Бірінші Вице-Премьер
Р.Склярға
Машина жасау
Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібіндегі негізгі салалардың бірі болып, оның
көлемінің шамамен 20%-ын қалыптастырып, шикізаттық модельден неғұрлым күрделі,
технологиялық өнімдер өндірісіне көшуін қамтамасыз етеді. Салада 4 мыңнан астам
кәсіпорын жұмыс істеп, экономиканың даму деңгейін айқындауда маңызды рөл
атқарады.
2023 жылы Үкімет 2024–2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың Кешенді жоспарын бекітті. Бұл жоспар өндіріс көлемін 2 еседен астам арттыруға, экспортты 2,9 есеге ұлғайтуға, еңбек өнімділігін шамамен 2 есеге арттыруға және басқа да көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған.
Кешенді
жоспардың бірқатар бағыттары бойынша қазірдің өзінде белгілі бір қадамдар
жүзеге асырылды.
Саланы
шикізатпен қамтамасыз ету бөлігінде шикізат өндірушілер мен өңдеуші өнеркәсіп
кәсіпорындары арасында міндетті келісімдер жасасуды көздейтін заңнамалық
шаралар қабылданды.
Жаңа Салық
кодексінде жабдықтарды импорттау кезінде ҚҚС-ты есепке алу әдісімен төлеу
тетігі, сондай-ақ Қазақстанда өндірілмейтін материалдар мен қосалқы бөлшектерді
импорттауға ҚҚС бойынша кейінге шегеру қарастырылған.
Кадрларды даярлау жөніндегі Жол картасы іске асырылуда, ҒЗТКЖ-ға салықтық шегерімдер енгізілді және т.б.
Осылайша,
институционалдық ілгерілеу байқалып, экономиканың өнеркәсіптік негізін дамыту
үшін қажетті жағдайлар қалыптасуда.
Сонымен қатар, Кешенді жоспарда көзделген инвестициялық жобаларды қаржыландырудың жеткіліксіздігі негізгі тежеуші факторлардың бірі болып отыр деп санаймыз. Жоспарға сәйкес 2024–2028 жылдары модернизация, қолданыстағы өндірістерді кеңейту және жаңаларын құру мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 600 млрд теңге бөлу қарастырылған болатын.
Алайда,
жуырда өткен машина жасаушылар форумында хабарланғандай, 2024 жылға 50 млрд
теңге және 2025 жылға 70 млрд теңге көлеміндегі бекітілген қаржы-экономикалық
негіздемелерге қарамастан, қаражат толық көлемде бөлінбей, кәсіпорындарға толық
жетпеген.
Қазіргі
уақытта жағдай түзетілуде, 12,6% мөлшерлемемен несиелеу енгізілді, алайда өткен
тәжірибені ескере отырып, бөлінген қаражаттың жеткіліктілігі алаңдаушылық
тудырады.
Мәселен, биылғы жылы ӨДҚ 145 млрд теңге сомасына 11 жобаны мақұлдап, қаржыландыруды бастады, тағы 38 млрд теңге сомасына 7 жоба сараптаманың екінші кезеңінде тұр. Оларды бекітілген қаржыландыру көлемімен толық қамтамасыз етуді сұраймыз.
Бұл ретте
саланы қаржыландыру жалпы жүргізілуде, алайда ол көбінесе өнім тұтынушыларына
арналған лизингтік бағдарламаларға бағытталған, ал өндіріс қаржы тапшылығын
сезінуде. Бұл жоспарлауда айқын теңгерімсіздіктің бар екенін көрсетеді.
Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «ӨДҚ» АҚ арқылы 400 млрд теңгеден
астам сомаға лизингтік мәмілелер қаржыландырылған, оның ішінде вагон паркін
жаңарту, автобустар, арнайы және коммуналдық техникалар сатып алу бар.
Сонымен қатар, өндірісті жаңғыртуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге (Кешенді жоспарда көзделген) одан бірнеше есе аз қаражат бөлінген. Мұндай теңгерімсіздік ішкі сұранысты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету тұрғысынан тұрақсыз, өйткені оны жасырын импорт алмастыруы мүмкін.
Екінші
маңызды мәселе – корпоративтік нарықты қамту.
2025 жылдың
мамыр айында ірі тапсырыс берушілердің отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді
келісімшарттар мен оффтейк-келісімдер жасасу міндеттемелерін, сондай-ақ ел
ішіндегі құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеуді бекіткен заңнамалық
түзетулер қабылданды.
Алайда іс
жүзінде бұл тетіктер толық іске қосылған жоқ. Бұл көбінесе ірі тапсырыс
берушілерге аталған талаптарды орындамағаны үшін жауапкершіліктің болмауына
байланысты.
Осыған байланысты, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінде, «Табиғи монополиялар туралы» заңда және «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алулары туралы» заңда ел ішіндегі құндылықты дамыту жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу қажет деп санаймыз.
Сондай-ақ, реттелетін сатып алуларда қазақстандық қамту үлесін кезең-кезеңімен арттыру және жасырын импортқа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында, отандық өндірушілер тізілімінде өндірістің локализациялау деңгейіне қарай мемлекеттік қолдау шараларын саралауды енгізуді, сондай-ақ мұнай-газ химиясы, энергетика және басқа да салалардағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде ел ішіндегі құндылық үлесі бойынша мақсатты көрсеткіштер белгілеуді, бұл талаптарды жобалық құжаттама мен сатып алу рәсімдерінде бекітуді ұсынамыз.
Осылайша,
бірқатар оң нәтижелердің болуына қарамастан, «Ақ жол» фракциясының пікірінше,
2028 жылға дейінгі машина жасау саласын дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру
ағымдағы міндеттерді түзетуді және қосымша құралдармен толықтыруды талап етеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары:
А.Перуашев,
Д.Еспаева,
Е.Барлыбаев,
К.Иса,
С.Ерубаев,
О.Нуралдинов.