12
Маусым

12.06.2024

Кендірлі теңіз жағалауы туризм орталығына айналуы тиіс

ҚР Премьер-Министрі 

О.А. Бектеновке

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуетін арттыруға қатысты бірнеше мәселе көтермекшіміз.

Бірінші мәселе. Жыл сайын өңірде туризмді дамытудың маңыздылығы артуда. Жаңаөзен қаласы мен Кендірлі жағажайы арасында  турагенттіктер қалыптастырған туристік маршруттарға шет елдерден де туристер келеді.

Осы автожолмен халықаралық бағытта жүк тасушы көліктер, оған қоса жағажайға баратын демалушылар көліктерінің көп болуы себебінен жаз айларында бұл тас жолға жүктеме аса түседі: күніне 800-ден астам көлік жүреді екен.

Жаңаөзен-Кендірлі автожолы тар, кейбір учаскелері тегіс емес болғандықтан жол апаттары жиі орын алуда. Қаза болғандардың едәуір  саны балалар.

«Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы» автожолы республикалық маңызы бар жолдар санатында екені белгілі. ҚР Көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың тұжырымдамасына сәйкес аталған жолдың 64 шақырымы Жаңаөзен –Кендірлі аралығы, ал 229 шақырым Кендірлі-Турікменстан аралығындағы учаскесін қайта жаңарту жұмыстары тек 2027 жылдан бастап қана көзделген. Яғни осы бағытта жүретін автокөліктер әлі төрт жыл бойы қауыпты жолмен жүруге мәжбүр.

Осы автожолдың мемлекеттік маңыздылығын ескере отырып, аталған учаскесін қайта жаңарту жұмыстарын 2025 жылға қарай жылжытып, республикалық бюджет есебінен қаражат бөлінуіне ықпал көрсетуіңізді сұраймыз.

Екінші мәселе. Кендірлі теңіз жағалауы аймағын туризм тұрғысында игеру мақсатында, Қарақия ауданына қарасты жерлерді тиімді басқару үшін Жаңаөзен қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасын ұлғайту арқылы аудан жерлерін бөліп алу қарастырылған.

Осыған байланысты, Жаңаөзен қаласына Қарақия ауданының жерін ұзақ мерзімге  пайдалануға беру туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, Қарақия ауданының көлемі 818 мың гектар жер учаскесі ұзақ мерзімге пайдалануға берілді.

Сол берілген жердің 112 мың гектардан астам учаскесі Жаңаөзен қаласының әкімшілігіне қарайды. 

Бұл қадам  жаңа Кендірлі қалашығы мен Кендірлі туристік демалыс аймағын дамытуға жол ашады. ҚР  Үкіметі бекіткен Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы аясында, «Кендірлі» курортына ұлттық туристік жоба мәртебесі берілді. Ол үшін Кендірлі жерінен туристерге жағдай жасау мақсатында Кендірлі елді мекенінің бас жоспары дайындалды.

Бұл арада, басталып кеткен жұмысты жеделдету мақсатында, Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының шекараларын өзгерту үшін ҚР Үкіметінен келісім алу процедурасын жеделдетуін сұраймыз.

Үшінші мәселе. Жыл сайын 27 қыркүйекте бүкіл әлемде туризм күні аталып өтеді. Бүгінде Қазақстанда ішкі туризмді дамыту басты бағыттарының біріне айналуда.

Кендірлі жағажайындағы туристік аймақ жерлерін «Ақтау Морпорт» арнайы экономикалық аймақ» АҚ-ның балансына беру немесе «Kenderly» арнайы экономикалық аймағын құру маңызды және стратегиялық шешім болар еді.

Осы туризм күні қарсаңында, әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында Туризм және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Инвестициялар комитеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы және логистика саласындағы ірі жобаларды  іске асырумен айналысатын озық компаниялардың қатысуымен форум өткізу бұл бағытта зор септігін береді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, ҚР Туризм және спорт министрлігі Жаңаөзен қаласында Кендірлі туристік аймағы мен Кендірлі туристік қаласын салу жөнінде жобаны пысықтап, тиісті шара қабылдауын сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

                                                                                                                                               А.Садықов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев