Меруерт Қазбекова «Ақ жол» партиясының Ақмола облысының филиалында қоғамдық қабылдау өткізді
24 шілде 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Қазақстан республикасы парламентінің мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова жұмыс сапарымен Ақмола облысында жүр. Бүгін мәжілісмен «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Алғашқы күннің өзінде әртүрлі сауалдармен келген жергілікті жұрттың қарасы қалың болды. Қабылдауда болған қарапайым тұрғындардың басым көпшілігі әлеуметтік сауалдарын жолдады. Әсіресе шалғай ауыл азаматтарын жайылым мәселесі алаңдатып отыр екен. Мал басын көбейтуге ден қойған шағын шаруалардың жетекшілері жайылымның жоқтығынан тығырыққа тіреліп отырмыз дегенді айтты. Сондай-ақ, ауылшаруашылығына берілетін мемлекеттік несиелер қол жетімді болса деген ұсыныстарын білдірді. Өйткені екінші деңгейлі банктер ауылдағы жылжымайтын мүліктерді кепілдікке алмайды немесе өте төмен бағалайды. Содан келіп елді-мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бәсеңдеп отыр. Ал Зеренді ауданы Бұланды ауылдық округінің кәсіпкері сүт өніміне салынып отырған 10 пайыз салықтың заңдылығын анықтап беруін өтінді. Онсыз да тасымалы күрделі өнім бағасын тұрақтандыру мүмкін болмай тұрғанда, қосымша салық қарапайым жұрттың қалтасын қағып отыр дейді.
Бұдан бөлек Меруерт Қазбекованың қабылдауында жер, балабақша, зейнетақы жинақтау реформасына қатысты сан түрлі сауалдар қойылып, барлығына тұшымды жауаптар алынды. Мәжілісмен шағымданушылардың арыздарын сол арада жаздырып алып, мәселені парламент мінберінде көтеретіндіктерін жеткізді. Кейбір жеке басқа қатысты сауалдар сол арада шешімін тауып жатты. «Ақ жол» фракциясы өкілінің өңірдегі жұмыс сапары бір аптаға жалғасады. Осы уақыт аралығында азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдаудан бөлек, өндіріс орындарын аралау, қарапайым жұмысшылармен бетпе-бет кездесу, елді-мекендердегі әлеуметтік мәселелермен танысу жоспары түзілді.