік Жолдасбай – Қамшы.кз
Геройхан Қыстаубаев, ұлт патриоты, қоғам қайраткері
Ауыт Мұқибек – журналист, зерттеуші. Астана қ.
Берік Абдіғали – тарихшы, саясаттанушы
Сәбит Байдалы – Ақ жол ҚДП-ның орталық кеңесінің хатшысы
Максим Рожин – теледиктор
Нұрлан Хавдай – Хабар арнасының редакторы. Астана қ.
Нұрсерік Жолбарыс – Бақ.кз
Жандос Байділда – Ел.кз
Еділ Анықбай – қазақ радиосы және т.б.
 
 
Жырсүйер қауым