https://egemen.kz/article/236339-partiyalardynh-partiyasy-qashan-shyrqalady
Президенттің пәрменді тапсырмалары саяси жүйені жаңғыртуға соны серпін беріп, сең қозғала бастады. Митинг мәдениетін қалыптастыру, көппартиялық жүйені дамыту және парламенттік оппозиция институтын құру бастамаларының заңмен бекіту ұмтылыстары – соның айғағы.
Саяси бәсекелестік енді қыза түседі
Мұның бәрі Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы алдында партиялар бәсекесінің көрігін қыздырмақ. Осы ретте көптің көкейінде бұл жолы да алты партияның додасына куә боламыз ба, әлде жаңа партиялардың дебютін көріп қаламыз ба деген сұрақтың тұрғаны анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы азаматтық қоғамды күшейтуге басымдық беріп, бұқара мен билік арасындағы диалогты дамытуға барынша ден қойып келеді. Бұл қоғамдағы сірескен мәселелердің сеңін қозғап, шеті шыққан шетін жағдайды шешудің нақты іс-шаралары қолға алынуда. Осы ретте саяси жүйені реформалаудың маңызы артты.
Президент жаңа кезеңге бағыт-бағдар болатын Жолдауында өзі уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтар мен мемлекеттің мүддесіне сәйкес біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатынын алға тартты. Оның саяси реформалауға қатысты идеялары өзі құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясында жандана түсті.
Осы Кеңестің отырысында тегеурінді қадамның алғашқысы ретінде митинг туралы заңнаманы жетілдіру назарға алынды. Өйткені кейінгі кездері наразылығын білдіріп көшеге шыққан жұрттың қарасы көбейгені қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келгенін аңғартты. Сол себепті қазіргі заңнамаға жай ғана өзгеріс енгізу емес, бейбіт жиынның барлық түрін өткізу, ұйымдастыру мәселелерін реттейтін концептуалды жаңа заң қажет болды. Қазір осы мақсатта Парламентте арнайы заң жобасы қаралып жатыр.
Әлбетте, Мемлекет басшысы қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелердің көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуына баса мән беріп отырғаны сөзсіз. Сол үшін халық үнінің елеусіз қалмауы, оны билікке жеткізетін депутаттардың белсенділігі, партиялардың әлеуеті алдыңғы қатарға шықты. Президенттің «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» ұстанымы көппартиялық жүйені дамытуға да ұстын болып тұр. Себебі партиялардың бәсекесі ең алдымен халықтың проблемаларын шешуге, елдік мүддеге негізделеді.
Жаңа партиялардың пайда болуына кедергі келтіретін талаптарды жеңілдету тетігі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Президент саяси партия құруды жеңілдетудің бір алғышарты ретінде партияны тіркеу үшін оның мүшелері санын екі есеге азайтуды ұсынды. Яғни саяси партияның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек деген бұрынғы талап келмеске кетіп, енді жаңа партия құру үшін 20 мың қол жинау жеткілікті болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы партия қатарына сайланатын азаматтар тізімінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны енгізу туралы бастама көтерді. Бұл нормалар аталған санаттағы тұлғаларды елдің қоғамдық-саяси үдерістеріне белсенді араласуға мүмкіндік бермек. Жалпы партиялық гендерлік квоталар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, осындай ережелер Германия, Норвегия, Франция және Бельгияда сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген.
Бүгінде көтерілген ұсыныстар бойынша Парламентте заңнамаға арнайы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Сайлау туралы және Саяси партиялар туралы заң жобалары алдымен Мәжілісте талқыланып, мақұлданды. Бұл заң жобаларында саяси партия құру кедергілерін азайту, әйелдер мен жастарды саясатқа белсенді қатыстыру жөніндегі Президенттің тапсырмалары толықтай қамтылды.
Заңдардың қабылдануымен жастардың, жас болғанда нақты 29 жасқа толмаған азаматтардың ел ісіне араласып, Парламентте және жергілікті өкілетті органдарда қызмет етуіне зор мүмкіндік туып тұр. Көпшілік бұл өзгерістерге оң көзқараспен қарап, қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде кеңінен талқылап, айналасындағы белсенді жастардан өкілетті орындарға кімдерді лайықты көретіні туралы пікірлерін ортаға салып жатыр.
Аталған заңның Парламент Мәжілісінде қаралуы барысында палата Төрағасы, Nur Otan фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин де жастар квотасына ерекше назар аударды.
«Шынын айту керек, бұл мәселе қоғамда және жұмыс тобында көп талқыланды. Біріншіден, көптеген елде сайлау кезінде партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде болса да, қандай қоғамда болса да жастарға деген сенім өте зор. Әрине жастардың өмірлік тәжірибесі аздау болуы да мүмкін, бірақ олардың заманға сай идеялары, олардың заманға сай ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді. Меніңше, жастар квотасы партиялық тізімде заң бойынша міндетті түрде болуы керек. Әрине 29 жасты біреулер жастау дейді, біреулер жасы жетті дейді. Бірақ олардың заманға сай жаңа креативті идеялары бар, ұсыныстары бар. Сондықтан мұндай батыл қадамдардан қорықпауымыз керек», деді Мәжіліс Спикері.
Жақында Сайлау туралы және Саяси партиялар туралы қос заң Сенат депутаттары тарапынан да қолдау тапты. Содан кейін іле-шала Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында арнайы жазба қалдырып, бұл заңдардағы жаңа нормалар Мемлекет басшысының саяси реформалар пакеті аясында қолға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәслихаттардағы 3 335 орынның тек 740 орнын ғана әйелдер алып отыр. Жалпы республика бойынша 53 депутат – 29 жасқа дейінгі жастар. Олардың 44-і аудандық мәслихаттарда, ал облыстық мәслихаттарда жастар мүлдем жоқ деп айтуға болады. Сондықтан бұл нормалар әйелдер мен жастардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге бұдан да кеңірек әрі белсенді қатысуына ықпал етеді.
Енді заң бойынша саяси партиялардың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайызды құрауы қатаң қадағаланады. Олай болмаса, Орталық сайлау комиссиясы партиялардың ұсынған тізімін тіркеуден бас тартады. Партиялардың белсенділігін күшейтуге арналған мұндай ілкімді бастамалар көппартиялық жүйенің дамуына ықпал етуді көздейтіні түсінікті. Осылардың ішінде парламенттік оппозицияның орны ерекше.
Оппозиция рөлі «Ақ жолдың» еншісіне тие ме?
Балама көзқарастар күрмеуі қиын кез келген күрделі мәселеге жан-жақты қарап, түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Бұған кейінгі кездері өз ұстанымдарын ашық байқатып жүрген, ой-пікірі қалыптасқан, көпшіліктің сеніміне ие болған азаматтардың өзекті мәселелерді шешуге белсене араласуы дәлел бола алады. Дәл осылай партиялар арасындағы сындарлы, ашық саяси бәсекелестік қыза түссе, қоғамның олқы тұстары кеңінен талқыланып, оның оң шешілуіне де жол ашылады. Бұл ретте Президенттің парламенттік оппозиция институтын құру туралы бастамасы саяси жүйенің бойына айтарлықтай қан жүгіртпек.
Аталған идеяны да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ұсынды. Сол алқалы жиында ол:
«Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту керек. Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет. Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деген еді.
Парламенттік оппозиция институтын құру идеясы көппартиялықты дамытуға айтарлықтай серпін береді. Бұл – біздің елдің саяси жүйесіндегі соны қадам. Өйткені Қазақстанның заң кеңістігінде бүгінгі таңға дейін «оппозиция» деген ұғым мүлдем болмаған. Оның сыртында өздерін оппозиция тұтып, аттандағандар да басы бірігіп, бүтін бір үлкен күшке айналмаған. Сондықтан ел арасында қайсысы нақты оппозиция екені туралы сыңаржақ пікірлер әлі күнге толастаған емес. Ал аталған бастамадан кейін көпшілік бұл жағдай қалай құбылады, шын мәнінде партиялардың бәсекесі күшейе ме дегендей қызығушылық таныта бастады.
Қазір тың бастаманың іске асырылуы заңмен нақты бекітіліп жатыр. Арнайы заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінде мақұлданып та үлгерді. Бұл құжат бойынша оппозиция бірнеше құқықтық артықшылыққа ие болмақ. Атап айтқанда, Мәжіліс комитеттерінің біріне төрағалық ету, екі комитеттің хатшысы лауазымдары, әр сессия кезінде парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттарын бекіту құқығы, үкіметтің заң жобасына оппозиция келіспейтін қарсы балама заң жобасын ұсыну, Парламенттің кез келген іс-шараларында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырыстарында сөз сөйлеу сияқты кепілдіктер беріледі.
Парламенттік оппозиция туралы заң жобасын «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ұсынды. Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы 2013 жылы парламенттік оппозиция туралы заң жобасын дайындап, ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократия институттары және адам құқықтары жөніндегі бюросының оң бағасын алған екен. Содан аталған партия Президенттің былтырғы желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес заң жобасын қазіргі кезеңге келтіріп, қайта әзірлеп шыққан.
Заң жобасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытындысын және Еуропа демократиялық Комиссиясының «Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасының ұстанымдары қолданылыпты. Бұл еуропалық құжаттың 23-тармағында «Парламенттік оппозицияның құқықтық шарттары кез келген саяси жүйенің демократиялық жетілуін бағалаудың эталоны болып саналады» деп көрсетілген. Сонымен қатар баяндаманың 11-тармағында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» делінген.
«Қабылданып жатқан заң парламенттік көпшіліктің оппозиция құқықтарын бұзуына жол бермейді. Мысалы, егер оппозицияға бөлінген комитетке азшылықтың үміткері қажетті дауыс жинай алмаса, сол лауазымға оппозиция басқа да кандидаттарын ұсына алады. Өйткені бұл квота тек оппозицияға берілген. Егер парламенттік көпшілік пікірталасты тоқтату туралы шешім қабылдаса да, бәрібір оппозицияға сөз беруге міндетті. Меніңше, бұл оппозицияға ешқандай қатысы жоқтарға ғана ұнамауы мүмкін. Сенат жобаны қолдаса, заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді. Яғни, бұл заң қазіргі фракциялар үшін емес, болашақ парламентке арналған», деді Азат Перуашев.
Қалай дегенмен, демократияға дем беретін бұл бастаманың құптарлық қадам екені даусыз. Осылайша біздің елдегі оппозиция туралы түсінік бірте-бірте өзгере түсер. Өйткені қоғамда оппозицияға үрке қарап, одан бойын аулақ ұстауды жөн көретін қатып қалған қасаң көзқарас қалыптасқан. Оның үстіне өздерін оппозициямыз деп санайтындар жік-жікке бөлініп, қырғи-қабақ болып, бір-бірін белгілі бір тараптың сойылын соғады деп айыптап жатады. Яғни жаңа бірлестіктердің құрылуына осындай кедергілердің де бары рас. Егер оппозиция шын мәнінде атына заты сай болып, халықтың жанайқайын демократиялық жолмен жеткізсе, бюджеттің тиімді жұмсалуынан бастап қажетті бағдарламалардың толық орындалуы, маңызды заңдардың дұрыс қабылдануы сияқты мәселелерді жіті қадағаласа, қоғамдық-саяси өмірдің жандана түсері анық. Әрі партиялар арасында нағыз бәсеке басталады.
Партиялардың әлеуеті қандай?
Сайып келгенде, саяси бәсекелестікті, партиялардың белсенділігін күшейтуге бағытталған ұсыныстардың заңмен бекітіліп, жүзеге аса бастауы алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы үшін маңызды болып тұр. Қазірдің өзінде партияны тіркеудің кедергілері азайғаны жаңа саяси бірлестік құруға талаптанғандарды біраз ынталандырды. Мысалы, Әділет вице-министрі Наталья Пан өткен жылдарға қарағанда елімізде саяси белсенділіктің жоғарылағанын мәлімдеді. Әділет министрлігі өкілетті орган ретінде саяси партияларды мемлекет тіркеуінің статистикасын жүргізеді. Ведомство өкілінің айтуынша, бүгінде 7 ұйым тіркеуден өте алмай қалыпты.
«Тіркеуден бас тартудың себебіне тоқталсақ, жетеудің бесеуі бастамашы топтардың тізімін ұсынбауына қатысты. Біреуінде ұйымдастыру комитеті қызметінің мерзімі өтіп кеткен, заңда алты айлық мерзім қарастырылған. Бұл тұрғыда Әділет министрлігі тіркеуден бас тартуға мәжбүр болады. Тағы бір бірлестік тексеруден өтіп жатыр, яғни оның мүшелері шетел азаматтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметші, судья болмауы керек. Осындай шектеулер бар. Бұл тұрғыда жалпы жеті бірлестік бар», деді Наталья Пан.
Партияны тіркеудің рәсімдерін жеңілдететін бастамалар қолға алынғанымен, аталған сайлауларға дейін жаңа партиялар құрылып үлгермеуі де мүмкін. Мұндай пікірді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалы білдірді. Ол жаңа партия құру үшін 20 мың қолдың өзін жинау оңай болмайтынын, мысал ретінде 140 миллионнан аса халқы бар көрші Ресейде жаңа партия тіркеу үшін кемінде 5 мың мүшесі болуы керек екенін алға тартты.
«Жаңа партия тіркеудің бұдан да басқа кедергілері баршылық. Дегенмен тиісті заңдардың қабылданғаны – жетістік. Енді оппозицияға лайық орта – қозғалыстар, партиялар, жекелеген тұлғалардың Парламентке енуінің негіздері жасалуы керек. Қазір «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстан коммунистік халық партиясы Парламенттегі оппозиция саналады. Бірақ оларды толыққанды оппозицияға жатады деп ойламаймын. Себебі Парламентте депутаттар арасында АҚШ, Еуропадағыдай қызу пікірталастардың болып жатқанын көрмейміз. Айталық, оппозиция деген бюджеттің дұрыс бөлінбеуімен келіспеу сияқты белгілі бір мәселеге қатысты өткір пікір білдіріп отыру керек. Заң жобаларына дауыс беруге келгенде еш қарсылықсыз 100 пайызбен қабылданып жатады. Содан соң тағы түзетулер енгізу керек болып, Парламентке қайтарылғанда депутаттар қалай байқамағанбыз деп өздері таңғалып жатады», деді Расул Жұмалы.
Сондай-ақ саясаттанушы әйелдер мен жастардың үлесі мұнша пайыз болуы керек дегенге қатып қалуға болмайтынын, тіпті Парламентте түгел әйелдер отырсын, бастысы ол орынға білікті, қабілетті, нағыз лайықты тұлға келуі керек деп санайтынын жеткізді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров та әлеуметтік желіде Парламент депутаттары мен мәслихат депутаттарына қатысты біраз сынын айтты. Ол депутаттардың өздерін халықтың өкілінен гөрі заң шығарушы деп есептейтінін, ал мәслихат депутаттары бюджетті бекітетін әкімдердің жеке конторын елесететінін атап өтті.
«Заң шығарғанда біздің депутаттар «мемлекет мүддесі» тұрғысынан қарауға тырысады. Ал сол мемлекетте азаматтардың тұратындығын, азаматтарсыз мемлекеттің болмайтындығын, заңның азаматтарға қолайлы болуы керек екенін ойларынан шығарып алады. Мәселе – осында. Тағы бір мәселе, депутаттар моральдық беделі бар, алғыр болуы керек. Шетелде депутаттар әртүрлі ұсыныстарын білдіріп жатады. Ал бізде жоқ. Заң шығарушы тармақтың халық алдында беделі бар, ықпалды тұлғалардан, өзінің ойын ашық жеткізуге қабілетті азаматтардан құралғаны жүйеге қажет. Егер Парламент мығым, мықты болса, жүйе орнықты болады. Парламент шын мәнінде Үкіметке әсер ете алатын болса, әділеттілік принциптері орнайды. Парламент саяси әртарапты болса, көше стихиясы саябырсиды. Саяси әсіре ағымдар азаяды. Сондықтан Парламенттің рөлін арттыру керек. Жергілікті мәслихаттың да рөлін күшейтіп, депутаттарға кәсіби түрде жұмыс атқаруға мүмкіндік берген дұрыс. Мәслихаттың төрағасы функциясын енгізу маңызды», деді Ерлан Саиров.
Жалпы алдағы саяси додаға дайындық туралы сөз қозғалғанда оның қашан өтетініне қатысты да біраз долбар жасалып жатыр. Әсіресе ел арасында бұл сайлаудың мерзімінен бұрын өтетіні көп айтылды. Мұндай ойға жетелейтіні – осыған дейінгі сайлаудың көбі кезектен тыс өткені. Алайда Елбасы да, Мемлекет басшысы да парламенттік сайлаудың конституциялық мерзімде өтетінін айтқан еді. 2016 жылы сайланған алтыншы шақырылым депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Яғни, ендігі сайлау 2021 жылы өтуі керек.
Ал енді бұл сайлауда партиялар бәсекесі қалай өрбитіні қызық болмақ. Алдымен дәл қазір елімізде алты саяси партия тіркелгенін айта кетейік. Олар – Nur Otan партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП). Бұлардың алдыңғы үшеуі қазір Мәжіліске орныққан. Парламент палатасындағы көппартиялықты құрап отырған бұл үштік келер сайлауда түгел орнын сақтап қала ала ма?
Әрине Nur Otan-нан кейін «Ақ жол»-дың атқа қонатыны айқын. Өйткені Парламенттік оппозиция туралы заң әзірлеп, саяси бәсекелестікті күшейтуге атсалысып жатқан партия бұл додада бұғып қалмас. Ал Қазақстан коммунистік халық партиясының Парламентке қайта енуі оңай болмайын деп тұр. Бүгінде бұл партияның көзқарасы ескірген деп санайтын қарапайым жұрттың қарасы көбейген. Оның үстіне тәуелсіздік жылдары дүниеге келген, жаңаша ойлайтын жастар өсіп келеді.
Қанша жерден қарыштап дамып, қалаларымыз құлашын жая түскенімен, ауылдан тамыры ажырамаған ағайын көп. Бұған қоса қазіргі тар кезеңде азық-түліктен тарықпау үшін ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетудің маңызы арта түсті. Осы ретте «Ауыл» партиясының аты жиі атала бастады. Аталған партияның төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев ауыл шаруашылығына басымдық беріліп отырған қазіргі жағдайды ескере отырып, өз партиясы алдағы сайлауларға белсенді дайындалып жатқанын, сондай-ақ саяси бәсекелестік күшейген кезде Парламентке жаңа партиялардың енуі әбден мүмкін екенін айтты.
«Қазақстан халқының 40 пайызы ауыл тұрғындары екенін ескерсек, электоралды әлеуетімізді аса жоғары деп бағалауға болады. Бұл – ірі қалаларға көшіп келген, әлі де ауылдың құндылықтарынан ажырамаған отандастарымызды қосып есептемегенде айтып отырғаным. Өйткені еліміздегі урбанизациялық процестердің ауылдан ірі қалаларға көшіп келіп жатқан ауыл тұрғындарының есебінен жүріп жатқанын жақсы білесіздер. Соның нәтижесінде қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты миллиондық қалаларымыз бар. Жақында бұлардың қатарына Ақтөбе мен Қарағанды қосылуы мүмкін. Егер партияның жұмысын дұрыс жолға қоя білсек, бұл электораттың барлығын өз тарапымызға тартуға мүмкіндік бар. Көппартиялық сайлау жүйесі түптеп келгенде партиялар арасындағы идеологиялық күреске құрылады. Әр өткен сайлау сайын саяси алаңдағы мұндай идеологиялық текетірестің белгілері айқындала түсері анық. Болашақ сайлаудың нәтижесі бойынша Парламенттегі партиялық коньюктура өзгеруі мүмкін. Парламент құрамына жаңа партиялар енуі ықтимал. Тіпті жоғарғы заң шығарушы органның құрамы жаңа партиялармен толығуы тиісті деп ойлаймын. Бұл – қазіргі қоғам үшін өте қажетті өзгеріс», деді Әли Бектаев.
Ал былтырғы Президент сайлауында бой көрсетпеген «Бірлік» пен ЖСДП партияларының биылғы сайлаудағы әлеуеті туралы айту қиын. Бір білетініміз, өткен жылы ЖСДП тарапынан Парламент сайлауына дайындаламыз, бұл халықтың, біздің сайлау болады деген мәлімдеме жасалған. Не де болса, осы жолғы сайлауға дейін жаңа партиялар құрылып, саяси өмірге жаңа леп келсе, сайлау кезінде оянатын партиялардың қимылы ширап, әжептәуір сергіп қалатын шығар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, демократиялық бетбұрысқа негізделген елеулі өзгерістер Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы кезінде саяси бәсекелестіктің көрігін қыздыруға ықпал етеді. Тиісті заңдардағы қисынсыз нормаларды алып тастау, белсенді азаматтардың құқығын қорғау, жаңа партияларды тіркеуді жеңілдету сияқты қадамдар арқылы қоғамда пікір алуандығы кеңінен сипат алады. Бұл өз кезегінде сайлаушылардың өздері мүдделі болған мәселелерді шешуге қауқарлы деген қалаған партиясын таңдауына мүмкіндік береді. Осылайша халықтың саяси сауаты артып, таңдаған партияларының уәделеріне қаншалықты берік болғанын ұдайы бақылап отырады. Партияларға сенім күшейсе, шетін мәселелерді көшеде толқу ұйымдастырмай-ақ шешуді мақұл көретін жұрттың қатары көбейер еді. Қалай болғанда да алдағы сайлау кезінде шымылдығы түрілетін саяси сахнада партиялардың партиясы шырқалып, жаңа партиялардың дебютін көреміз деп үміттенеміз.