31
Мамыр

Санат жоқ 31.05.2013

«Ақ жол» партиясы барлық қазақстандықтарды саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туының бір бөлшегін, туымыз түстес – көгілдір лентаны, тарихымызға құрмет көрсету белгісі ретінде тағуға шақырды

          2013 жылдың 31  мамыры,«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
 
«Ақ жол» партиясы 31 мамыр – Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні және Тәуелсіздігімізбен келген Мемлекеттік мерекелер: Тәуелсіздік күні, Наурыз мейрамы, Конститутция күні және Қарулы күштердің құрылған күндерінде барлық қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туының бір бөлшегін – көгілдір лентаны тарихымызға көрсетілген құрмет белгісі ретінде тағып жүруге шақырады – бұл туралы кеше фракция атынан сөз алған Алмас Тұртаев Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттық сауалында мәлімдеді.
 31 мамыр – Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні 1997 жылдан бері  ҚР Президентінің Жарлығымен атап өтіліп келеді. Жарлыққа сәйкес ҚР үкіметіне жыл сайын 31 – мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізу тапсырылған. Ал осы іс-шаралар өз дәрежесінде Үкімет тарапынан атқарылып жатыр ма - деп сұрақ қойды депутат.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы 1920  және 1932 жылдары  қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылықтарына, 1929-1930 жылдары ұжымдастыруға қарсы шыққан қазақ халқының аяусыз басып жаншылған қарулы көтерілістеріне, сонау жиырмасыншы жылдарда басталып, біртіндеп күш алған саяси репрессияның 1937 жылдың қанды террорына ұласуының         бағасы әлі толыққанды берілген жоқ. Украина  Жоғарғы Радасы елді қырғынға ұшыратқан ашаршылықты  Голодомор деп жариялап, украин халқына жасалған геноцид деп тапты. Украина соты И.Сталиннен бастап, бұрынғы КСРО басшылары  мен Украин Кеңестік Социалистік Республикасы жетекшілерін де осы алапат қылмысты жасаған қылмыскерлер  деп үкім шығарған.
Қазақстанда болған ашаршылықтарда  кейбір тарихшыларымыздың есебі бойынша 4 миллионға жуық  адам қырылған.  Алматыдағы үлкен жиында қанды қырғынның авторларының бірі Голощекин «біз керемет жетістікке қол жеткіздік» деп баяндама жасап, оған барлық коммунистер ду қол шапалақтап жатқанда, көшеде бірінің үстіне бірі үйіліп аштан өліп жатқан мәйіттердің иісі ашық терезеден ішке еніп  тұрғанын айтады куәгер қайраткерлеріміз. 1897 жылы өткен Ресейдегі  халық санағының ресми статистикасына қарасақ, өзбек ұлты 1 миллион 690 мың, тәжік ұлты 350 мың адам болыпты. Сол уақытта қазақ ұлтының саны 4 миллион 84 мың адам болған екен. Арада 100 жыл өткенде өзбек ұлты 25 миллионға жетіп, еліміздегі қазақ ұлтының саны 11 миллионға әрең жетті. Міне, ашаршылықтың орны толмас алапат зардабын осыдан-ақ білуге болады.
1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда 100 мыңнан аса адам жазықсыз халық жауы атанды. Кеңес билігі халқы үшін басын бәйгеге тіккен алаш зиялыларының 99 пайызын қырып тастады. Сөйтіп, Қазақ халқы басқарушы саяси элитасынан айрылды.  «Ақ жол» партиясы жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухтатәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісінің қолға алынуы керектігін бұдан бұрын да көтерген болатын. Сонымен қатар осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе ол ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдары. Қазақстан тарихында ұлттық саяси басқарушы топқа  және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келе жатыр.
Алматыдағы Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы  осы саябақта  біз зор келеңсіздікке  куә болдық деп сөзін сабақтады одан әрі депутат. Жылдар бойы іске аспай келе жатқан Саяси қуғын-сүргін  құрбандарына арналатын ескерткіштің  белгісі – тастұғыр тарихымызда ауыр қасірет алып келген зұлмат пен зобалаңның  60 жылдығында, яғни 1992 жылы орнатылған екен.  Содан бері өткен 21 жылда осы тастұғырды ескерткішке айналдыра алмауымыз елдігімізге сын. Қазақ халқының жартысынан астамын жалмап кеткен қолдан жасалған Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін  құрбандарына арналған ескерткіш-мемориалдық кешен  тұрғызу – жастарымызға  өткеннен сабақ беріп, отаншылдыққа тәрбиелейтін тарихи мәні зор саяси оқиға болып табылады. Ендеше бұған Президент жарлығына  сәйкес жыл сайын 31 – мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізу тапсырылған  Үкіметіміз терең мән беріп, баса назар аударуы керек.
 «Ақ жол» фракциясының депутаттары ҚР Премьер-Министрі С.Н. Ахметовке аталған саябақта аяқсыз қалған ескерткіш жұмысының қашан мәресіне жететінін және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, сол бір тарихымыздағы қасірет жылдарын зерттеп, ұрпаққа құнды мағлұмат қалдыру жөнінде Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша хабардар етуді сұрады.
Алмас Тұртаев өзінің депутаттық сауалын былай деп қорытындылады. Біз: Қазақстанда 1921- 1954 жылдар аралығында саяси себептермен 100 мыңнан астам көрнекті қоғам қайраткерлері жазаланғанын, 25 мыңнан астамы атылғанын; Әртүрлі бағалаулар бойынша, тұтастай алғанда қазақ халқының 60-65 пайызын құраған 2-ден 3 миллионға дейін адамның  ашаршылық нәубетінен ажал құшқанын, Қазақ елінен 1,5 миллион адамның бас сауғалап, босып кеткенін; Ұлттық мемлекеттілік мүддесін көздеген көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларынан түгелдей дерлік айырылғанын; Қазақстанның жүздеген мың жазықсыз жандардың және репрессияға ұшырап, қуғындалып келген басқа этностардың мекеніне айналғанын, сұрапыл зұлматты басынан кешкен біздің халқымыздың оларды сұмдық жұттан, адамдарды қынадай қырған ашаршылықтан құтқарғанын әрдайым ЕСТЕ САҚТАЙМЫЗ.