Қазақ үнi (Алматы), № 11 (620), 18.03.2014
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысының негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі ретінде Қазақ елі мемлекеттігін қалпына келтіру ісінде шешуші рөл атқарды және қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен тәуелсіздігін нығайту үшін де тарихи маңызды жұмыстар істеді. Әлихан Бөкейханға қатысты қолға алынатын шаралар әлі де жетерлік. Сондықтан 6 наурыз күні Әлихан Бөкейханның туғанына 148 жыл толуына орай өткізілген конференция Алаш көсемінің 150 жылдық мерей тойына дайындық шараларының бастауы болды.
Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сенаторлар, алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Атап айтар болсақ, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, Парламент депутаттары Алдан Смайыл, Мұрат Бақтиярұлы, Жабал Ерғалиев, ғалымдар Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Берік Әбдіғали, Зиябек Қабулдинов, Күлпаш Ілиясова және Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары өз ойларын ортаға салды.
Конференция жұмысы барысындағы айрықша шаралардың бірі – алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіп құрастырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармаларының тұсаукесері болды. Конференция жұмысының соңында қатысушылар Алаш қозғалысы және Әлихан Бөкейхан өміріне қатысты маңызды жайттарды ескере келе, Қарар қабылдады:
1. ҚР Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өтініш жолдап, Алашорда автономиясына «Алаш (Қазақ) демократиялық республикасы» деген, оның тұңғыш төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға оның «Тұңғыш президенті» деген саяси баға беретін жарлық шығаруы, Ә.Н.Бөкейханның 150 жылдығы мен Алаш (Қазақ) демократиялық республикасының 100 жылдығын лайықты атап өту туралы ҚР Үкіметіне тапсырма беруі сұралсын.
2. Ә.Н.Бөкейханның 150-жылдық мерейтойына арналған ҚР Үкіметінің арнайы қаулысын қабылдау сұралсын. Қаулыда төмендегідей шараларды өткізу қарастырылсын:
а/ Үкімет жанынан мерейтойды жоспарлау және өткізу шараларымен айналысатын Мемлекеттік комиссия құру (үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері,
б/ Саясат пен экономиканы дамытуға және ғылымға қосқан зор үлесі мен жетістіктері үшін берілетін Әлихан Бөкейхан ұлттық сыйлығы тағайындалсын.
3. Зерттеулер, жинақтар және көркем шығармалар:
а/ Ә.Н.Бөкейханның 16 томдық толық шығармалар жинағын құрастырып қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 50 мың данамен басып шығару Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Мәдениет және рухани даму институтына жүктелсін,
ә/ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» институты, БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Мемлекет тарихы институты бірлесіп Әлихан Бөкейхан энциклопедиясын құрастырып қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 10 мың данамен басып шығарсын,
б/ Ә.Н.Бөкейханның өміріне және Алаш тақырыбына қатысты зерттеулер мен көркем шығармаларға мемлекеттік гранттар жариялау,
в/ Облыстық және аудандық әкімдіктер ғылыми және қоғамдық мекемелермен бірлесіп Алаш тарихына қатысты жерлерге экспедициялар ұйымдастырсын,
г/ Жас ұрпақты Алаш ұлттық идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысы мен қайраткерлеріне қатысты мұрағат құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1938 жылдарғы ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық жинақ етіп шығарсын,
д/ «Алаш ісімен» байланысы бар ХХ ғасырдың 20-50-інші жылдарындағы саяси қуғын-сүргін материалдарын, Қазақстандағы жаппай қуғын-сүргін тарихын отандық тарихшылардың күшімен саралап, 10 мың данамен көп томдық жинақ шығарсын,
ж/ Ә.Н. Бөкейханның өмірі мен қызметі және оның ұлт-азаттық Алаш қозғалысы мен Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы бойынша үзеңгілестері туралы құжатты, фотосуретті альбом құрастырылып, 10 мың данамен басып шығарылсын.
4. Ә.Н. Бөкейханның және оның серіктері туралы:
а/ телехикая,
ә/ көркем және
б/ деректі фильмдер түсірілсін.
5. Қазпоштаға Ә.Н.Бөкейханның 150-жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасын шығару, Ұлттық банкке – Алаш көсемі бейнеленген арнайы монета басып шығару жүктелсін.
6. 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылға дейін Алаштың ресми астанасы болған Семей қаласын «Алаш» деп атау Республикалық ономастикалық комиссияға жүктелсін. Қаладағы «Алаш үйіне» тақта орнатылсын.
7. Астанадағы Ұлттық мұражайдан Ә.Н.Бөкейханға арналған зал ашылсын.
8. Астана қаласының ең көрнекті жеріне «Алашорда» атты монументалды ансамбль ашылсын.
9. Семей қаласындағы «Алаш арыстары - Әуезов» мұражай-үйінің негізінде «Алаш» ұлттық мұражайын ашу қолға алынсын.
10. Ә.Н.Бөкейханның есімі беріліп, салтанатты түрде ескерткіш немесе тақта орнатылсын:
а/ Астана, Алматы қалалары мен республиканың облыс және аудан орталықтарының орталық көшелеріне,
ә/ ҚР сыртқы министрлігі арқылы Ресейдің Мәскеу, С.-Петербор, Омбы, Самара, Орынбор қалаларындағы, бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан астаналарындағы көшелерге.
11. Естелік тақталар немесе мүсіндер (бюстер) орнатылсын:
а) Ә.Н. Бөкейхан 1922-1927 жылдары Мәскеудегі бұрынғы Орталық «Шығыс» баспасының ғимаратына,
ә) С.-Петерборда Ә.Н. Бөкейхан 1890-1894 жылдары білім алған Орман институты мен университетіне, 1926-1927 жылдары Қазақстан бойынша сарапшы болып қызмет атқарған КСРО Ғылым Академиясының ғимаратына және осы жылдары ол профессор лауазымында сабақ берген С.-Петербор университетінің ғимаратына,
б) 1937 жылдың қыркүйегінде Ә.Н. Бөкейхан мәйіті жерленген Мәскеудегі Дон зиратына,
в) Ә.Н. Бөкейханның Самара қаласында 1908-1917 жылдары саяси қуғын кезінде тұрған үйіне (бұрынғы Казанская көшесі, № 30 үй),
г) Орынбор қаласында 1917 жылы тұрған үйіне (бұрынғы Николаевская көшесі, № 10 үй),
д) Семей қаласында тұрған үйіне (бұрынғы Комиссарская көшесі, № ?),
е) Мәскеу қаласында 1922-1937 жылдар аралығында тұрған үйге (бұрынғы Большой Кисловский орамы, 4 үй, 15 пәтер),
ж) Ә.Н. Бөкейхан 1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде оқыған және 1895-1908 жылдар аралығында өмір сүріп, қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысының көсемі болып танылған Омбыдағы үйіне (?),
з) 1917 жылдың желтоқсанында ІІ жалпықазақ құрылтайының жиыны өтіп, Ұлттық-территориялық «Алашорда» автономиясын құру туралы тарихи шешім қабылданып, Ә.Н.Бөкейхан оның төрағасы болып сайланған бұрынғы генерал-губернатор кеңсесінің ғимаратына,
е) Ақтоғайдағы туған жеріне.
12. Жетекші жоғарғы оқу мекемелерінің біріне (Еуразия ұлттық университетіне) және бірнеше ғылыми-зерттеу институтына (Мемлекет тарихы институтына, экономикалық зерттеулер, ауылшаруашылығы және мал шаруашылығы) Ә.Н. Бөкейханның есімі берілсін. Мысалы, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне.
13. Бурабай кентіндегі Орман шаруашылығы училищесіне Ә.Н. Бөкейханның есімі берілсін. Училище әлі Омбыдан көшпей тұрған 1895-1897 жылдары Ә.Н. Бөкейхан математика пәнінен сабақ берді.
14. Астана және Алматы қалаларында Ә.Н. Бөкейханның 150-жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып өткізілсін.
15. ЮНЕСКО-дан 2016 жылды «Әлихан Бөкейхан жылы» деп сұрау жөнінде ұйымдық жұмыстар қазірден қолға алынсын.
Осы Қарар 2014 жылдың 06 наурызда қабылданды.
Алдан Смайыл - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Бақытжан Ертаев - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы,
Азат Перуашев - «Ақ жол» ДП-ның төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Азамат Әбілдаев– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Алмас Тұртаев– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Нұрлан Жазылбеков – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Талғат Ерғалиев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Мұрат Бақтиярұлы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Жабал Ергалиев - ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Нұрлан Дулатбеков - Қарағанды облыстық маслихатының хатшысы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор (Қарағанды),
Бүркітбай Аяған - БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор,
Серік Қирабаев – ҚР ҰҒА академигі, профессор,
Сейіт Қасқабасов – ҚР ҰҒА академигі, профессор,
Дихан Қамзабекұлы – ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Тұрсын Жұртбай – жазушы, ф.ғ.д., профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ҒО директоры,
Жандарбек Мәлібеков – ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы, профессор,
Зиябек Қабылдинов – «Еуразия» ҒО директоры, т.ғ.д., профессор,
Марат Әбсеметов - ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры, ф.ғ.к.,
Тұрдығұл Шаңбай - «Алаштану» ҒЗО директоры, ф.ғ.к., (Семей),
Берік Әбдіғали - қоғам қайраткері, саяси сарапшы,
Сұлтан Хан Жүсіп – «Алашорда» қоғамдық қорының директоры, PhD.
06 наурыз, 2014 жыл. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Астана, Қазақстан Республикасы