А.Перуашев
Үкіметтік сағатта жекешелендіруді жүргізу барысы туралы
сөйлеген сөзі
2018 жылғы 26 наурыз
Құрметті әріптестер!
Ең алдымен, Тәуелсіздіктің бастапқы таңынан бастап алғашқы жекешелендіру нарықтық экономиканың негізін қалап қана қоймай, мемлекеттің қиын-қыстау жағдайларға төтеп беруіне көмектескенін еске салып өтсем деп едім. Ол бұрынғы бюджет шығындарының айтарлықтай бөлігін жеке секторға аударып, мемлекетті негізсіз және тиімсіз шығындардан босатты.
Сондықтан «Ақ жол» фракциясы жекешенлендіруді жүргізуді сөзсіз қолдайды және мемлекеттің экономикаға қатысуын 15 %-ға дейін төмендету- өте жақсы көрсеткіш, біз оған көшуіміз қажет. Мәселе – басқада, бұл қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2017 жылы 190 нысан 108 млрд. теңге сомасына сатылып кеткен. Бірақ дәл сол кезеңде монополияға қарсы комитет квазисектордың 134 жаңа субъектісін құруға келісім берді. Бұған қоса, қаржы көлемі қандай сомада екенін жазбаған. Сонда біз 190 нысанды сатып, ал 134 жаңасын құрдық. Бұл не деген қызықты жекешелендіру?
Онсызда бар нәрсені жекешелендіреді екенбіз, ендеше жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде жаңа мемлекеттік кәсіпорындар құруға мораторий енгізу қажет деп есептеймін. Оның үстіне, бізге жекешелендірудің мақсаттарының бірі бюджеттің шығынын азайтып, Ұлттыққорды толықтыру екенін хабарлаған болатын. Әйтпесе, біз бір жағынан тапсырып жатсақ, ал екінші жағынан жаңадан құрып жатырмыз. Бірақ оған да ақша салынып жатыр емес пе. Сонда одан не пайда? Дәл осындай сауалмен «Ақ жол» фракциясы Үкіметке 2012 жылғы 27 маусымда сұрау салған еді, алайда бүгінгі күні аталған үдерістерді ескере отырып бұл мәселені қайтадан көтеруге мәжбүрміз.
Бізге жаңадан құрылған мемлекеттік кәсіпорындар жекешелендірілгендерге қарағанда бейне бір өзге салаларда жұмыс істейтіндей және бұл құрылымдық тұрғыдан өзгеше тәсіл екендігін түсіндіруге тырыспақ. Алайда, мен өткен жылы ғана «Ақ жол» фракциясы деңсаулық сақтау нысандарын жекешелендірудегі даулы мәселеге орай үш рет депутаттық сауал жолдағанын – оларды кей кездері ақылға қонымсыз бағаға сатып жіберетінін еске саламын. Соған қарамастан, дәл сол жылы деңсаулық сақтау жүйесінде нарықтың жаңадан 45 субъектісі құрылды. Демек, оң қолымыз сол қолымыздың не істеп жатқанын білмегені ме?! Бір қолмен мемлекеттік кәсіпорындар жекешелендіріледі, ал келесі қолымызбен – олардың орнына жаңа нысандар құрылып жатыр. Алдымен, ең болмағанда, бағытымыз қандай екенін жіті ұғынып алайықшы.
Осыған ұқсас жолмен экономиканың өзге де секторлары бойынша анықтап алуымыз қажет. Мәселен, жаңа ғана Шығыс Қазақстан облысында жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды жекешелендіруді жоспарлап отырғанын айтып өтті.
Бұл қызық бастама екен, өйткені көптеген ӘКК бизнесті дамытудың аймақтық институттары болып саналса да кәсіпкерлерге көмектеспейді деген шағымдар келіп түсуде. Және мұндай дабылдар аз емес. Мүмкін, Үкіметке әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын бағалап, тек бір ғана сала бойынша емес, соның негізінде жүйелі шешім қабылдау қажет болар.
Жалпы алғанда, бүгінгі пікірталас тағы бір мәрте мемлекеттің нашар менеджер екенін дәлелдеп отыр. Жеке меншік иесі өзінің шығындарына ұтымдырақ қарар еді.
Сондай-ақ, мәселе тек жекешелендіруде емес, мемлекеттің басқаруында қалатын құрылымдардың қайтарымында болып отыр. Квазимемлекеттік секторда менеджерлер мемлекеттік қаржыны өзінің жеке меншік ақшасындай басқарып, тіпті сол компаниялардың өздері шығынды ақтай алмай жатқанда миллиондық бонустарды өз атына аударып алуға дейін барады.
Алайда, егер олар мемлекеттің есебінен қамтылса, онда олардың шығындары мен бюджеті бекітілген тәртіппен мақұлданып, оның ішінде Парламентте қаралуы керек.
Егер мұндай ашықтық болмаса, онда олар жекешелендіріліп, мемлекеттік қаржыландырусыз, бюджетке салық төлей отырып бәсекеге қабілетті алаңда жұмыс істесін.