29
Наурыз

Тоқаев салық реформасын жүргізуді тапсырды

29 наурыз 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

«Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев фискальдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керектігін атап өтті. 

«Бұл кәсіпкерлердің тіршілігін айтарлықтай дәрежеде жеңілдетуге және бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға септігін тигізеді. Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға болар еді», - деді Президент.

Бұл тапсырмаларды «Ақ жол» демпартиясы позитивті түрде қабылдады.

2012 жылдан бастап «Ақ жол» демпартисяның фракциясы үкіметке сараланған салық мөлшерлемесін енгізуді табанды түрде ұсынып келеді. Дәл осындай талап «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында да бар https://akzhol.kz/kk/program

- Біз 12 жылдан бері салалардың ерекшеліктерін ескеретін салық мөлшерлемелерін енгізуді талап етіп келдік. Бізде сүт өндірушілер, құрылысшылар, бөлшек сауда желілері және тауар алпауыттары бірдей қосымша құн салығын және корпоративтік табыс салығы мөлшерлемелерін төлейді.

Бірақ мемлекет мұнай, газ және металл экспорттаушыларына ҚҚС-ті қайтарады, ал барлық отбасы қарыз болып отырған банктер бұл салықты мүлдем төлемейді. Яғни, ең байлар аз, ал әрең күнелтіп жүргендер - өздері үшін және байлар үшін төлейді.

Бизнесті шенеуніктер емес, Президент Қ.Тоқаев естіп, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеу және сараланған мөлшерлемелерді енгізу туралы тікелей тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы он жылға созылған дауға нүкте қойды, бұл парасаттылық пен Парламенттегі фракциямыздың күш-жігерінің жеңісі деп бағалауға болады.  Біз бұл жұмысты нақты іске асқанынша жалғастырамыз», - деді А. Перуашев.

Қ.Тоқаевтың парламенттегі бүгінгі сөзі мәселені талқылауды практикалық деңгейге көшірді.