15
Маусым

15.06.2022

«Ақ жол»: Балық аулаумен күн көріп отырған халық қылмыстық кодекстің қармағына түсуде

ҚР Бас прокурорына 

 ҚР  Экология, геология және табиғи ресурстар министріне 

Каспий теңізінің жағалауындағы Атырау және Маңғыстау облысы сайлаушылармен кездескенде, сол өңірдің балықшы қауымдастығының миллиондаған айыппұл төлеп, тіпті кейбіреулері сотталып, түрмеге қамалған азаматтар мен олардың отбасыларының жан-айқайын көрдік. Оған себеп Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодекстің 335, 339 баптарының өте қатаңдығы. Мысал ретінде, үйленгеніне екі ай болған Түпқараған ауданының тұрғыны Нұрбек деген азаматқа өзінің автокөлігімен балықшылардың балығын апарып беруге жалданғаны үшін 339-шы баппен бес жылға сотталып, мүлкі тәркіленіп, 145 млн. 290 мың теңге айыппұл салынған.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен, балық аулау мен өндіру объектісі болып табылатын, өте сирек және жойылып кету шегінде тұрған су жәндіктері түрлерінің тізбесі бекітілген болатын. Қазіргі кезде бұл тізбе Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 Қаулысымен бекітілген. Осы тізбедегі фауна түрлерінің бірі

Күтім балығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Баршаға «вобла» деген атаумен белгілі Каспий торта балығын аулаған кезде арасында Күтім балығы да кездеседі. Бір топқа жататындықтан, олардың айырмашылықтары да шамалы.

Бірақ, тек бір килограмм Күтім үшін бұзушыға 900 000 теңгеден артық айыппұл салынады, егер ол теңіздің ерекше қорғалатын табиғи аумағында ұсталса, айыппұл сомасы 2 млн. 625 мың теңге және 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді!

Күтім балығы Ресейдің Қызыл кітабынан 2004 жылы алынып тасталған. Сонымен қатар, Әзербайжан, Иран базарларында да бұл балық еркін сатылуда.

Ал, біздің өкілетті органдардың әрекетсіздігінен, балық аулаумен күнін көріп отырған жергілікті халық қылмыстық кодекстің қармағына түсуде.

Құқықтық статистикаға жүгінсек, тек Атырауда 2021 жылы 89 іс қозғалып, 50 адам жауапкершілікке тартылып, соның ішінде 335-бабымен 21 адам, 339-бабымен 29 адам сотталған. 2022 жылдың бес айы ішінде 15 адам сотталып кеткен. Маңғыстауда да бұл көрсеткіш мәз емес. Бұл баптар бойынша жаза 3 мың есептік көрсеткіштен бастап, 12 жылға дейін түрмені қарастырып, мүлкі тәркіленеді.

Адам өлтірсе де, кейбір жағдайларда бұндай қатаң жаза тағайындалмайды. Ал, жергілікті тұрғындардың жалғыз күнкөріс көзі болып отырған балық аулау кәсібі, қоғамға қаншалықты қауіпті? Олардың келтірген зияны табиғатқа неше түрлі өндірістерден түсетін залалдан әлдеқайда аз. Балық аулап, жанұясын асыраған балықшылардың байып кеткені жоқ.

Сондықтан, қарапайым балықшыларға осыншама қатаң жаза тағайындау, шамадан тыс деп есептейміз. Жүйелі түрде браконьерлік мақсатпен балық аулаған азаматтарды жауапкершілікке тартпау керек деп отырған жоқпыз. Бірақ, бұл тізбеде кездейсоқ балықшыларды! жанұясынан айырмай, келтірілген залалға пара-пар айыппұл салу жолымен ғана шектелу керек деп санаймыз.      

Осыған байланысты, Күтім балығының популяциясының қалпына келуін, және балық үшін сотталған азаматтардың қоршаған ортаға қауіпсіз екендігін ескере отырып,

«Ақ жол» фракциясы:

1) Күтім балығын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлердің тізбесінен алып тастап, өндірістік аулауға енгізуді қарастыруды;

2) Елімізде, балық түрлерін аулағаны үшін сотталған азаматтардың жазасын заңнама шеңберінде барынша жеңілдету мәселесін қарап, сәйкес айыппұлға ауыстыруды сұрайды.

Құрметпен,

«Ақ жол»  фракциясының депутаттары 

Жауап: