19
Маусым

19.06.2024

Кертартпа шенеуіктер кәсіпорындарды шығынға батыруда

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. Бектеновке

«Ақ жол» демократиялық партиясына мемлекеттік органдардың керітартпа әрекеттерінен күйінген кәсіпорындар жүгінуде.

Соңғы кездері жергілікті атқарушы органдардың ірі сомаға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жағдайлары жиілеп кетті; осы келісімшарттарды орындау үшін кәсіпорындар мердігерлерді тартып, өндірісті қайта жасақтап, ірі көлемде несиелер алады.

Алайда, артынша мемлекеттік органдар объективті болып көрінетін себептермен өнім мен жұмыстың ақысын төлеуден бас тартады, ал несие ұйымдары, оның ішінде мемлекеттің қатысуы барлар, сондай жағдайда орындауға мүмкін болмайтын талаптарды қойып, кеше ғана табысты  болған бизнесті банкроттық пен толық күйреуге итермелейді.

Артық айтпай, нақты бір мысал келтірейін: Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС 60 жылдан бері жұмыс істеп келетін кәсіпорын, жоғары сапалы бетон және темірбетон бұйымдарын шығаруға маманданған.

2023 жылы Алматы облысында суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі салалық Жоспары аясында Іле, Талғар және Жамбыл аудандарындағы суару желілерін қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырылған;  ал, суару каналдарына арналған темірбетон науаларды өндіру бойынша бас мердігер аталған ЖШС-імен 5 млрд 700 млн теңгеге келісім жасасқан.

Кәсіпорын жұмыс көлемін ескере отырып, мелиоративтік салаға арналған темір-бетон конструкцияларын өндіру үшін өндірісінің 75%-ын қайта жасақтаған, қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, тиісті қалыптар сатып алынды.

Алайда жарты жылдан астам уақыт өткеннен кейін Компания шын мәнінде тек 250 миллион теңге төлем алған, бұл тіпті ай сайынғы материалдарға кететін шығынды да өтемейді.

ЖШС мәліметінше, бұл жағдай Алматы облысының құрылыс басқармасы тарапынан тұрақты қаржыландырудың жоқтығынан, тиісті салалық министрліктің, оның комитеттерінің қайта құрылуына және қол қоюшылардың тоқтаусыз ауысуына байланысты туындап, ақыры жобаның толық тоқтап қалуына әкелді.

Соның салдарынан биыл шаруа қожалықтары суару жүйесі болмаса да, егіс еккен, бұл өз кезегінде өнімнің азаю қаупін тудырып отыр.

Алайда, мұнымен де іс бітер емес.

Келісімшарт бойынша төлемдердің кешіктірілуі мен басқа темірбетон конструкцияларын өндіру көлемінің қысқаруына байланысты (мелиорацияға байланысты емес) кәсіпорын «Бәйтерек» ҰБХ-ның еншілес құрылымы болып табылатын "AOM SDF I B.V" қоры алдындағы міндеттемелерін орындай алмай қалып отыр.

Бүгінгі таңда несиелік қарыздың қалдығы пайыздық мөлшерлемені қосқанда 1 млрд 160 млн теңгені құрайды.

Жағдайды реттеу үшін 2023 жылдың 1 қарашасында Компания 2024 жылға арнап қарызды қайта құрылымдау өтінішімен Қорға жүгінген.

Қордың жауабы 2024 жылдың 30 сәуірінде, яғни 6 айдан кейін ғана алынды. Ұсынылған шарттар кәсіпорынның жағдайын алдын ала нашарлатады: еншілес компаниялардың дебиторлық берешегін қайтару, қаржылық бақылаушыны енгізу, басқа заңды тұлғаның кепілдік беруі.

Жоғарыда аталған жағдайлар Компанияны қазіргі жағдайдың тұтқынына айналдырды. Бір жағынан, түпкілікті иесі мемлекет болып табылатын, мүмкін емес шарттармен қайта құрылымдауды ұсынған Қор, екінші жағынан, жобаны уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етпеген уәкілетті мемлекеттік органдар.

Нәтижесінде кәсіпорынның банкротқа ұшырауы және 300-ден астам жұмысшыны қысқартуды көздейтін өндірістің жабылуының нақты қаупі туындады.

Кәсіпкерлердің хабарлауынша, өкінішке орай, мұндай мысалдар аз емес.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» демпартиясының депутаттық фракциясы келесі шараларды шұғыл түрде қабылдауды сұрайды:

1) Қол қойылған мемлекеттік сатып алу шарттарын (соның ішінде Алматы облысындағы суармалы желілерді қалпына келтіру жобасын) уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету;

2) Жоғарыда көрсетілген мысалға ұқсас жағдайларда мемлекет қатысатын кредиттік ұйымдарға, оның ішінде «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» құрылымдарына қолайлы шарттарда мемлекеттік сатып алуды қаржыландырудың сәтсіздігі нәтижесінде туындаған берешектерді тиімді шарттармен қайта құрылымдау тапсырылсын.

Құрметпен,

«Ақ жол» демпартиясының депутаттары

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

А.Садықов

Е.Бейсенбаев