«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі. 2017 жылдың 3 ақпаны
Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Дмитрий Васильев және төраға орынбасары Ерлан Ақжолов Алматы қаласындағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында болды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын талқылау мақсатында аталмыш мекеменің профессорлар құрамының қатысуымен келелі іс шара болды. Жиын барысында халық қалаулысы Екатерина Никитинская аталмыш мекеме ұжымының алдында Мемлекет басшысының Үндеуіне де тоқталып кетті. Өз сайлаушыларымен пікір алмасқан депутат Елбасының Үндеуі демократиялық даму жолындағы тарихи шешім болғанын ерекше атап өтті.
«Қазір еліміздің барлық өңірлерінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Үндеуі қызу қолдау тауып, талқыланып жатыр. Елбасы Үндеуде конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіп, қазіргі мемлекеттік басқару жүйесін жаңартатын кездің келгенін айтып, мұндай қадам заман талабынан туындап отырғанын жеткізді. Шындығында, ең алғаш Тәуелсіздік алған жылдарда бізге президенттік басқару тетігі қажет болған еді. Оның нәтижесінің қандай болғанын біз көріп отырмыз. Жиырма бес жыл ішінде біз әлемнің ең алпауыт мемлекеттерімен теңесетін мемлекеттер қатарына кірдік. Бәсекеге қабілетті Қазақстанға айналдық. Осынау табысқа толы 25 жылдан соң біз жаңаша қадам басып, жаңа дәуірдің есігін ашқалы отырмыз. Аталған бұл қадам Парламент пен Үкіметке үлкен жауапкершілік, сенім жүктеп отыр» – деп, депутат Екатерина Никитинская өз ойын ортаға салды. Жиын соңында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Болат Баймаханов клиниканың тыныс тіршілігімен таныстырып шықты. «Өткен жылы біздің клиникада бауырды трансплантациялау бойынша 155 ота жасалған, соның ішінде 11 ота бір жасқа толмаған сәбилерге жасалды. 720 бүйрек трансплантацияланған. Бүгінде жүрек – қантамырлары ауруларына заманауи хирургиялық тәсілдер қолданылады. Пластикалық хирургияға да біз жаңа әдістерді қолдана отырып, науқастардың мүгедек болып қалмауын жалпы өмірлерін сақтап қалу үшін бар күшімізді саламыз» - деп, клиника директоры Болат Баймаханов ағынан жарылды.