ҚР Премьер-министрі
О. А. Бектеновке
Биылғы жылдың 1 қазанында «Ақ
жол» фракциясы туындаған кідірістерді ескере отырып, Қазақстандық тауар
өндірушілерінің тізілімін (бұдан әрі - ҚТӨ тізілімі) енгізу үшін 2026 жылдың 1
шілдесіне дейін өтпелі кезеңді енгізу және индустриалды сертификаттар мен ST-KZ
қолданылу мерзімін ұзарту туралы ұсыныспен Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
28 қазандағы жауабында Үкімет ұсынылған шаралардан бас тартты, келесіні мәлімдеді: «ҚТӨ тізілімінің техникалық операторы «Электрондық қаржы орталығы» АҚ электрондық платформаны әзірлеп, цифрлық верификация модулін жүзеге асырды. ҚТӨ тізілімін 2025 жылдың желтоқсанында өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарлануда».
Бүгін 17-сі, желтоқсанның көп
бөлігі өтіп кетті. Дегенмен, «ПетроМашЗавод» ЖШС, «Машина жасау жабдықтары
зауыты» ЖШС, «Мұнаймаш» АҚ, «Пойск венчурлық фирмасы», «AVAGRO» ЖШС, «Lukoil
Lubricants» зауыты және басқа да отандық кәсіпорындар «Ақ жол» демпартиясына
хабарласып, Тізілімнің дайын еместігін хабарлауда.
Олардың барлығы Тізілімнің
электрондық платформасында тіркеуден өте алмауда, өздерінғ айтуынша, платформа
үнемі тоқтап қалады.
Сонымен қатар, Ережеге сәйкес, деректерді қарау және тексеру мерзімі 20 күнді құрайды, ал, Тізілімге ретроспективті енгізу механизмі қарастырылмаған. Бұл дегеніміз, аталмыш платформа бүгін жұмыс істеп кеткен күннің өзінде де, кәсіпорындар шығынға ұшырайтын болады, себебі олардың жыл басында шығарған өнімдері отандық тауар мәртебесіне ие болмайды, сол арқылы мемлекеттік сатып алуларда артықшылықтан айырылады.
Қолданыстағы СT-KZ және индустриалды сертификаттары бар кәсіпорындарды Тізілімге автоматты түрде қосу туралы мәлімдеме орындалмады: E-ONDIRIS ақпараттық жүйесінде жұмыс істейтін алгоритмдер жоқ, автоматты түрде көшіру қамтамасыз етілмеген, кәсіпорындар үнемі техникалық ақауларға қарамастан рәсімдерді қайталап өтуге мәжбүр. Сондықтан, «жүйенің дайындығы» туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды.
Өнеркәсіпшілердің сөзінше,
Тізілімнің толық дайын болмай қолданыстағы сертификаттарды ұзартудан бас тарту
жүздеген компаниялардың жыл басында, келісімшарт жасау кезеңінде отандық
өндіруші мәртебесінен айырылуына әкеледі. Мәселен, машина жасау тапсырыстарының
95%-дан астамын «Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялар сатып алады, ал,
олардың ҚТӨ Тізілімінде болмауы нарықтан автоматты түрде шығарылуды білдіреді.
Тіпті, отандық өндірушілер осының
барлығы шетелдік жеткізушілердің мүддесі үшін әдейі жасалып жатыр деп те
күдіктенуде.
Үкіметтің біздің сауалымызға берген жауабында мұндай жағдайлармен байланысты тәуекелдер көрініс таппаған. Демек, ҚТӨ тізілімін толыққанды іске қосуды кешіктіру өнімді қабылдаудан бас тартуға, айыппұлдарға, адал емес жеткізушілер тізіміне қосылуға және импорттаушылар мен делдалдардың қазақстандық өндірушілерді ығыстыруына әкеледі – осының барлығы бизнестің кінәсінен емес, мемлекеттік органдардың дайын еместігінен орын алып отыр.
Сонымен қатар, ҚТӨ тізілімі
арқылы расталған отандық өндіріс мәртебесіне енді бір бизнес брендке,
технологияға, өндіріс франшизасына, материалдарына және сату нарығына иелік
ететін, бірақ физикалық өндіріс басқа кәсіпорында жүзеге асырылатын
«келісімшарттық өндіріс» кірмейді.
ҚТӨ тізілімі «бір зауыт - бір өндіруші» моделіне бағытталған, нәтижесінде келісімшарттық өндіріс отандық өндірістің бір түрі ретінде танылмайды және мемлекеттік қолдау жүйесінен алынып тасталады. Дегенмен, өндірістің бұл түрі тамақ және косметика өнеркәсібінде (KazBAD, BAYAN), химиялық реагенттер өндірісінде (CIPTEC) және халықаралық компаниялардың қатысуымен фармацевтикада (AstraZeneca, Pfizer) да бар. Келісімшарттық өндіріс форматы белгілі бір дәрежеде кәсіпорындардың толық жүктелмеуі мәселесін шешуге мүмкіндік береді, мұны жақында әріптесіміз, депутат Ермұрат Бапи көтерді. EconomyKz.org мәліметтері бойынша, машина жасау және тамақ өнеркәсібіндегі бос тұрған қуаттардың үлесі 55%-дан асады, химия өнеркәсібінде – 52%-дан асады, ал фармацевтикада – 70%-дан асады (https://economykz.org/?p=23053).
Жоғарыда айтылғандарды, сондай-ақ
үкіметтің негативті жауабын ескере отырып, келесі жылы отандық өндірістің теріс
салдарға тап болу қаупі бар екенін ескеруге мәжбүрміз, бұл үшін жауапкершілік
бизнестің сигналдарын елемеген мемлекеттік органдарға жүктеледі.
Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы
тағы да мыналардың қажеттілігін талап етеді:
1) ҚТӨ тізілімін енгізудің өтпелі
кезеңін кемінде 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту;
2) Бұрын берілген индустриалды
сертификаттар мен СT-KZ сертификаттарының жарамдылық мерзімін сол мерзімге
ұзарту;
3) Тізілім аясында келісімшарттық
өндірістің ерекшеліктерін ескеру;
4) Тізілімдегі кемшіліктер
толығымен жойылғанға дейін отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алулардан,
«Самұрық-Қазына» қорының, ұлттық компаниялардың сатып алуларынан және басқа да
реттелетін сатып алулардан шеттетілу қаупін жойып, тиісті шараларды қарастыру.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
А. Перуашев,
Д. Еспаева,
Е. Барлыбаев,
Қ. Иса,
С. Ерубаев,
О. Нұралдинов