11
Қыркүйек

Жамбыл облыстық филиалының кеңсесінде АЭС салуды қолдау тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстел өтті

11 қыркүйек 2024 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

Бүгін «Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының кеңсесінде АЭС салуды қолдау тақырыбын арқау еткен дөңгелек үстел өтті.

Қоғам талқысына ұсынылған мәселені талқылаған дөңгелек үстелге М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Электроэнергетика» кафедрасының оқытушылары, ғалымдар мен өңірдегі саяси партиялар филиалдарының өкілдері, Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының депутаттары, журналистер мен студенттер қатысты.

Жиынды ашып-жүргізіп отырған партия филиалының төраға орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетін атап айтқанын, бұл – ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалатындығының көрінісі екеніне тоқталды.

Ал М.Х.Дулати атындағы  Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Қарлығаш Бутабаева АЭС құрылысының экономикалық тұрғыдағы тиімділіктері туралы саралап айтып берді.

«Электронергетика» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Болат Қожагелдиев, кафедраның аға оқытушысы Айжан Жанписова АЭС өндірісі қазба ресурстарына тәуелділікті азайтатынын, энергия үнемдеуге мүмкіндік беретінін қозғады.

Қазақстан Халық партиясының Жамбыл облыстық филиалының төраға орынбасары Марат Исахов АЭС салуды қолдау бойынша саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар Халықтық штабқа біріккенін сөз етті.

«Байтақ» партиясының Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ихтияр Мурзахметов АЭС құрылысы бойынша қоғамдық көзқарастар мен сарапшылардың жасаған талдауларына тоқталып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті.

Ақжолдық депутаттар осы мәселеге қатысты партияның ұстанымын айтып өтіп, пікірлерімен бөлісті.