Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі
Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Ақтөбе облысының тұрғындарымен бірқатар
кездесу өткізді.
Ақтөбе рельс-арқалық зауытының еңбек ұжымымен кездесуде кандидаттың сайлау
алдындағы бағдарламасында көрсетілген ел өнеркәсібін дамытуға арналған шаралар
талқыланды.
«Ақтөбе облысы – еліміздегі маңызды индустриалды өңір. Еңбек адамдары,
сондай-ақ, жауапты, еңбексүйгіш, патриот ақтөбеліктер облыстың
өсіп-өркендеуінің негізі екені сөзсіз. Сіздер әрдайым еліміздегі реформаларды,
бейбітшілікті және тұрақтылықты қолдап келдіңіздер. Сондықтан алдағы президент
сайлауында, ел дамуындағы осындай жауапты кезеңде өңір тұрғындары дұрыс таңдау
жасайды деп сенеміз», – деді Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы
Мәулен Әшімбаев.
Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесуге 350-ден астам адам қатысты.
Іс-шарада РҚШ мүшелері сайлау алдындағы бағдарламаның өңірлік инфрақұрылымды
жақсарту және жұмыс орындарын ашу мәселелеріне арналған бағыттарына назар
аударды.
Қаладағы Орталық стадионда «Ақтөбе» футбол клубының ойыншыларымен кездесу
өтті. Онда Кандидаттың кәсіби спортты дамытуды және саламатты өмір салтын
дәріптеуді көздейтін басымдықтары сөз болды.
Штаб мүшелері Қ.Жұбанов атындағы университетте жоғары оқу орнының
ғалымдарымен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Кездесуде сайлау
алдындағы бағдарламадағы ғылымды қолдауға арналған нақты шаралар талқыланды.