21
Қантар

21.01.2026

Жасанды интеллект пен цифрландыру жеке жауапкершілік пен жүйелі шешімдерді қажет етеді

ҚР Премьер-Министрі

О.А. Бектеновке

Ұлттық құрылтайдың отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды цифрландырудың қазіргі тәсілдеріне нақты әрі принципті баға берді. Президент цифрландыру мен жасанды интеллект сәнді ұрандар, форумдар немесе пиар-науқандар үшін емес, бүкіл мемлекеттік аппарат үшін стратегиялық міндет ретінде жарияланғанын атап өтті.

Әсіресе, негізгі басымдықтар атап өтілді: егер басқару үдерістері бастапқыдан дұрыс құрылмаса, қайталанатын функциялармен және бюрократиялық әуре-сарсаңмен шамадан тыс жүктелсе, технологиялар өздігінен басқарудағы бейберекеттілікті жоя алмайды. Сондықтан цифрлық трансформацияға басқару жүйесінде тәртіп орнату, үздік басқарушылық тәжірибелерді енгізу және мемлекеттік сектордың ұйымдастырушылық мәдениетін арттыру алғышарт болуы тиіс.

«Ақ жол» фракциясы Президенттің бұл ұстанымын толық қолдайды.

Сонымен қатар, мынаны атап өтуге мәжбүрміз: қомақты бюджет шығындарына қарамастан, Қазақстанда цифрландыру әлі де болса көп жағдайда бытыраңқы, фрагментті және формалды түрде жүзеге асырылып келеді. Біртұтас басқарылатын саясаттың орнына іс жүзінде әртүрлі стандарттар бойынша, толыққанды интеграциясыз және түпкі нәтижеге жауапкершіліксіз жасалатын ведомстволық және өңірлік ақпараттық жүйелердің «зообағы» қалыптасуда. Бұл проблемалардың сақталып отырғанын білдіреді: цифрлық құралдар көбіне ескі бюрократияның сыртынан енгізіліп, басқарудағы бейберекеттілікті қысқартпай, керісінше, жекелеген жағдайларда оны жаңа формада бекітіп отыр.

«Ақ жол» фракциясы бұған дейін IT-жобаларды біріздендірудің, цифрландырудың бірыңғай платформалық архитектурасын енгізудің және мемлекеттің цифрлық саясатынан тыс ведомстволық әрі өңірлік шешімдерді әзірлеу тәжірибесін жоюдың қажеттілігі мәселелерін бірнеше рет көтерген болатын. 2025 жылы біз цифрландыру мәселелері бойынша бес депутаттық сауал жолдадық. Алайда, өкінішке орай, өкілетті органдардың берген жауаптары көтерілген проблемаларға толыққанды шешім ұсына алмады.

Бүгінде ең осал әрі әлеуметтік тұрғыдан ең сезімтал салалар – денсаулық сақтау мен білім беру болып отыр, өйткені дәл осы салаларда ең ірі бюджет ағындары шоғырланып, қоғам үшін өткір мәселелер жинақталған. Бұл салаларға қатысты қоғамдық резонанс айтарлықтай жоғары, басқарудағы проблемалар, үдерістердің ашықтығының әлсіздігі және бақылаудың жеткіліксіздігі туралы көптеген дабылдар байқалып отыр. «Ақ жол» фракциясы 2026 жылы нақты цифрлық трансформацияның басым бағыттары ретінде дәл осы денсаулық сақтау мен білім беру салалары айқындалуы тиіс деп санайды, себебі бұл азаматтардың өмір сүру сапасына, бюджет қаражатын қорғауға және қоғамның сеніміне тікелей байланысты.

Кадр мәселесі де жеке шешімді талап етеді. Басшылық лауазымдарға тағайындау үшін мемлекеттік қызмет өтілін міндеттейтін қолданыстағы тәжірибе бәсекелі нарықтан мықты IT-мамандарды тартуды іс жүзінде тежеп, цифрлық жобаларды басқару сапасын төмендетіп отыр. Президент қойған міндеттерді іске асыру үшін цифрлық лауазымдар бойынша (цифрлық трансформация басшылары, архитекторлар, киберқауіпсіздік мамандары, деректер талдаушылары) арнайы тәртіп қарастыру орынды деп санаймыз. Бұл ретте расталған біліктілігі мен тәжірибесі бар бейінді мамандарды мемлекеттік қызмет өтілі міндетті емес негізде, құзыреттері бойынша кәсіби іріктеу арқылы тағайындауға мүмкіндік берілуі тиіс.

Сондай-ақ, әрбір орталық мемлекеттік органда цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуге жеке жауап беретін, KPI көрсеткіштері мен дербес жауапкершілігі бекітілген вице-министр деңгейіндегі басшының орынбасары болуы қажет деп санаймыз.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы келесіні сұрайды:

1. Бірыңғай мемлекеттік цифрлық платформаны (QazTech/аналог) өнеркәсіптік пайдалануға енгізудің күнтізбелік жоспарын, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ЖАО-ның қолданыстағы ақпараттық жүйелерін бірыңғай архитектураға интеграциялау жөніндегі жол картасын ұсыну, онда нақты мерзімдер мен жауапты лауазымды тұлғалар көрсетілуі тиіс;

2. 2026 жылға арналған денсаулық сақтау және білім беру салаларын цифрлық трансформациялаудың жеке кешенді жоспарын нақты KPI көрсеткіштерімен бірге ұсыну. Бұл жоспар бюрократия мен қайталанатын рәсімдерді қысқартуды, үдерістердің ашықтығын және салалардың басқарылуын арттыруды, қызметтердің тиімділігі мен сапасын мониторингтеудің цифрлық тетіктерін енгізуді, сондай-ақ жасанды интеллектті қолдану аясын кеңейтуді қамтуы қажет.

3. Цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізуге жеке жауап беретін вице-министр/басшының орынбасары деңгейіндегі лауазымды тұлғалар қай министрліктер мен орталық мемлекеттік органдарда жоқ екені туралы ақпаратты ұсыну және бұл мәселені шешу жөніндегі шаралар туралы хабарлау. Соның ішінде, мұндай кураторларды тек расталған кәсіби құзыреттері мен KPI көрсеткіштері бар IT саласының мамандары қатарынан тағайындауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар көрсетілуі тиіс;

4. Мемлекеттік басқару жүйесіне кәсіби IT кадрларын тартуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою жөнінде ұсыныстар енгізіп, кәсіби құзыреттері расталған жағдайда, мемлекеттік қызмет өтілін міндетті талап етпей-ақ, басшылық цифрлық лауазымдарға тағайындау мүмкіндігін қарастыру.

Заңда белгіленген мерзімде ресми жауап жолдауды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары


О. Нұралдинов

А. Перуашев

Д. Еспаева

С. Ерубаев

Е. Барлыбаев

Қ. Иса