«Ақ жол» демократиялық партиясы «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» кітабының таныстырылымын өткізді
2013 жылдың 26 маусымы, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жол» партиясы Ақтөбе қаласында республиканың батыс, Шымкентте оңтүстіктегі облыстардан келген өкілдердің қатысуымен, сондай-ақ Астанада парламенттік фракцияның отырысының аясында және партия тағайындаған «Қазақ» газетінің 100 жылдығы құрметіне қазақстандық журналистерге сыйлықақыларды тапсыру кезінде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми жинақ кітабының таныстырылымын өткізді. Кітапқа «Ақ жол» Демократиялық партиясының Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қолдауымен 2012 жылғы 23 қарашада Астанада өткізілген «Алаш» қозғалысының 95 жылдығына арналған «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференциясында және басқа шараларда жасалған баяндамалар мен сөздер, әртүрлі басылымдарда жарияланған сұхбаттар мен мақалалар енген. Жинақ алаштанушы мамандарға, оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ Отанымыздың төл тарихына қызығушылық танытқан көпшілік қауымға арналған. «Біздің мақсатымыз», - деп атап көрсетті «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, - Алаш қозғалысының, Алаштың көшбасшыларының әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық, ұлттық-мәдени салаларға қатысты көзқарастарына берілген бағалар мен пайымдауларды, ғылыми тұжырымдарды жаңа заманның талаптарына, сұраныстарына сай зерделеуге тырысу.Алаштың аманатына адалдық танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғызу.Яғни, бұл біз үшін теориялық ғана емес, бұл ең алдымен, қоғамымыздың жаңғыруына, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе».
Жинаққа Алаш идеяларының бүгінгі таңда да аса өзектілігін үш бағытта ашып көрсеткен мазмұнды, ғылыми негізделген баяндамалар жиынтығы енді. Оның біріншісі: «Алаш» көшбасшыларының мемлекеттілікке, ұлттық құндылықтарға көзқарастары» бойынша баяндамалар жиынтығын құрады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент–мүшесі Дихан Қамзабекұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті, ҚР ҰҒА-ның академигі Өмірзақ Айтбаев, ЕҰУ «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір өздерінің баяндамаларында Алаш идеясының өзегі ұлттық мемлекеттік дербестік болғанын, бүгінгі Қазақстан Республикасы - Алаштың бұл арманының іске асуының көрінісі екенін, Алаш көшбасшыларының қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі өркениеттің озық жетістіктерімен ұштастыру негізінде сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтқанын тілге тиек етеді.
Екінші, ғылыми жинаққа «Алашордалықтардың» экономикалық тұжырымдамалары туралы» баяндамалар кірді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінген, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеген. Оны ұлттық басымдылықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашордалықтардың көбісі ұлттық буржуазияның өкілдері болғандықтан да жер мәселесін, кәсіпкерлік, жеке меншік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған, оны экономикалық өсудің негізі деп санаған. Осы тақырыпқа Мәжіліс депутаты, экономика ғылымдарының докторы Екатерина Никитинская, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Шәріп Амантай, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ алашордалықтардың экономикалық тұжырымдамасына жаңа қырынан келе алды. Олар «Алаш» қайраткерлерін саясаткер ретінде ғана емес, олардың әрқайсысының білікті мамандар болғанын нақты деректермен көрсетеді.
Үшінші, «Алаш» көшбасшыларының әлеуметтік жаңғыртуға көзқарастары» бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан қарастырылады. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің еліміздің Елбасы ұсынған қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді.Мұны,«Ақ жол» партиясының белсенді өкілдері: Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтің, «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасарлары Қазбек Исаның, Анарбек Орманның, Людмила Жуланованың, Партияның Ақылдастар алқасының төрағасы, философия ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Аманкелді Айталының, Партияның жастар қанатының жетекшілерінің бірі, саясаттанушы Мақсат Жақаудың, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының, Партияның Ақылдастар алқасының мүшесі, елімізге белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының баяндамалары мен сөздеріндегі дәйектер дәлелдей түсті. Сондай-ақ, Ханбибі Есенқарақызы Алаштың көрнекті қайраткерлерінің бірі Сұлтанбек Қожановтың басқаруымен 1920-1926 жылдарында Ташкент қаласында шығып тұрған, Алаш ардақтыларының мінбері болған «Ақ жол» газетінің сандарындағы төтенше араб тілінде жарияланған материалдарды қазіргі қазақ әрпіне көшіріп, жазылған зерттеу кітаптарын жарыққа шығаруға Азат Перуашевтен көмек сұраған еді. Сөз реті келгенде айта кетейік, «Ақ жол» көшбасшысы берген уәдесінде тұрып, осы кітаптың екі томын шығаруға жәрдем берді.
Алаш идеясын біржолата ысырып тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға, ұлттық сананы биікке көтеруге күш жұмсаудың қажеттілігі баяндамаларда аз айтылмайды. Осы кезге дейін Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты ұлтшылдық бағытта деп қана ойлап, оған күдікпен қараушылар бар. Осы күдікті жоққа шығару үшін орыс тіліндегі жасалған баяндамалар да осы жинаққа енгізілді. Алаш идеясын әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек.
Кітапты құрастырушылар, сондай-ақ, конференцияға дайындық кезіндегі және өткеннен кейінгі оның жаңғырығының алысқа естіліп, Алматыда, республиканың басқа да өңірлерінде «Ақ жол» партиясының филиалдарының қатысуымен жалғасын тапқан Алаш тақырыбындағы шаралардағы баяндамалар мен сөздерді, мақалаларды елеп-екшеп, осы жинаққа енгізіпті. Жинақтан Ақ жолдық депутаттардың Алашқа қатысты Үкіметке жолдаған сауалдары мен оларға берілген жауаптар да орын алған. Партияның Парламенттік фракциясы былтыр Алаш қозғалысының 95 жылдығына орай Үкіметке Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс деп мәлімдеп, ең алдымен мектеп оқулықтарында Алаш тарихы туралы жеткілікті көлемде ақпарат берілуі керектігін, әрбір қалада Алаш қайраткерлерінің ескерткіштері орнатылуы тиістігін, кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз ету керектігін, Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы қажеттігін, Алаш мұрасы мен тарихы туралы кітаптар мемлекеттік тапсырыспен шығарылуы тиістігін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Ал, биыл жыл басында «Ақ жол» партиясы Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін Мемлекеттік комиссия құру, сондай-ақ оған жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісін жүктеу жайлы Үкімет басшысына тағы бір депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Онда жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алыну керектігі айтылған. «Ақ жол» депутаттары «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің өміріндегі тарихи заманалық аса маңызы бар оқиға ретінде бағалап, оның дайындығына Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырды.
Тұтастай алғанда, «Алаш» көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін тұжырымдамалық мағынасы бар екендігін, Алаш рухының өшпегенін осы кітапты парақтаған оқырманның әрқайсысы да сезінеді. Тәуелсіздік жылдарында тура ойлағанымыздай болмағанмен, бәрібір Алаш рухы бойымызға сіңіп жатыр. Идеялар да заманның өзгеруіне қарай дамып отыратыны түсінікті. Дегенмен де Алаш идеясы сол кезеңдегі тамырын тереңнен алған ұлтымыздың құндылықтар жиынтығы - экономикалық, саяси, философиялық ойлаудың кемелденген үлгісі болғандығы анық. Сонымен қатар Алаш қозғалысының бостандық пен тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын жаңа заманның талаптарына сәйкес одан әрі терең зерттеуді жаңа серпінмен жалғастырудың қажеттілігі күмән тудырмайды.
Алаш тақырыбына құрастырылып отырған жинақтар тізбесінің алғашқысын ұсына отырып, редакциялық ақылдастар алқасы мен кітаптың жауапты шығарушылары қазақтың ұлт-азаттық күресі тарихындағы ұлы құбылыс – «Алаш» қозғалысының 2017 жылғы 100 жылдық мерейтойына арналған шаралардың беташары болып табылатын осы кітапқа шын көңілімен материалдарын ұсынған авторларға және шығаруға атсалысқан барлық Алаш азаматтарына өзінің ризашылығын білдіреді. Алдағы уақытта да «Ақ жол» партиясы жыл сайын «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасын, принциптік көзқарастарын зерделеуге арналған жас ғалымдар мен студенттер, журналистер арасында тұрақты түрде өткізіліп тұратын Жалпыұлттық байқаудың (оның шарттары да осы кітапқа қосылған), сондай-ақ орталықта және өңірлерде өткізетін конференцияларының, дөңгелек үстелдерінің, өзге де шараларының материалдарын ғылыми жинақ етіп шығарып отырмақ. Өйткені, Алаштың Ақ жолы ХХ1 ғасырда да, одан кейін де жалғаса беретін, мәңгілік жол!