Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі
Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің сайлаушылармен үгіт-насихат кездесулері
басталды. Өңірлердегі кездесулер Абай облысынан бастау алды.
Мәселен, облыстың ақсақалдарымен және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен
кездесуде РҚШ мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және
әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында қамтылған
мәселелер кеңінен талқыланды. Әсіресе,
мәдениетті дамытуға, мемлекеттік тілді қолдауға, тарихи-мәдени ескерткіштерді
қалпына келтіруге айрықша мән берілді.
Бұдан соң, Абай облысының жұртшылығымен өңірлерді дамыту, ең алдымен,
ауылдарда жайлы өмір сүруге жағдай жасау бойынша кандидат ұсынған шаралар
талқыланды. Кездесуге 300-ден астам адам қатысты.
Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан
Қошанов халқымыз Әділетті Қазақстан құру идеясының төңірегінде топтасуы
тиіс екенін атап өтті.
«Президенттің саясаты мен
іс-қимылы, бірінші кезекте, мемлекет мүддесін қорғап, ел тәуелсіздігі мен
қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Халықтың қалауы да – осы! Бір сөзбен
айтқанда, ел мүддесі де, ер мүддесі де бір жерден шығып отыр», – деді ол.
Әлихан Бөкейханов атындағы университетте жастармен кездесу өтті. Жиында
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды
бағдарламасындағы жастарға қатысты іс-шаралардың барлығы жүйелі түрде жүзеге
асатынын атап өтті.
Осы күні РҚШ мүшелері «Семей Цемент» АҚ-ға барып, кәсіпорынның еңбек
ұжымына кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы
түсіндірді.