14
Мамыр

14.05.2014

«Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясы Үкіметті ел азаматтарын жазу сауаттылығын арттыруға ынталандыру үшін жаппай диктант жазу акциясын өткізуді ұйымдастыруға ықпал етуге шақырды - ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал

14.05.2014 жылы жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі 
К.Қ. Мәсімовке
 
 
Депутаттық сауал
 
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
 
Тілдің өміршеңдігі отандық әдебиеттің, жалпы ұлттық мәдениеттің дамуымен өте тығыз байланысты.
Жазу сауаттылығы, ойымызды өз деңгейінде жазып жеткізу - күнделікті өмірдегі маңызды құрал және азаматтарымыздың интелектуалды деңгейінің көрсеткіші.
Өкінішке орай жастарымыздың арасында жазу мәдениетінің төмендігі байқалып қалады. Мұны әлеуметтік желілерде немесе хат жазысу барысында аңғарып жүрміз. Тыныс белгілерді былай қойғанда, кейбір қарапайым сөздер құлаққа қалай естілсе солай жазылып, түсініксіз «жаңа сөздер» пайда болған. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу міндетіміз деп білеміз.
Адамдардың қаншалықты сауатты екендіктерін байқап, білімін одан әрі жетілдіруге деген ынтасын күшейтуге бағытталған Халықаралық «Жаппай диктант» шарасы бір уақытта әлемнің 45 елінде нәтижелі өткізіліп келеді.
Бұл шараға – ұлты, діні, жасына, тұрмыстық жағдайына қарамастан өз еркімен түрлі адамдар: оқушылар, студенттер, оқытушылар, шенеуніктер, бизнесмендер, кеңсе қызметкерлері, зейнеткерлер қатысып өздерінің сауатын сынап, деңгейін көтеруде.
Мәселен, жаппай диктант жазу 2010 жылы ең үздік Ресейлік қоғамдық жоба ретінде танылып, қоғамдық байланыстарды дамыту саласындағы ұлттық сыйлықты иеленген. Сондай-ақ, Ресейде әртүрлі ұлттардың тілдерінде  жалпы ұлттық диктанттар өтіп тұрады.
Беларуссия 2007 жылдың 21 ақпанынан бастап Халықаралық ана тілі күнінде жалпы ұлттық диктант жазуды Мемлекеттік тілінде жүргізіп келеді.
Сондай-ақ, мұндай акциялар Польшада, Францияда, Украина, Қытайда, АҚШ-да  кең тараған.
Жаппай диктант жазу – бұл сауаттылық мәселесіне және сауатты хат жазу мәдениетіне назар аударуға шақырған жыл сайынғы білім акциясы. Акцияның мәні – тілек білдірушілердің барлығына бірдей өз еркімен ақысыз диктант жазғызу. Мақсаты – адамдарды олардың қаншалықты сауатты екені туралы ойландыру және сол сауаттылықты арттыру үшін ынталандыру. Жаппай диктант жазу, сондай-ақ тұтынушылық мәдениеттен шыққан стереотипті бұзуға және сауаттылықты үлгі етуге шақырады.
Бұл акция Отан сүйгіштікке тәрбиелеудің элементтерінің бірі және әрбір азаматымыздың өзіне, болашағына қажетті пайдалы шара.
Ресейдегі 2014 жылғы жаппай диктанттың тақырыбы отанды сүю болды.
Қоғамдық сананың маңызды құрамдас бөлігі ретінде отаншылдыққа тәрбиелеу, оны дәріптеп бағалау - қоғамның, мемлекеттің рухани және мәдени негіздерінің дамуының алғышарты.
Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында айқындалған, «Мәңгілік ел» -    бұл жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, біздің бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр.
Осындай акцияны өткізу, тілдің негізгі мәселесі – тілдің дамуы мен қызмет етуі бойынша өзекті мемлекеттік жобаны жүзеге асыратын шешімдерінің бірі болып табылар еді.
Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, «Ақ жол» партиясы еліміздің Мемлекеттік тілінде және азаматтарымыздың өзіне жақын тілінде «Жаппай диктант» шарасын барлық қалаларды, елді мекендерді, барлық деңгейдегі оқу орындарын қамтып, қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, оған жауаптыларды бекіте отырып  «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын ұғыну  тақырыбына шығарма жазу түрінде Мемлекеттік деңгейде ұйымдастыру мен өткізуге ықпал етуіңізді сұраймыз.

Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының
депутаттары
А.Тұртаев
А.Перуашев
Е.Никитинская
Н.Жазылбеков
А.Әбілдаев
М.Қазбекова
Т.Ерғалиев
С.Қадралиева