Депутат – халықтың тілі
Биыл еліміз жергілікті мемлекеттік басқарудың құрамдас бөлігі, жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың құрылғанына 22 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында жергілікті мәслихаттағы депутаттар халық пен билік арасында дәнекер болып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аянбай қызмет етуде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің қол жеткізген жасампаз жетістіктерін саралаумен қатар, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отандастарымызды жаңа межені бағындырып, жаңа мақсаттарды орындауға жігерлендіріп отыр. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына да үлкен жауапкершілік жүктелген. Солардың бірі Алматы қаласының мәслихатына сайланған «Ақ жол» Демократиялық партиясының өкілі Федор Констанинов.
Константинов Федор Алексеевич 1965 жылдың 2 маусымында Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысының Каттакурган қаласында туылған. Ол орта мектепті аяқтаған соң 1982 жылы Кеңес Одағының Маршалы И.С. Конев атындағы Алма-Ата жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін бітіреді. Сөйтіп, 1987 жылы училищені бітірген соң, сол училищеде взвод командирі болып тағайындалған. 1990 жылдан бастап рота командирі қызметін аға лейтенант шенінде атқарған. 1994-2000 жыл аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 2000 жылдың тамызынан бастап «Эталон» Жөндеу-құрылыстық кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып тағайындалды. 2006 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Экономика және басқару» мамандығын үздік дипломмен аяқтайды. Мемлекеттік марапаттары, құрметті атақтары: Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Алғыс хаты (2014ж.), мерей тойлық медальдары «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» (2015ж.). 2015 жылы «Общественное Призвание 2014» Халық премиясының «Кәсіби жетістіктер» лауреаты, 2015 жылы «Қазақстан Республикасы Сенатының» грамотасының иегері.
«Жалпы, депутат дегеніміз – халық қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жетеді. Халықтың бүгінде өзіндік көзқарасы бар,саяси сауатты, бәрінен хабардар. Елдегі оқиғаны жақсы біледі. Шын мәнінде депутаттың жұмысында қиындық өте көп. Өйткені, арбаны да сындырмау керек, өгізді де өлтірмеу керек. Негізделіп келген нәрселерді тәжірибе жүзінде қолданып, халықтың көңілінен шығуымыз қажет. Екеуін де жымдастырып, бірдей етіп шығару оңай мәселе емес. Ал, халықтың сенімі деген – үлкен жауапкершілік» – дейді, халық қалаулысы Федор Константинов.