ҚР Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б.Б.Мусинге
Сіз, 21 қыркүйекте "БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа "+997" дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады.
Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады. Кезінде КСРО тарағанда, "+7" халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын" деп мәлімдеген едіңіз.
Жалпы, бұл жаңалықты халқымыз, әсіресе ұлтжанды азаматтарымыз цифрлық тәуелділіктен арылу және де өзіміздің цифрлық төл таңбамызды алдық деп үлкен үмітпен қуана қабылдап, қолдау білдірген еді.
Бірақ осы саланы жетік білетін кәсіби мамандардың бұл тақырыпқа байланысты пікірлерін естіп қуанышымыз су сепкендей басылып, орнына көптеген сұрақтар туындап отыр. Енді сарапшыларының пікіріне сүйенсек, сіз айтқандай 7-і саны екі елге бірдей белгіленген код емес, ол тек географиялық аймақтың коды, ал екінші 7 тек біздің елге бекітілген сан. Яғни +77 Қазақстанның жеке коды. Қазақстаннан қоңырау шалған кезде әлемнің әр тарапынан Қазақстан деген жазу шығу үшін тек ХЭБ одағына тиісті хат жазу жеткілікті деп санайды.
Оның үстіне екі таңбалы DEF-коды тек дамыған әрі беделді мемлекеттерде бар. Мысалы Қытайда +82, Германияда +49, Франция +33 деген сияқты. Бұл қатарда Қазақстан да бар еді. Енді еліміз бұл тізімнен өз еркімен шығып, үш таңбалы Гондурас, Сомали, Конго сияқты елдердің тізіміне қосылудың алдында тұрмыз. Ал қазақ үшін қасиетті 7 таңбасын Ресейге сыйға тартып кеттік пе?
Мамандардың пікірінше үш таңбалы DEF-коды еліміздің болашақ абоненттік базасын едәуір қысқартып, біз ұлттық цифрлық байлық ресурсымызға өз қолымызбен шектеу қойып отырмыз.
Жоғарыда айтылғандарды және үш таңбалы кодка көшу кезеңінде орын алу мүмкіндігі бар мәселелерді ескере отырып келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз.
1. Дамыған 38 ОЭСР мемлекеттерінің 25-і қолданатын екі таңбалы кодтан дамушы мемлекттер қолданатын үш таңбалы кодқа көшуге қандай себеп болды?
2. Қазақстан деген жазу шығу үшін осындай цифрлық құрбандыққа бармай, оны шешудің оңай техникалық жолы бар екені ескерілмеді ме?
3. Бүгінгі қазақстандықтар қолданып жүрген сервистер мен қосымшаларды бағдарламамен қамтамассыз етіп отырған әлемдік әзірлеуші компаниялар өздерінің кодын осындай қысқа уақытта өзгертуге дайын ба және еліміздің азаматтары күнделікті қолданып жүрген цифрлық мүмкіндіктерінен айырылып қалмай ма?
4. Өтпелі кезеңде 77 коды көрші елге ауысатын болса олардың телекоммуникация компаниялары жетіден басталатын бұрын біздің азаматтарымызға тиесілі болған сим карталар шығара бастайды. Өзіңізге белгілі бүгінгі барлық қызмет сим картаға байланған (аккаунт, egov, әлеуметтік желі, банк, логиндер, төлемдер т.б) Азаматтарымыздың қаржылық, әлеуметтік т.б. қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
Оның үстіне, өтпелі кезеңдегі қаржылық шығындар (азаматтардың абоненттік нөмірді ауыстыруы, т.б.) есепке алынды ма? Ол шығындарды кім өтеуі тиіс? Бюджет пе, болмаса азаматтарымыздың қалтасынан шыға ма?
Құрметті Бағдат Батырбекұлы!
Қазақта "аңқау елге арамза молда" деген сөз бар. Біз әрине ондай ойдан аулақпыз. Алайда, көпшілік сізді тек министр ретінде ғана емес, өз кәсібінің білікті маманы деп таниды. Сондықтан бұл қойылған сұрақтарымызға атүсті емес, толыққанды егжей тегжейлі кәсіби жауабыңызды күтеміз.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары