Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Ә.Ә.Смайыловқа
Облыстардың,
республикалық маңызы бар
қалалардың әкімдеріне
Мәжілістің бүгінгі отырысында Салық кодексіне өзгерістер, оның ішінде
жергілікті мәслихаттардың бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігін 2024
жылдың 31 наурызына дейін ұзарту туралы түзету қабылданды.
Қолданыстағы норма бойынша бұл құқықты тек биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін
ғана жарамды боп, одан кейін тарифтерді төмендету тек 2025 жылдан бастап мүмкін
болмақ еді.
Мәжіліс депутаттары бұл түзетуді енгізу арқылы жергілікті мәслихаттардың өз аймақтарындағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мүмкіндігін кеңейтті.
Еске салайық, «Ақ жол» фракциясы биылғы жылдың 26 сәуірі мен 14 маусымында, яғни қолданыстағы мерзім аяқталмай жатып-ақ жергілікті мәслихаттарға, әкімдерге және үкіметке осы мүмкіндікті пайдаланып, шағын бизнесті қолдап, бөлшек сауда салығын 4-тен 2 пайызға дейін төмендетуді талап етіп депутаттық сауал жолдаған болатын.
Алайда мұндай шешімдерді Қазақстанның үш өңірінің (Астана қ, Қызылорда және Қарағанды облыстары) басшылығы ғана қабылдады, ол үшін «Ақ жол» фракциясы әріптестеріне алғысын білдіреді.
Тағы бес өңір салық ставкасын сақтап қалу туралы шешім қабылдап, осылайша
шағын бизнеске салық жүктемесін жеңілдетілген тәртіп бойынша 3%-дан бөлшек
сауда салығы бойынша 4 және 8%-ға дейін ұлғайтты.
Мемлекеттің мойнына масыл болмай, өз бетімен жұмыс істеп, өзгегелерді де жұмыспен қамтитындарға қатысты мұндай шешімдерді әділетсіздік деп санаймыз.
Ал 12 өңір әлі ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Олар не шағын бизнестің тағдырына бейжай қарайды, не одан да маңыздырақ істерге назарлары ауып жүр.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы осымен үшінші рет Үкіметтен, әкімдерден және жергілікті мәслихаттардан бүгін Мәжіліс берген мүмкіндікті пайдаланып, 2024 жылдың 31 наурызына дейін шағын бизнес үшін бөлшек сауда салығын төмендету бойынша барлық шараларды қабылдауды сұрайды.
Құрметпен, «Ақ жол” фракциясының депутаттары
Е.Барлыбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
А.Садықов
Е.Бейсенбаев