ҚР Премьер-Министрі
О. А. Бектеновке
Елімізде құрылған арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) негізгі мақсаты – салықтық және
кедендік жеңілдіктер арқылы инвестициялық ахуалды жақсарту, өңдеуші өнеркәсіп
пен жоғары технологиялы өндірістерді дамыту, және жоғары қосылған құны бар
өнімдердің үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайту.
Олар
қазақстандық тауарлар мен отандық кәсіпкерлерді
қолдаудың маңызды тетігі
болып табылады.
Дегенмен,
тәжірибе көрсеткендей, кейбір жағдайларда арнайы экономикалық аймақтардың
жұмысы негізінен шетелдік инвесторлардың мүддесіне бағытталғанын байқауға
болады. Базалық жеңілдіктерден бөлек, инвестициялық келісімшарттар аясында олар
қосымша мемлекеттік қолдауды пайдалана
алады, атап өтсек, инвестицияларды қорғау кепілдіктері, халықаралық
арбитражға жүгіну құқығы, жабдықтарды әкелу кезінде салықтар мен кедендік
төлемдерден босату және тағы да басқалар.
Бұл тетіктер
шетелдік инвесторлар үшін ерекше қолайлы жағдай туғызып төмен баға қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал, отандық кәсіпкерлерге бұндай
жеңілдіктер қарастырылмаған. Сол себептен, бізде жергілікті инвестордың
бәсекеге қабілеттілігін шектемей, оларға тең мүмкіндіктер беру маңызды деп санаймыз. Бұл мәселе
фракция депутаттары өңірлерді аралау кезінде жергілікті кәсіпкерлермен кездесу барысында да
көтерілген болатын.
Келесі өткір сұрақтардың бірі, 2024 жылғы 1
қаңтардан бастап енгізілген салықтық преференциялар беру кезінде инвесторларды
салынған инвестиция көлеміне қарай үш
санатқа бөлу мәселесі. Яғни, «инвестор неғұрлым ірі болса, соғұрлым
мемлекеттік қолдау көлемі де артады».
Мәселен,
инвестиция көлемі айлық есептік көрсеткіштің 3 миллион еселенген мөлшеріне
дейінгі «А» санатындағы инвесторлар небәрі 7 жылға дейінгі преференцияларға
үміт арта алады. Ал инвестиция көлемі айлық есептік көрсеткіштің 14,5 миллион
еселенген мөлшерінен асатын «С» санаттағы инвесторларға 25 жылға дейінгі
салықтық жеңілдіктер беріледі.
Бұл ретте, ірі
бизнес пайдасына айқын басымдылық байқалады.
Ал, шағын және
орта жобалар үшін тек 7 жылдық преференция, ірі инвестициялық жобалармен
бәсекеге қабілеттілікті шектеуге себеп болады.
Бұл тұрғыда,
инвесторларды санаттарға бөлмейтін тәжірибеге қайта оралу, немесе шағын және
орта жобалар үшін преференциялар мерзімін кемінде екі есеге ұзарту орынды деп
санаймыз.
Айта кетсек,
шағын және орта бизнес – ел экономикасының жүйеқұраушы секторы. Оның жалпы ішкі
өнімдегі үлесі шамамен 40 пайызды құрайды, және осы секторда жұмыспен
қамтылғандар саны 4,5 миллион адамға жуық – бұл елдің экономикалық тұрғыдан
белсенді халқының 45 пайызы.
Тағы бір
маңызды мәселе, жергілікті атқарушы орган кейбір инвестициялық жобаларды
инженерлік және көліктік инфрақұрылыммен дер кезінде, толық көлемде қамтамасыз
етпегендігі туралы ақпарат бар.
Мұндай жағдай,
инвесторларды коммуникация жүргізу барысында бюрократиялық барьерлерге тап
болып, көзделмеген қосымша шығындар жасауға мәжбүрлеп инвестициялық
тартымдылықты төмендетеді және мемлекет тарапынан берілетін преференциялардың
тиімділігін әлсіретеді.
Жоғарыда
айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы:
1. Отандық
және шетелдік инвесторлардың мүдделер теңгерімін ескере отырып, преференциялар
беру жүйесіне талдау жүргізуді;
2.
Инвесторларды санаттарға бөлу тәртібін қолданбауды немесе шағын және орта
жобалар үшін преференциялар беру мерзімін кемінде екі есеге ұлғайту мәселесін
қарастыруды;
3. Жергілікті
атқарушы орган инвестициялық деп танылған жобаларды коммуникациямен дер кезінде қамтамасыз ету.
4. Инженерлік
инфрақұрылымды өз қаражаты есебінен салған инвесторлар үшін, шығындарды субсидиялау
тетігін енгізуді ұсынады.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
О. Нұралдинов