2012 ж. 7 қарашада жарияланды
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
С.Н.
Ахметовке
Депутаттық сауал
Құрметті Серік Нығметұлы!
Биылғы желтоқсанда Алаш
партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толады. Ал Алаш идеясын
жаңғырту - «Ақ жол» партиясының басты
бағыттарының бірі болып келеді. Өйткені Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз
Қазақстан! Ендеше біз, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың
бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға
тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы - ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа,
мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді.
Озық ойлы қазақ зиялылары
1917 жылы 21 мен 26 шілде аралығында Орынборда І «Жалпықазақ» съезін өткізді.
Осы құрылтайда қазақ елінің мүддесін қорғайтын «Алашорда» үкіметі құрылды.
Қазақ тарихында Алаш
идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы әлі де бағасын ала алмай келеді.
Алаштың алғашқы астанасы Орынборда өткен бұл құрылтайдың Қазақ тарихындағы
маңызы аса зор. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейханов, Ахмет
Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер
бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат
жолында ұланғайыр қайрат көрсетті.
1917 ж. желтоқсанның 5 - 13 Орынборда 2-ші бүкіл қазақ
құрылтайы өткізілді.
Құрылтайдың күн тәртібіне
10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын
жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.
Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Ә. Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы — Семей қаласы ,кейін Алаш-қала атанды.
Қазақ халқының 20 ғасыр
басындағы ең ауыр кезеңінде, толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, елді
құрып кетуден аман алып қалып, болашаққа бастаған Алаштықтардың еңбегі орасан. Біреуін ғана, ең бастысын айтсақ, 1920 жылы
қазақтың Жер декреті бекітіліп, шекарамыз алғаш заңды күшіне ие болды.
Алаш көсемдері Ахмет
Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтан екі-ақ мысал келтіре кетсек. Ахмет
Байтұрсынов «Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін –кәсіп,
білімді болу үшін оқу керек. Ал күшті болу үшін – Бірлік керек» дейді.
Ал Алашорда үкіметінің
төрағасы Әлихан Бөкейханов «қазақтың
қойының жүні тоқылып, үс тіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы
тиіс» деп, нарықты экономикаға негізделген мемлекет қана өркендейді дейді. Бұл
арманын да бүгінгі Қазақстан бейнесінен көруге тиіспіз.
Ендеше біз бүгінгі
Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген
Алаш арыстарын ардақтауды неге кешіктірудеміз.
Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған
мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Алаштың 90 жылдығы
жергілікті деңгейде ғана аталды. Ал алдағы 95 жылдықты үкіметіміз қалай атап өткелі отыр? Өйткені
Алаш жеке ұйымның немесе жеке партияның ғана меншігі емес, Алаш – бүгінгі
Тәуелсіз қазақстанның бастауында тұрған алғашқы толыққанды үкімет пен саяси
партия.
Біріншіден, ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті
көлем берілуі керек. Әрбір қалада Алаштын ескерткіштері орнатылуы тиіс.
Кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз етуі керек.
Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту
жүйеге айналуы керек. Алаш оқулары жолға қойылып, еліміз бойынша қанат жаюы тиіс. Алаштың ордасы болып,
Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда
үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол үйді
мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе.
Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс.
Баяндалған мәселелерге байланысты, алдағы Алаштың 95 жылдықты үкіметіміз қалай атап өткелі
отырғаны туралы хабарлауыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП парламенттік
фракциясының депутаттары
Н.Жазылбеков
А.Перуашев
Е.Никитинская
А.Әбілдаев
М.Қазбекова
Т.Ерғалиев
С.Сәрсенов
А.Тұртаев
Жауап: