«Ақ жол» партиясының депутаты Н.Жазылбековтың ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсеноваға оралмандар мәселесі бойынша жолдаған хаты және сол хат бойынша келіп түскен жауап
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
Т.Б. Дүйсеноваға
Құрметті Тамара Босымбекқызы!
Дулат Исабеков өткенде Елбасымен жүздесіп, былтыр Қазақстан халқы ассамблеясының құрылтайында Моңғолиядан көшіп келген бауырларымыздың біразы кері көшіп кеткені туралы айтқан еді. Осы кездесуде оралмандардың жайы, көші-қон мәселесі де тақырыптан шет қалмады. Бұл кездесу барысында Дулат Исабеков: «Еліміздегі өзге ұлт өкілдерін қоспағанда 11 миллион ғана халқыңыз бар. Елбасы, осы көші-қон жайы қалай болады, мынау Ақордамыз қоныс тепкен Арқа даласының батысы мен солтүстігіндегі облыстарға көз алартып, сөз қылып жатқандар бар» деп едім, Президент: «Көш тоқтамайды, мұның бәрін терең ойлап, нақты істерге қадам жасағалы отырмыз, көңіліңдегі алаңды түсінемін», деді.
Қазіргі жаһандану жағдайында шетелдерде өмір сүріп жатқан аз санды ұлт өкілдері қаншама тырысқандарымен, өздерінің ұлттық қасиеттерінен оңай айырылады және оның соңы ұлт ретінде жойылуға апарып соғатыны да сөзсіз. Мұны сезінгендер «есің барда еліңді тап!» деген қағиданы ұстанып, өздерінің тарихи отанына жаппай қоныс аудара бастады. Әлемнің әр елінде жүрген еврей, неміс, орыс, украин т.б. көптеген ұлт өкілдері сияқты XX ғасырдың соңын ала қазақтардың да тарихи отанына үдере көшуінен анық байқаға болады.
Осы уақытқа дейін оралмандарды солтүстік өңірге орналастыру арқылы ол жерлерді «қазақыландырамыз» деп те жоспарлап едік. Ол жоспар да ойдағыдай орындалмады. Ендігі де, мемлекетіміз көшіріп алып келген оралмандарды қазағы аз өңірлерге қоныстандыру үшін тиімді іс-шаралар жасаса. Өйткені, бүгінгі күні көшіп келген оралманның басым бөлігі негізінен Астана мен Алматының айналасына шоғырлануда. Осы тұрғыда, оралмандарды жаппай солтүстік өңірлерге көшіру қолға алынса және оларды көшіріп апарғаннан кейін алты-жеті жылға дейін көшпеуге міндеттесе, сол арада орнығып қалуы да әбден мүмкін. Мәселен, оралмандарды тиісті жерге қоныстандыру үшін әлеуметтік жеңілдіктерді қарастырып және баласын сол өңірдегі жергілікті жоғарғы оқу орнында тегін оқытуды шешсе, сол арқылы маман жеткіліксіздігін азайтып, сол өңірді қазақыландыруға да болатыны айдан анық.
Көші-қонға байланысты қазағы аз аймақтарға тек қана оралмандарды қоныстандырумен шектелмей, оның сыртында Қазақстанның қазағы көп өңірлерінен де қазақ отбасыларын көптеп көшіруді де қолға алса деймін. Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда 2014 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша, ел халқының саны 17 млн. 207 мың 6 адамды құрады, соның ішінде, қала халқының саны – 9,4 млн. ауыл халқы 7,7 млн. адам болды. Яғни, 2013 жылдың 1 наурызындағы мәліметпен салыстырғанда, биылғы қаңтар-ақпан айларында тұрғындардың саны еліміз бойынша тұтас алғанда 42,4 мың адамға немесе 0,2%-ға артты. Ал, халық санының ұлттық құрамына келетін болсақ, жыл басындағы жағдай бойынша, Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы 65,6 пайызды құрайды. Жыл басындағы деректерге сәйкес, Қазақстан халқының 65,6% қазақтар; ал орыстар - 21,5%; украиндықтар - 4,8%; өзбектер – 3%; ұйғырлар - 1,4%; татарлар - 1,2%; немістер - 1,1% құрайды. Бұл еліміздегі үлес салмағы 1 пайыздан асатын ұлттардың ғана көрсеткіші. Сонымен қатар, еліміздің солтүстік облыстарындағы халық санының ұлттық құрамы да әр түрлі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан халқының 34,2% қазақтар, 49,9% орыстар, 4,5% украиндықтар, 3,5% немістер құрайды. Ал Павлодар облысындағы қазақтардың үлес салмағы - 49,8% орыстардікі - 37,2%; украиндықтар - 4,8%; немістер - 2,8% пайызды, Қостанай облысында қазақтар - 38,8%; орыстар - 42,1%; украиндықтар - 8,9%; немістер - 3,2% құрайтын көрінеді. Яғни, салыстырмалы түрде тұрғындары көп саналатын солтүстік өңірлеріндегі қазақтардың үлесі өте төмен. Ал, керісінше тұрғындар үшін табиғат жағдайы неғұрлым қолайлы оңтүстік аймақтарындағы қазақтардың саны табиғи өсімі едәуір артып келеді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Қазақстан аудандарының этникалық картасына назар салып көрейік. Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, Ақмола облысының халық саны 2003 жылмен 2011 жыл аралығында – 748 мыңнан 733 мыңға, Қостанай облысында – 919 500-ден 881 мыңға, Солтүстік Қазақстан облысында 682 мыңнан 589 мыңға азайған. Ал дәл сол аралықта, 2003 пен 2011 жылдар арасында Алматы облысының халқы – 1 млн 560 мыңнан 1 млн 870 мыңға, Жамбыл облысы – 980 мыңнан 1 млн 46 мыңға, Қызылорда облысы – 603 мыңнан 700 мыңға, Маңғыстау облысы – 338 мыңнан 524 мыңға, Оңтүстік Қазақстан облысы 2 млн 111 мыңнан 2 млн 567 мыңға көбейген. Яғни, Оңтүстіктегі қазақтардың өсімі қалай да жоғары тұр. Есеп көрсеткіші осындай индекспен жалғаса беретін болса, орыс және славянтектес халықтар көп шоғырланған өңірлерге қарай, яғни «Солтүстікке Оңтүстіктен» қазақы көшті сәйкесінше жүргізу керектігі туралы ұсынысымды жеткізгім келеді.
2020 жылға дейінжалғасады деп көрсетілген «Дипломмен ауылға» атты жобаны жүзеге асырудағы жоғары көрсеткіштерге бірінші кезекте Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары қол жеткізсе. Яғни бағдарлама бойынша ауылдық елді мекендерге жұмысқа барған жастарға баспана алу үшін жеңілдетілген несиелер беру және т.б. әлеуметтік мәселелердің шешілуі жөніндегі алғы шарттардың барлығын Солтүстік өңірлерге қарай аударса деген ұсынысым бар.
Осыған байланысты, Сізден жоғарыда айтылған мәселелерді қарап, белгіленген мерзімде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
Депутат Н. Жазылбеков