Құқықтық қадамдар қажет
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық үдеріс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша азаптауға қарсы ұлттық сақтандыру тетігіне қатысушылар тобының жетекшісі.
«Ақ жол» партиясының атынан Өскемен қаласы мәслихатының депутаты кандидаттығына тіркелген Қуат Қажымұқанұлы ел келешегі жергілікті өзін өзі басқару органдарын дамытуға байланысты екендігін айтады.
– Мәслихат – жергілікті өзін өзі басқару органына жатады. Еліміз жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыта отырып, өркендеуі тиіс. «Қазақстан-2050» Стратегиясында өкілеттіктердің басым бөлігі жергілікті өкілдік органдарға берілетіндігі көрсетілген. Бүгінде жергілікті мемлекеттік басқару қызметін шектеу, жергілікті өзін өзі басқару органдарының меншігі мен бюджетін қалыптастыру, ауылдық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірліктерді жандандыру мәселелері жүргізіліп, жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бұл – біртіндеп дамытуды қажет ететін өзекті мәселе. Өскемен қаласында көп жылдар бойы жергілікті өзін өзі басқару комитеті жұмыс істеп келеді, – деді Қ.Рахимбердин.
Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық моделін құруда озық елдердің тәжірибесін ескерген жөн. Былтыр бір топ әріптестерімен Германияның Берлин мен Дрезден қалаларында болып, көптеген мәселелерді тиімді шешу жолдарымен бірге жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру тәжірибесімен қанығып қайтқанын жеткізді. Бүгінде неміс қалаларындағы оңтайлы шешімдер моделі облыс орталығына да енгізілуде.
Қуат Қажымұқанұлы жастар арасында отаншылдық тәрбиені арттыру, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру сынды мәселелерге де тоқталды. Бұл ретте, облыс орталығында жастар арасында орын алатын қылмыс пен оның себептері, салдарлары және қылмыстан сақтандыру мәселелеріне нақты зерттеу жүргізгенін атап өтті. Соңғы ширек ғасырда 14-29 жас аралығындағы жастар арасында орын алатын қылмыстың негізгі себептерін анықтаған сирек зерттеу жұмыстарының бірі болғандықтан, оның қорытындылары өңірдегі ішкі істер мен прокуратура органдарының назарына алынды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».