16
Сәуір

16.04.2014

«Ақ жол»: Қазақстан экономикасында оффшорсыздандыруды жүргізу және жоғары қызметтегі мемлекеттік шенеуніктердің шетелдегі шоттарына қатысты банктік құпияны жою қажет - ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал

2014 жылғы 16 сәуірде жарияланған
 
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі 
К.Қ. Мәсімовке
 
 
 
Депутаттық сауал
 
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
 
Қазіргі экономикада оффшор кең тараған құбылысты білдіретіні белгілі.
Ең төменгі салық салу юрисдицияларымен және ашықтық деңгейінің төмендігімен салық төлеуден жалтаруға және шығу тегі күмәнді капиталдарды заңдастыруға жағдайлар жасайды.
2012 жылы жарияланған Tax Justice Network зерттеу компаниясының баяндамасында оффшорлық шоттардың қарауындағы декларацияланбаған қаржының жалпы көлемі 21 ден 32 трлн-ға дейін АҚШ доллары мөлшерінде бағаланды.
Салыстыру үшін - 2012 жылы АҚШ-ның және Жапонияның ЖІӨ жиынтығы  20 трлн-ға жуық АҚШ долл. құрады.
Осы деректер бойынша, тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында Қазақстаннан оффшорлық аймақтарға шығарылған қаржының сомасы 138 млрд. АҚШ долларынан асып түсті, яғни бұл орташа алғанда жыл сайын 7 млрд доллар.
Tax Justice Network-тің бағалауы бойынша, біздің еліміз оффшорлық аймақтарға ақша шығаруда алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Қазақстандық инвестициялар салынған елдердің қатарында Нидерланды, Ұлыбритания, Швейцария, сондай-ақ, Виргинг аралдары, Кипр, Люксембург және т.б. аталады.
 Қазақстандық бизнес Виргинг аралдарында, Кипрде, Люксембургте  қандай зауыттар және фабрикалар салды, осы инвестициялардан біздің еліміз немесе біздің бизнес қандай двидендтер алды? Бұл риторикалық сұрақ. Әрине, мұнда әңгіме бір жаққа қайтарымсыз кеткен ақша туралы болып отыр.
Есеп комитетінің есептерінде мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің еншілес құрылымдарымен Маршалл аралдарында оффшорлық аймақ арқылы нарықтағы бағадан 3-4 есе жоғары баға бойынша тендер жүргізгені туралы деректердің келтірілгені кездейсоқтық емес. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекеттік қаражатты дөрекілікпен ұрлау және сыбайлас жемқорлық үшін оффшорлық аймақтар жиі пайдаланылады.
А.ж. 11 сәуірінде Н.Ә.Назарбаев ұлттық инвесторлар Кеңесінің отырысында Үкіметке капиталға рақымшылық жүргізуді, елден шығарылған қаржыны Қазақстанға қайтаруды, содан кейін ол тартылған ақшаның біздің елдің экономикасын инвестициялауын  ынталандыруды тапсырғаны белгілі.
Алдағы уақытта кірісті жалпыға бірдей декларациялауды енгізу қарсаңында, сондай-ақ күмәнді пайда болған банк шоттарына тыйым салудың  халықаралық үрдісін, немесе былтырғы жылы Кипрде болғандай, оффшорлық шоттардағы қаржыны тікелей тәркілегенді ескеретін болсақ,  бұл шараның айрықша маңызы бар.
Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясының депутаттары Қазақстанның ұлттық мүддесін  қорғауға тартылған капиталға рақымшылықпен қосымша бірқатар басқа да шараларды қосу және елден бақылаусыз қаржы шығаруды қиындату қажет деп есептейді.
Мәселен, біз оффшорлық өлшемдерге кіретін елдермен қосарлы салық салуды болдырмас үшін барлық мәмілелерге ревизия жүргізуді ұсынамыз
Осындай келісімдердің әртүрлі мемлекеттермен бірдей емес жағдайларда жасалатыны және негізгі сәттердің өзінде қатты көзге түсіп тұратынын өмір көрсетіп отыр. «Капиталдың шығуына» ерік берген осындай шарттардың олқылықтарын анықтау қажет. Кезінде, дәл солар арқылы Әбілязовтың, Храпуновтың  және сол сияқтылардың қаржылары шығарылды. Алаяқтар және айлакерлер үшін осындай «қақпаны» жабу үшін, әріптес-елдерге осы келісімдерді жетілдіру туралы ұсыныстармен шығу керек.
Екінші бағыт – салық ақпараттарымен айырбас жөнінде оффшорлық юрисдикциялармен шарттар жасау бойынша жұмысты күшейту керек. Көптеген елдердің салық қызметі оффшорлық шоттардың және компаниялардың негізгі бенефициарларын білгілері келеді, мұнда Қазақстанда бар. Оның үстіне, батыс елдерінің бірқатары осындай аймақтардағы банктердің көбінен шоттардың иелері туралы ақпаратты ашуға қол жеткізді. Біздің де, сол сияқты құқыққа қол жеткізуіміз қажет.
Былтырғы жылы «Ақ жол» партиясы осындай сауалдармен екі рет шыққан белгілі, бірақ Үкіметтен бұл деректер банктік құпия болып табылады деген жауап алған болатын.
Алайда, жоғары қызметтегі мемлекеттік шенеуніктерге қомақты бюджет қаражатымен иелік ету сеніп тапсырылғандығын ескере отырып, олардың оффшорлық шоттарына қатысты банктік құпия қолданылмауы тиіс деп есептейміз.
Оның үстіне, келешекте бұл мәселені реттеу үшін үкіметке «Оффшорлық аймақтар арқылы атқарылатын қызметтерді реттеу туралы» Заң жобасын әзірлеуді ұсынамыз, онда мемлекеттің және адал бизнестің мүдделерін қорғау тұрғысынан барлық мәселелерді ескеру қажет.
Оффшорлық аймақтар арқылы кірісін шығаратын компаниялар, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын, салық жеңілдіктерін, несиелік субсидияларды және  өзге де жеңілдіктермен пайдаланбауы тиіс деп пайымдаймыз.
Сондай-ақ, олар мемлекеттік сатып алуға да қатыспауы тиіс, себебі олардың іс әрекеттері барлық салықтарын төлеп және ашық жұмыс істеп отырған бизнеске қатысты теріс пиғылды жосықсыз бәсекелестік құрады.
Мұндай заң оффшорлық аймақтардың айрықша санатын және ұғымын, мәртебесін, оффшорлық компаниялар арқылы қызмет жүргізудің негізгі ережелерін, оффшорлық аймақтардың кәсіпорын-резиденттерінің мамандандырылған қаржылық есебінің құрамын және тәртібін, мемлекеттік реттеу және бақылау органдардың өкілеттігін, оффшорлық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларын анықтауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы осы мәселе бойынша Үкіметпен қабылданатын шаралар туралы хабардар етуді, сондай-ақ қазақстандық экономиканы оффшорсыздандыруды ынталандырудың мүмкін жолдарын қарастыруды сұрайды.
 
 
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП
фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Е.Никитинская
Н. Жазылбеков
А. Әбілдаев
Т.Ерғалиев
М.Қазбекова
С.Қадралиева
А.Тұртаев