Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданының Малоубинка ауылының тұрғындарын мазалаған мемлекеттік тіл және жер мәселелері «Ақ жол» партиясының депутаттары араласқаннан кейін оң шешімін тапты
9 қазан 2013ж., «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің атына келіп түскен Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданының Малоубинка ауылдық округінің орталығы Малоубинка ауыл тұрғындарының шағым хатының ізімен Астанадан «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков, партияның ОК аймақтармен жұмыс бойынша хатшысы Берік Дүйсембинов ШҚО-на келді. Ауыл тұрғындары депутат Н.Жазылбековпен кездесу өткізді, оған Малоубинка ауылдық округінің әкімі Р.Ширкова, мектеп директоры О.Кривых және т.б. ауыл белсенділері, баспасөз өкілдері қатысты.
Кездесудің күн тәртібінде: шешімін таппай жүрген мектепте балалардың мемлекеттік тілде білім алуы, қазақ тілінде білім беретін сыныптардың бірге оқытылып жатқаны туралы және жайылымдық жер мәселесі болды.
Онда бірінші болып сөз алған Қытайдан қоныс аударып келген қандасымыз, ауыл тұрғыны Жақсылық Әбен ауылдық мектептегі қазақ тілінде оқитын 2 және 3 сынып оқушыларын бірге қосып оқытып жатқандықтарын, және бұл туралы ата-аналардың келісімін сұрамағанын да алға тартып, қазақ тілі мәселесі туралы айтты.
Содан кейін, ауыл тұрғыны Жолшыбай Құдайберген сөз алды. Ол 2004 жылы Қытайдан көшіп келген, отбасында 10 баласы бар. Ол қазіргі кезде ауылдастарыммен бірге мал шаруашылығымен айналысып, сүт сауып, оны «Восток-молоко» ЖШС-не литрін 30 теңгеден тапсырып өз күндерін көріп отыр, бірақ сол өткізген сүттің өтем ақысын 9 ай бойы ала-алмай жүрдік. Жақында Астанадан депутаттар келеді дегенді естіген кезде олар қарыздарын бірден төлеп берді дейді. Сондай-ақ, мал жайылымынан да қысылып жүргендерін, ол туралы аудандық жер қатынастары бөліміне, ауыл әкіміне бірнеше мәрте айтқандарымен ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмағандықтарын ашына айтты.
Ауыл тұрғындарының арасында дау туғызып отырған жайылымдық жер мәселесінің жайы мынандай, Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі толық циклді автомобиль зауытының құрылысын салу үшін Өскемен қаласының маңынан жер телімдерін беру туралы шешім шығарған және осы мақсатқа Малоубинка ауылындағы «Быструха-Астана» ЖШС-нің жайылымдық жерінен де заңсыз жер телімі берілген, ал ауыл тұрғындарына оның орнына алыста орналасқан жайылымдық жер берілгенін және мөлшері жағынан біршама аз екенін де айтты. Осыған келіспеген тұрғындар аудандық әкімдікке, құзырлы органдарға өз наразылықтарын білдірген, олардан ешбір қайыр болмағандықтан «Ақ жол» партиясына көмек сұрап хат жолдаған.
Партия өкілдері кездесуге жиылған ауыл тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдап, содан кейін ауыл әкімі Р. Ширшикова сөз алды. Ол осы ауылдың тумасы, бүкіл өмірін ұстаздық қызметке арнап, кейін ауыл әкімі қызметіне сайланған. Ауылдастарымның көпшілігі тұрғылықты кеңестік кезеңнен келе жатқан орыс ұлтының өкілдері, ал кейіннен Қытайдан қоныс аударған өз қандастарымыз келіп қосылды дей келе, ауыл тұрғындарының арасындағы шиеленіскен мәселені былайша түсіндірді.
Қытайдан келген қандастарымыздың орыс тілін мүлдем білмейді, олармен тек аудармашы арқылы сөйлесетіндіктен қиындықтар туындайды. Себебі ауылымызда қазақ тілді мамандар жетіспейді, сондықтан қазақ тілді көмекші алып, бұл мәселенің шемімін табамын деп сендірді ауыл әкімі. Ал мектептегі жағдай туралы айтар болсақ, алғаш қандастарымыз келген кезде балаларын орыс тілді мектепке берді, бірақ оқу барысында қиындықтар туындағандықтан қазақ тілді сыныптарды ашуды өзім көтерген едім, ал 2-3 сыныптарды қосып оқыту туралы мәселе қазіргі кезде шешімін тауып, оқушылар екі сыныпқа бөліп оқытылуда деді.
Жер мәселесі бойынша айтарым, жер бөлу туралы өтініштерінің ары қарай ресімделіп, қаралуын өзім бақылауға аламын деп сөзін аяқтады ауыл әкімі.
Партия өкілдері бұл мәселелер осы жерде айтылып қана қалмай бақылауда болатындығын айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі Б.Сапарбаевпен кездесу барысында Малоубинка ауылындағы жағдайды айтып, мәселені шешу туралы ұсыныс білдіреміз деді.
Кездесуге келген ауыл тұрғындары өтініштеріне құлақ асып Астанадан арнайы келген «Ақ жол» партиясының депутаттарына ризашылықтарын білдірді.