ҚР Денсаулық сақтау министріне
«Ақ жол» партиясы депутаттық фракциясына бірқатар жеке меншік медициналық мекемелердің өкілдері жүгініп, Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 19 қарашадағы №749 «Карантиндік шектеулер кезеңінде шетелдік азаматтарға жедел емдеуге жазбаша шақыру беретін денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың тізімін бекіту туралы» бұйрығымен келіспейтінін жеткізеді. Аталған бұйрықтағы тізімде 14 мемлекеттік медициналық мекеме ғана берілген. Ал, бұл тізімде бірде-бір жеке меншік медициналық ұйым жоқ.
Бұл тізім өз кезегінде ел аумағында Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия бекіткен карантиндік шектеулер кезеңінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі негізінде қабылданған.
Аталған Құжат ұстанымдарының бірінде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің мемлекеттік шекараны кесіп өтуі уақытша шектелетіні және қазақстандық мамандандырылған емдеу мекемелерінде емделуге қажеттілікті растайтын құжаттары бар шетелдіктерді қоспағанда деп анық жазылады.
Аталған норманың мазмұнынан көрініп тұрғандай, комиссия шекараны кесіп өту тәртібін айқындау кезінде емдеу мекемелерінің мемлекеттік не жеке меншік нысанына шектеу қойған жоқ.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына, сондай ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 65-бабына сәйкес Денсаулық сақтау жүйесі денсаулық сақтаудың мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларынан тұрады. Бұл екі сектордың да құқықтары бірдей және білікті медициналық көмек көрсету кезінде, оның ішінде карантиндік шектеулерді қатаң сақтау бойынша да міндеттері бірдей.
Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігінің жеке меншік мекемелердің құқығын шектеп, жоғарыдағы тізімге тек мемлекеттік медициналық мекемелерді ғана енгізуі еш түсініксіз.
Сонымен қатар, уәкілетті органның жоғарыда көрсетілген шешімі бәсекелестікті жою мәселесіне қатысты 194-баптың бөлігіндегі Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына қайшы келеді.
Бұл жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінің жекелеген нарық субъектілеріне оларды бәсекелестерінен жоғары қоятын жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар беру бойынша әрекеттері байқалады.
Бұл мәселе, мұндай жағдайда керекті кадрлардың елден кетуіне себеп болуы мүмкін!
Өз кезегінде жеке клиникалардың өкілдері бүгінгі таңда шетелдік азаматтарға біздің азаматтармен тең дәрежеде білікті медициналық көмек көрсету үшін жеткілікті инфрақұрылым мен жоғары деңгейлі мамандардың бар екенін атап өтті. Жеке клиникаларда мемлекеттік клиникалармен қатар күрделі оталар жүргізіледі, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық көмек көрсетіледі.
Жеке клиникаларда көрсетілетін медициналық қызметтер Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия сияқты көрші елдердің азаматтары арасында бұрыннан қалыптасқан. Медициналық туризмді дамыту Қазақстанның туризмін дамытудың маңызды міндеттерінің бірі болып табылатынын атап кеткені қажет.
Осыған байланысты, «Ақ жол» парламенттік фракциясы 2020 жылғы 19 қарашадағы No 749 бұйрықты қайта қарауды және жоғарыда аталған тізімге шетелдік азаматтарға хирургиялық емдеуге шақырулар беретін республиканың жеке медициналық клиникаларының тең санын енгізу қажет деп санайды .
Құрметпен,
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық
партияның депутаттық фракциясы
Жауап