01
Маусым

01.06.2016

Ақжолдықтар' балаларға ата-аналарының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды ұсынады

Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
К.Қ.Мәсімовке
 
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
 
Сіздерге белгілі, бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтуде. Осыған байланысты, біздің балаларымызға қатысты келесі мәселені көтеруді қажет деп ойлаймыз.
«Қазақстан Республикасындағы балалар құқығы туралы» ҚР Заңының 36 бабының 1 тармағына сәйкес мемлекеттік орындар, жеке және заңды тұлғалар баланың денсаулығына, рухани дамуына әлеуметтік ортаның, ақпараттың, үгіт-насихаттың кері әсер етуінен қорғауы міндетті.
Осыған байланысты, балалар мен жасөспірімдерді танымал әлеуметтік жүйелерден қорғау қажеттілігі туындап отыр.
Айтар болсақ, 2015 жылдың соңында, өзіне өзі қол жұмсауды насихаттайтын әлеуметтік желілердің беттерінде кәмелетке толмаған 1863 қазақстандық қатысқан.
Халықаралық ұйымдардың мәліметіне жүгінсек, жасөспірімдер арасында өзіне өзі қол жұмсаушылық саны бойынша Қазақстан соңғы 10 жыл бойы әлемдегі көш бастап тұрған елдердің алғашқы үштігіне енген. 2013-2014 ж.ж. ЮНИСЕФ-тің есебінде Қазақстан соңғы бірнеше жылдың ішінде жасөспірімдер мен жастардың өлімінің негізгі себептерінің бірі - суицид болып отырған елдердің тобына кіреді.
Олардың өз өзіне қол жұмсауының негізгі себептерінің бірі – олардың әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын материалдарға еркін қол жеткізуі деп ойлаймыз. Мәселен, Алматы қалалық сотымен , «ВКонтакте» желісіндеге екі пабликтің мазмұны, өзіне өзі қол жұмсау жолдары, тәсілдері және ұсыныстары  жан-жақты жазылған мазмұнда болғандықтан заңсыз деп танылып, Қазақстан аймағында таратылуына тиым салынды. Бірақ бұл жекелеген жағдай ғана.
Мәселен, кеше ғана әлеуметтік желілерде өзін өзі өлтіруші жасөспірімдердің ойын түрінде өтетін акциясы туралы ақпарат таратылды.
Мұндай «ойындардың» аяғы немен тынарын ойлаудың өзі де қорқынышты.
Жасөспірімдер үшін әлеуметтік желілердегі келесі қауіпті аймақ – ол әлеуметтік төзімсіздік пен терроризмді, сондай-ақ радикалды секталарға тартуды насихаттайтын материалдар болып табылады. Әлемдегі халықаралық экстремизм қауіптілігі өсіп тұрған кезде, ХХІ ғасырдың зауалына айналған осы дерттің кесірінен қылмыстық істердің өскендігін ресми ақпараттар айқындайды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жастарды азғындауға бағытталған ақпараттардың әсері де тым жағымсыз болып отыр. Олар жастарды зиянды сексуалдық және басқа да қоғамға қарсы тәртіпсіздіктерге итермелейді. Әлеуметтік желілер арқылы танысқан «достары» (тырнақшада) арқылы және таныстарымен хат жазысып жүрген балаларға зорлық-зомбылық жасау әрекеттері көбейіп кетті. Ол байланыстарды көп жағдайларда ата-аналар бақылай алмай қалады.
Осы аталған жағдайлардың барлығы өскелең ұрпаққа психологиялық және физиологиялық жағынан, ал кей кездерде өміріне қауіп төндіреді.
Бұл мәселені шешу үшін Европа елдерінің оң тәжірибесін ескеру қажет деп санаймыз.
Мәселен, Бұқаралық ақпарат құралдарында Европарламенттің 2017 жылдан бастап 16 жасқа толмаған балалардың ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерде тіркеліп, өз парақшасын ашуға тиым салу туралы қаулысы қызу талқылануда.
Сонымен қатар, eMarketer аналатикалық компаниясының зерттеулері бойынша, әлеуметтік желіні пайдалану ережесіне сай, пайдаланушының жасы 13 жастан төмен болмауы талап етілгеніне қарамастан Facebook парақшасында 11 жастан кіші балалардың әрбір бесіншісінің бейнесі салынған.
Европарламенттің қаулысына сәйкес Компаниялар әлеуметтік желілерде тіркелуде ата-анасының келісімін алу тәсілдерін жасаулары тиіс.
Осындай, 16 жасқа толмаған балалардың ата-анасының келісімінсіз әлеуметтік желілерде тіркелуіне  тиым салу туралы түзетулерді қолданыстағы заңнамамызға енгізу арқылы аталған мәселелердің алдын-алуға болады деп есептейміз.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, «Ақ жол» депутаттық фракциясы жоғарыда айтылғандарға, балалардың әлеуметтік желілерге қол жетімділігіне осындай шектеулерді Қазақстанда да енгізу мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз.
 
Құрметпен,
Мәжіліс депутаттары
К.Абсатиров
А.Перуашев
Е.Барлыбаев
Е.Никитинская
Б.Дүйсенбинов
Д.Еспаева
М.Қазбекова
Н.Жұмаділдаева
Ж.Нұрманбетова