23 қыркүйек 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, талантты да талапты жастар ел ішінде елеусіз қалып қоймаса дейміз. Елімізді алға сүйрейтін, мемлекеттің мерейін асыратын бүгінгі жастар. Осы мақсатта партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы полиглот, қаламыздың тұрғыны Алина Қожантаеваны қонаққа шақырды. Ол №7 мектепте оқиды. Жасы 13-те. Республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы.
Алина жас болса да біраз саланы меңгерген. Мысалы, ең алғаш 6 жасында ата-анасымен бірге Испанияға барып, бір аптаның ішінде испан тілін үйренген. Қазір 5 тілді біледі. Олардың қатарында қазақ, орыс, қытай, ағылшын, түрік. Қытай тілін қайта қолға алмақшы. Ең сүйікті пәні математика. Есеп шығарғанды жаны сүйеді. Саяхаттағанды ұнатады. Жаңа елді-мекендер оған шабыт сыйлайды, мотивация береді. Күнделікті қызықты естеліктерін видеоға түсіріп алып, оны монтаждайды.
Сонымен қатар, бағдарламалауды үйреніп жүр. Ал Алинаның ең басты қабілеті - суретті тамаша алады. Анасының айтуынша, 1 жасынан бастап-ақ қарындашты дұрыс ұстай алған. Суреттерінде шығармашылық еркіндік байқалады. Әсіресе белгілі тақырыпқа арналған суреттерінде философиялық тереңдік білінеді. «Қай мамандықты таңдамасам да, әрдайым сурет алуды бірге алып жүремін»-дейді Алина.
.