ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев Маңғыстауда
14 ақпан 2014 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі.
14 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев киелі Маңғыстауда болды. Елбасы аманатын арқалап келген мәжіліс депутаты бірден ауыл-аймаққа бет бұрды.
Алғашқы сапары Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында өтті. Түпқараған ауданының әкімі Т.Асауовтың қабылдауында болып, тұрғындармен кездесті.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып, «Ақ жол» партиясының бағытын түсіндірді.
Кездесуге келген тұрғылықты тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді.
Дәл осындай кездесулер Жыңғылды және Таушық елді мекендеріне бару сапарымен жалғасты.
Жалпы кездесуде ауыз су тапшылығы, бала-бақша жетіспеушілігі, мектеп жасындағы балаларға арналған оқулықтардың олқылықтары, мемлекеттік сатып алу заңдарына өзгеріс енгізу, шағын және орта бизнес, жұмыссыздық және бұдан басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелер көтерілді.
Содан кейін Алмас Тұртаевел бірлігінің символы болған Отпан тауға табан тіреді. Мұнда ел іргесіне жау тиген жаугершілік заманында басына көтеріліп, от жағып белгі берген. Оны көрген батырлар келісімді жерге жиылып, бас біріктіріп, жауға соққы беріп, туған жерін жау қолынан аман алып қалып отырған.
Мәжіліс депутаты А.Тұртаев Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тауға көтеріліп, ата-баба рухына құран бағыштады, тарихи-өлкетану мұражайын аралады.