Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. Бектеновке
Биыл 8 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы
ырықтандыру туралы Жарлыққа қол қойды. «Ақ жол» демпартиясы кейінгі жылдар бойы
экономиканы ырықтандыру бағдарламасының әзірленуіне қол жеткізуге барын салып
келді, 2016 жылдан бастап партияның Саяси бағдарламасында да осындай талап
қамтылған.
Сондықтан бұл бағыттағы нақты қадамдарға ұдайы
бастамашылық жасап келеміз. Мәселен, биыл 15 мамырда екінші оқылымда қабылданған
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда «Ақ жол» фракциясының егер тендерге екі
немесе одан да көп жеке кәсіпкер қатысса, онда мемлекет үлесі бар
кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға және ұлттық компаниялардың сатып
алуларына қатысуына тыйым салу туралы ұсынысы енгізілген.
Экономиканы ырықтандыру туралы қаулыда Үкіметке
«Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдарының сатып алудағы мемлекетішілік
құндылық үлесін (яғни, қазақстандық қамтуды) арттыруды қамтамасыз ету де
тапсырылған.
Бұл отандық кәсіпкерлікті, атап айтқанда, шағын және орта
бизнесті дамытуға қосымша серпін бере алатын маңызды бастама деп білеміз.
Сонымен қатар, қолда бар ақпаратқа сәйкес, мемлекеттің
қатысуы бар жекелеген компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық
қамту үлесі нөлге тең сатып алуды өткізіп жүр. Яғни, қазақ жерінде жұмыс істеп,
жер қойнауымыз есебінен байып жатқан сатып алуды ұйымдастырушылар отандық тауар
мен отандық бизнесті мүлде елеусіз қалдырып жатыр.
Еске салайық, Қ.Тоқаевтың конституциялық реформасы бойынша жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі. Ал, жер қойнауын пайдаланушылар мемлекетішілік құндылық үлесінің артуы немесе қызметі мен сатып алуларындағы қазақстандық қамтудың болуы сияқты еліміздің ұлттық экономикалық мүддесін ескеруі тиіс.
Бірақ, іс жүзінде олай болмай тұр.
Мәселен, NAFT@KZ Telegram-арнасының мәліметінше, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «2024 жылға арналған Кеңқияқ-подсолевое кен орнының 43,1 км м/р ДНС-ЖНГК мұнай-газ құбырын тазалау және құбырішілік диагностикасы» ашық конкурсын жариялайды. Бұл ретте, конкурстық құжаттамада әрбір лот бойынша сатып алынатын жұмыстардағы мемлекет ішілік құндылық үлесі «0» пайыз деп көрсетілген.
Осы арада, бұл отандық сервистік компаниялар да атқара алатын еш қиындығы жоқ, стандартты жұмыс, оларды мемлекетішілік құндылық үлесі 100 пайызды құрауы мүмкін.
Немесе, «КЕН-САРЫ» ЖШС төсек-орын жабдықтары және
сүлгілер жиынтығын сатып алуды жариялайды. Тағы да, жергілікті қамтудың қажетті
үлесі «0» пайыз. Мұндай тауарлар бізде
жергілікті қамтудың жақсы үлесімен қажетті көлемде шығарылады.
«Buzachi Operating Ltd» (Бозашы Оперейтинг Лтд)
компаниясының филиалы битум сатып алуға тендер жариялайды. Бірақ сатып алушы
орналасқан аймақта да битум өндірісі кеңінен жолға қойылғанына қарамастан,
жергілікті қамтуға қойылатын талаптар тағы да «0».
Демек, тендерлер алдын ала шетелдік компаниялар үшін дайындалады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұзақ мерзімді сатып алу жоспарына
қатысты да осындай сұрақтар туындайды, мысалы, шетелдік заңнамаға, соның ішінде
Қазақстан заңнамасына сәйкес жобаларды қолдауға байланысты заңгерлік және
консультациялық қызметтерді сатып алуға қыруар сомалар бөлінеді, бірақ мемлекет
ішілік құндылық үлесінің болжамы тағы да «0» пайыз.
«Болашақ», оның ішінде докторлық бағдарламалар бойынша жыл сайын жүздеген студенттерді әлемнің үздік университеттеріне жіберетін мемлекет өзінің ең үздік ұлттық компаниясын халықаралық құқық саласындағы қажетті мамандармен қамтамасыз ете алмайды ма? Онда мұндай бағдарлама не үшін керек?
Жоғарыда айтылғандарды, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың
экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығын негізге ала отырып, «Ақ жол»
демпартиясының фракциясы мыналарды талап етеді:
1) Барлық квазимемлекеттік кәсіпорындар мен жер қойнауын
пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы мемлекет
ішілік құндылық пен жергілікті қамту үлесін фронтальды арттыруды қайта
қарастыру;
2) Осы талаптарды отандық және ірі шетелдік
инвесторлардың орындауын қатаң бақылауды қамтамасыз ету.
3)«Ақ жол» фракциясы депутаттық міндеттері мен парламенттік бақылау функцияларын орындау шеңберінде бұл жұмысқа көмек көрсетуге дайын екенін білдіреді.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
Е.Барлыбаев
А.Садықов
Е.Бейсенбаев