Оқулық «жыры» қашан бітеді? Министр бес айдан бері газет сыны мен оқушы хатына жауап берген жоқ!.. /Гүлмира Садықова/ - Казак унi
Үкімет сағатында бұл сауалды бас ұстаздың өзіне тікелей қойды депутаттар. Ал, Сәрінжіпов мырза: «Өкінішке орай, бүгінгі таңда біз қарастырып отырған 14 млрд. теңгеге 2,3 млрд. теңгенің жетіспеушілігін белгілеп отырмыз» деп бар нәрсенің қаржыға келіп тірелетіндігін айтты.
Министрдің бұл уәжіне Мәжіліс спикері Дариға Назарбаева да тиісті жауабын берді. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігі балама оқулықтар шығару тәжірибесінен бас тартса, онда министр айтқан шығынды жабуға болатынын тілге тиек етті. Дағдарыс дендеп тұрғанда бұл да үнемдеудің бір тәсілі болса керек.
Кітап тапшылығының сыры неде?
Әйткенмен, бұл басқосуда мемлекет пен министрлік бірегей оқулық базасын құру туралы ортақ шешімге келе алған жоқ. Мәжіліс спикері балама оқулықтарға түбегейлі қарсылық жоқ екенін, тіпті, мұғалімдер мен мектеп оқулығына қанағаттанбаған оқушылар кітапханалар қызметін қолдану арқылы өз білімдерін жетілдіре алатындығын атап өтті.
Әйтсе де, министрлік оқулық шығару мәселесіне баса назар аудару керек сияқты. Әйтпесе, мұғалімдер бір пәннен әрқайсысы әртүрлі баспадан жарық көрген екі-үш түрлі автордың кітаптарын өз қалауы бойынша оқытады. Оқулықтың жарық көруі, қолданылуы барысында бір жүйеге бағыну тәртібі қарастырылмаса, онда «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кебін киетініміз анық.
Сапа да сын көтермейді
Бізде оқулықтың саны ғана жеткіліксіз емес, сапасы да сын көтермейді. Бұл жиында осы сауалға да жауап іздеуге тура келді білім саласының бірінші басшысына.
Министрдің сөзіне сенсек, біздің елде мектеп оқулықтарын шығаратын білікті мамандар тапшы екен. «Оқулық авторлары мен сарапшылардың сапалық құрамына жүргізілген талдаулар елімізде тиісті біліктілігі мен тәжірибесі бар мамандардың жетіспеушілігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, оқулық жазатын авторлық корпустың «қартаюы» да байқалуда», – деді Аслан Сәрінжіпов өз сөзінде.
Қалай десек те, біздің оқулықтарымызға байланысты олқылық шаш етектен. Мәселен, оқулық шығаратын білікті мамандар жетіспегесін, біздің елде оқулық жазатын авторлар құрамы кейде осы салада жұмыс істемеген, оқулық материалдарын шығарумен айналыспаған мамандардан құралып жататын көрінеді. Мұны министрдің өзі де мойындап отыр. Яғни, білім саласына «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтындар» да оқулық шығару ісімен айналысады екен біздің елде. Бұл жолы министр сырын айтам деп, шынын айтқанға ұқсайды. «Бақсақ, бақа екен» демекші, мектеп оқулықтарындағы көзге ұрып тұратын қателердің кездесетіндігі де осыдан сияқты.
Қазіргі таңда оқулық шығарумен айналысатын отандық мамандардың тәжірибесін арттырумен Білім министрлігінің ұсынысымен шетелдік мамандар айналысуда. Бұл қаншалықты жемісін беретіндігі де уақыттың еншісіндегі дүние. Бірақ, бізге бұл құбылыс та «біреудің қаңсығы, біреудің таңсығы» дегендей көрінеді.
Әйтпесе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: “Сауаттау әдісін алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы боларға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс, екіншісіне де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды» дегенді тектен текке айтпаса керек-ті.
Жиын барысында Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов 5-сыныпқа арналған қазақ тілі пәнінің оқулығын Мәжіліс депутаттарына таныстырды. Өкінішке орай, сапалы түрде түптелмеген оқулықтар депутаттар бір қарап шыққанда-ақ, парақтары жыртылып, шашылып қалды. Халық қалаулылары судай жаңа кітаптың бұлайша жыртылуының сырын сұрағанда, кітаптың арзан бағада Қытайда басып шығарылғандығымен түсіндірді министр. Ал, отандық баспаларда кітап шығару қыруар қаржыны талап ететінге ұқсайды. Сонда білім басшысы, «арзанның сорпасы татымайтынын» білмегені ме?
Біздің баспаларда бір кітапты шығарудың қанша тұратындығын сұрағанда, ведомство басшысы жауап таба алмай қиналды. Соған қарағанда, жаңа кітаптарды шығару барысында отандық және шетелдік баспалардың бағасын салыстырып та қарамағанға ұқсайды. Әйтсе де, «Ұялған тек тұрмас» демекші, Білім министрі: «Кітап шығару баспалардың жеке бизнесі. Мектеп оқулықтарын басудан мемлекетті мүлдем алып тастау керек. Мемлекет жақсы менеджер емес» деді. Министрдің бұл уәжі депутаттардың көңілін көншітпеді. Әлде бұл да министрдің ойынша қаржы үнемдеудің бір түрі ме? Мемлекеттік бақылаумен шығарылатын оқулықтардың сапасы дәп осындай болса, жеке кәсіпкерлерге берсек күніміз не болмақ? Бас ұстаздың мұнысы нақты жауапқа қарағанда, сыныққа айтар сылтауға көбірек ұқсайды.
Қаптаған қатеден көз сүрінеді
Үкімет сағатында қолдарына берілген 5-сыныптың қазақ тілі оқулығын парақтап көрген депутаттар кәдімгідей қабаржыды. Қай баспадан жарық көргені де көрсетілмеген, аты бар да, заты жоқ сапасыз оқулықтарды министрдің өзіне қайтарып берді.
Ал, кітапты құр парақтап қана қоймай, оның мәтініне мұқият зер салған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы болса: «Әже, қалай ұялмайсыз?» деген сөйлемдерді кезіктіргенін айтты. «Оқулықтардағы мұндай өрескел мағыналық қателер жас ұрпаққа қандай тәрбие береді?» деп дауыс көтеруге мәжбүр болды депутаттар.
Осы уақытқа дейін қанша министр ауысса да, мектеп оқулықтарындағы қателіктер түзелмей келеді. Сонда біз сауатсыз оқулықпен сауатты ұрпақты қалай тәрбиелемекпіз? Білім саласындағы орын алып жатқан олқылықтар газетіміздің бетінде тұрақты түрде көтеріліп келе жатқаны белгілі. Оқулықтардағы кезігетін қателіктердің өрескелдігі соншалықты, тіпті мұғалімдер, ғалымдар тұрмақ, мектеп оқушыларының өздері сол қатені тауып жатқан жағдай да кезігіп жүр. «Қазақ үні» ұлттық порталында Қазыбек Исаның «Оқулықтағы екі ақынның қайсысы «ұры», министр мырза?» ( http://www.qazaquni.kz/?p=31887 ) атты мақаласы жарияланған еді. Мақалада Астанадағы №66 мектептің 2-сынып оқушысы Әмина Жарылқасынның (суретте) Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке арнайы жазған хаты да келтірілген еді.Ал фейсбукке қазақша қателер толып жүретін жазбалар жазуға уақыт табатын министріміз бес айдан бері сол газет сыны мен оқушы хатына әлі күнге жауап берген жоқ. Бұл лауазымды қызметкердің тиісті ережені бұзуы емес пе? Оқулықтағы қате үшін мектеп оқушыларының өздері министрге хат жазып, жауап күтіп жүргеннен кейін басқа не айтуға болады?
Білім министрі Аслан Сәрінжіпов Үкімет сағатында ғана емес, парламент мәжілісінің жалпы отырысында да сын садағына ілінді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» фракциясының төрағасы Азат Перуашев Білім министрлігінің енгізейін деп отырған өзгерістеріне тоқталды. Бірқатар олқылықтарды атап көрсеткен депутат өзі төрағалық ететін фракцияның бұл заң жобасын қолдаудан бас тартатындығын да мәлімдеді.
Шыны керек, білім саласына енгізіліп жатқан жаңа реформалардан халық бүгінде жауыр болды. Ылғи да ауыса беретін заңдар зығырданын қайнатса керек, Азат Перуашев жиын барысында: «Заңды ауыстыра бергенше, министрді ауыстырған жөн» екендігін бір-ақ айтты. Халықтың көкейіндегі мәселені ашық айтатын халық қалаулысы осындай болса керек-ті.
Сөз соңында оқулықтың айналасындағы олқылықтарды жоюға бір септігі тиер деген ниетпен бірқатар ұсыныстарды ұсынғанды жөн санадық:
1.Тәжірибелі мұғалімдерді республиканың түкпір-түкпірінен ашық конкурс өткізу арқылы іздеуіміз керек. Бұл өз кезегінде оқулық жазуға қажетті мамандардың табылуына септігін тигізеді.
2.Білім саласындағы білікті мамандардың «Алматыкітап» баспасының кітаптарына жүргізген зерттеуі бойынша бастауыш сыныптардағы мектеп оқулықтарының арасында сабақтастық байқалмаған. Алдағы уақытта оқулық авторлары бірлестікте жұмыс істегенде ғана мұндай кемшіліктерді түзеуге мүмкіндік тумақ.
3.Мектеп оқулықтарын қаншама тиражбен жарық көргеннен кейін емес, эксперименттен алдын ала өткізуді қолға алу қажет. Өйткені жазылған оқулықтың қаншалықты сапалы екендігі, оқытып отырған баланың ондағы бағдарламаны меңгергендігінен аңғарылады.
4.Қазіргі таңда мектеп оқуылықтарында өзге ұлттың ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тілінде аударып беру үрдісі белең алуда. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Бірақ, ең бірінші кезекте, қазақ халқының ақын-жазушыларының туындыларына көптеп көңіл бөлінуі керек. Өйткені, біз ұлттық құндылықтарымызды сақтау арқылы өз ұлтын сүйетін ұрпақты тәрбиелей аламыз.
5.Мектептерде оқытылатын балама оқулықтарды өзге елдердегі сияқты ата-аналар мен оқушыларға таңдау еркіндігі берілуі тиіс. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігінің сауатты екендігін де ескергеніміз жөн.
Нұрша Оразақынова, п.ғ.д. профессор: Оқушының не талап ететінін білмей, оқулық жазу – өте үлкен кемшілік
Мектептен тыс жүріп, оқушының не талап ететінін білмей, оқулық жазу – өте үлкен кемшілік. Менің ойымша, оқулық жазуды ұжымдық жұмыс ретінде ұйымдастыра білу қажет. Мәселен, кітап жазу ісінде ғалым, әдіскер, мұғалім үшеуі біріксе, онда бұл мәселе оң шешімін табар еді. Яғни, ғалым оқулықтың негізгі теориясын берсе, әдіскер оның әдісін жасап, ал мұғалім оқушыға қандай дүние қажеттігін ортаға салар еді.
Кезінде Алаш арыстары шығарған оқулықтардың әлі күнге дейін өміршеңдігін жоймай келе жатқаны, олардың қай-қайсысының да мектепте ұстаздық қызмет атқарғандығынан болса керек-ті.
Оқулық жазатын авторларды қартайды екен деп, қатардан сызып тастағанымыз дұрыс емес. Керісінше, олардың потенциалын әлі де пайдалана білуіміз керек. Бұл тұрғыда оқулық жазу ісін жасы келген тәжірибелі ғалымдар мен жас мамандарды біріктіру арқылы жүзеге асырсақ, ұтпасақ ұтылмас едік.
Әбділдәбек Салықбай, жазушы-журналист, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы: Кемшілік айтыла берсе, түптің түбінде әйтеуір бір түзелері хақ
Осы уақытқа дейін арнайы бәйгеден ұтып шығып, мемлекеттік тапсырыспен жазылған оқулықтың өзінен қыруар кемшілік кететіні қаншама айғақ-дәлелдермен БАҚ беттерінде жазылды. Оның нақты себептері мынадай:
– Білім және ғылым министрлігіне қарасты, Оқулық орталығы арнайы бәйгелерді дұрыс өткізбеді. Қатаң талаптарды ұстанбады.
– Оқулық жазуға өте аз мерзім берілді. Сонымен қатар, оқулық жазатын авторлар тұрақты қызметінен босатылмады. Соның салдарынан, үстірттікке, асығыстыққа жол берілді.
– Келесі жылы да оқулық жазылғанда, осынау кемшіліктер барлық Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған сындар қаперге алынбады.
– Тендерді ұтып алған баспалардағы редакторлар үлкен жауапкершілік танытпай, оқулықтардағы астыртын қате кемшіліктерімен, жеткілікті дәрежеде жұмыс жүргізбеді.
– Осындай жаппай жауапсыздық салдарынан мектеп оқулықтары қате кемшіліктерден көз ашпай келеді. Мемлекеттік тапсырыспен жазылған оқулықтар осындай ахуалды бастан кешіп жатқанда Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық пен сынақты тапсыру кезінде пайда табу мақсатымен әртүрлі оқулық шығарып жүрген авторлар осы мәселенің төңірегінде айтылған сындарды қаперіне алады деген ойдамыз. Кемшілік айтыла берсе, түптің түбінде әйтеуір бір түзелері хақ.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 21-22 (679), 02.06.2015