Депутат Меруерт Қазбекова Ақмола облысының сайлаушыларымен кездесті
5 мамыр 2014 жыл, «Ақ жол» ҚДП-ның Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова көшпелі сессия аясында Ақмола облысында болып, жергілікті жердің жағдайымен етене танысты. Алдымен облыс орталығы – Көкшетау қаласында «Даму» қорының бағдарламасы негізінде қаржыландырылатын бірқатар кәсіпорындарды аралады.
Полиэтилен және пластикалық қалдықтарды өңдейтін цехтың ашылғанына да көп бола қойған жоқ. Бұл облыстағы осы саладағы жұмыс жасайтын бірден-бір кәсіпорын болып табылады. «Даму» қорының қаржысына арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, қазір іске жарамсыз қалдық заттарды қайта өңдеуге кірісті. Бұрын мұндай қалдықтар көрінген жерде шашылып жатса, енді халық оны да іске жарататынын түсініп, арнайы тапсыратын да болды. Кәсіпорын басшылары алдағы уақытта өндіріс көлемін кеңейтуді ойлап отыр. Ал, халық қалаулысы өз тарапынан қолдау көрсетуге даяр екенін жеткізді.
Осы заманғы құрал-жабдықтармен қызмет көрсететін «Медикус» медициналық орталығында болған Меруерт Қазбекова халықты сауықтырып, ем жасайтын мекеменің жай-күйіне қанықты. Бұл емдеу мекемесі де «Даму» қорының қолдауына ие болып отыр екен. Қордың облыстық филиалының жетекшілері қаржыны елге тиімді салаларға бағыттайтынын баса айтты.
Біз адамды әбден науқастанып, кеселге ұшырағасын ем-дом жасауға тырысамыз. Одан да оның алдын алып, ең болмаса, салауатты өмір салтын насихаттағанымыз дұрыс сияқты. Көкшетау қаласының іргесіндегі «Балапан» отбасылық табиғат бағы салауаттылықты паш етіп, табиғат аясында демалатындарға қызмет көрсетеді. Біреулер табиғаты сұлу Бурабай мен Зеренді тұрғанда мұндай орындардың қажеті бар ма?-деп те сауал қоюы мүмкін. Бірақ, қарапайым адамдардың қалтасы Бурабайларда демалуды көтере алмайтынын біреу білер, біреу білмес.
Мұнда барлығы табиғатпен үйлесім тауып тұр. «Жасыл энергия» негізінде күн батареялары мен жел стансалары орнатылған. Сондықтан халықты салауатты өмір сүруге талпындыру аса маңызды екенін Парламент өкілі де өз сөзінде атап көрсетті.
Халық қалаулысы Зеренді ауданында болған іс сапары кезінде Ермаков селосында орналасқан «Зеренді сүті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл шаруашылық 100 сүтті сиыр өсіріп, оның шикізатын өзі өңдейді. Материалдық-техникалық базасы да аяққа тұрған, өзінің қосалқы ет шаруашылығы да бар. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа арналарды ашуды да ойластырып отыр. Ең бастысы, ауыл тұрғындарын әлеуметтік қорғауды да шаруашылық өз мойнына алып отыр. Серіктестік жұмысшылары үш мезгіл тегін тамақпен қамтылса, жергілікті мектеп оқушыларының ыстық тамағы да тегін ұйымдастырылған.
Меруерт Қазбекова партияның облыстық филиалында азаматтармен қоғамдық кездесу өткізді. Қабылдауда болғандардың дені – тұрмыстық мәселемен жүгінді. Бірі үйінің жоқтығын айтып, зар жыласа, енді бірі жергілікті жерде жол берілетін кемшіліктерді тізбеледі. Ал, Чернобыль апатынан зардап шеккендердің жергілікті ұйымының өкілдері Көкшетау қаласында салынатын ескерткішке қолдау білдіруін сұрады. Мұңдарын шағып, өтінішпен келген адамдардың мәселелерін қарап, оңтайлы шешуге тырысатынын айтты.