ҚР Премьер-министрі
О.А. Бектеновке
Халықаралық экономикалық тұрақсыздыққа байланысты қаржы сарапшылары негізгі
активтерге, соның ішінде қор құралдарына және АҚШ долларының өзіне
инвесторлардың сенімінің айтарлықтай төмендегенін хабарлауда.
Дәл осы себепті сарапшылар оффшорлық аймақтардағы жинақтардың да анағұрлым
құнсыздануын болжауда.
Мысалы, бүгін «Блумберг» агенттігі былай деп хабарлады: «Доллар активтеріне
сұраныс төмендеп жатыр, ... доллардың күтілетін айырбас бағамының көрсеткіші
алғаш рет теріс болды. Доллардың резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне нұқсан
келтіру қаупі артып келеді...
Долларға деген сенімнің төмендеуі жалғасуда, бұл капиталдың жаппай кетуіне
және қаржылық дағдарысқа әкелуі мүмкін» - цитата аяқталды. (https://t.me/BIoomberg/36904)
Бүгінгі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Қ.Тоқаев дағдарыс
жағдайлары сын-қатерлермен қатар, экономика үшін жаңа мүмкіндіктер әкелетінін
айтты.
«Ақ жол» фракциясы Президенттің бұл бағасын қолдайды және аталмыш жағдайды
экономикамызды деофшоризациялау үшін, оффшорлық компаниялармен мәмілелер
жасауға тыйым салуды енгізу (әсіресе мемлекеттік және квазимемлекеттік
сектордағы сатып алу саласында), сондай-ақ капиталдың ерікті қайтарылуын
ынталандыру үшін пайдалануға болады деп есептейміз.
Осыған орай, табыс салығын төлеу шартымен оффшорлық және басқа да шетелдік
юрисдикциялардан қайтарылатын капиталға басқа жауапкершілік жүктемей,
рақымшылық жасау мәселесін қарауды ұсынамыз.
Келесі жылдан бастап, жаңа салық ставкаларының күшіне енуі де активтерді
тезірек қайтару үшін маңызды қосымша ынталандыру болуы мүмкін.
Мұндай қадам жасырын олигархтарға «геошторм» жағдайында оффшорлық
шоттардағы қаражаттың одан әрі құнсыздануы кезінде ықтимал шығындарды азайтуға
мүмкіндік береді, ал, ұлттық экономикаға қосымша қаражат пен инвестиция әкелуі
мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» депутаттық фракциясы
оффшорлық аймақтардан және басқа да шетел юрисдикциялардан капиталдарды қайтару
үшін рақымшылық жариялауды қарастыруды ұсынады.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
А. Перуашев
Е. Барлыбаев
Д. Еспаева
Қ. Иса
С. Ерубаев
Е.Бейсенбаев