25 қыркүйек 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы
24-25 қыркүйекте Жаңаөзен қаласында «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы KWF федерациясымен бірлесе отырып, каратэ-до кекушинкайдан Азия чемпионатын өткізді.
Азия чемпионатының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, "Ақ жол" партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Жаңбырбай Матаев, Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстарынан партия өкілдері мен маслихат депутаттары, халықаралық жалпы стильдегі каратэ федерациясының президенті Рамиль Габбасов, Польшадан арнайы келген KWF халықаралық федерациясының бас хатшысы, қара белбеу 9-шы Дан иегері Анджей Древняк, төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин қатысты.
- Құрметті спорт сүйер қауым, Жаңаөзен қаласында өтіп жатқан кекушинкай каратэ-до Азия чемпионаты баршамызға құтты болсын. Осы кекушинкай каратэ-до негізін қалаушы, оның философиясын жасаған бүкіл әлемге танымал азамат Ояманың айтқан сөзі бар: «Адал жүрек қашанда сыйлыққа ие болады» деген. Осынау боз кілемнің үстінде жастарымыз күресіп, кілемнің құдіретін түсініп, арын, намысын көрсетіп жатыр. Жарысқа келген әрбір спортшы артымда елім бар, жерім бар, өз елімнің мәртебесін көтерем деп жарыс алаңында тартысты өнер көрсетуде. Біз чемпионатқа қатысу үшін 24 елге шақырту жібердік. Бірақ әр түрлі себептермен яғни пандемия, геосаяси ахуалға байланысты көбісі келе алмады. Құрметті Алаш елі! Біздің еліміздің әлеуметтік дамуы халқымыздың ырысы мен бірлігіне де байланысты. Сондықтан халық дипломатиясының нығаюына көңіл бөлейік. Мұндай халықаралық денгейдегі шаралар жиі өтуі керек деп санаймын. “Ақ жол” партиясының халықаралық деңгейдегі іс-шаралары өз жалғасын таба бермек, - деді Жаңбырбай Матаев.
Айта кету керек, Жаңаөзен қаласында каратэ-до кекушинкай үйірмесі 2007 жылы ашылып, қазіргі таңда үйірмеде 400-ден аса спортшыны 5 жаттықтырушы жаттықтыруда. Осы уақытқа дейін 159 - разрядты спортшы, 50 - Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, 10 - Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2 - халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. Әсіресе, каратэ-до кекушинкайдан 2013 жылы Өмірзақ Бек және Жәумітбаев Мұрат Баку қаласында өткен әлем чемпионатында "Әлем чемпиондары" атанса, Аманқан Қыдыржан екі дүркін "Әлем чемпионы" атанды.
Бүгінгі намысты додаға Азияның 8 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Ресей және Қазақстан бар.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан
спортшылары, екінші орынды Сауд Арабиясы иеленді, командалық есепте 3 орынды
Қырғызстан мен Тәжікстан өзара бөлісті.