22
Сәуір

22.04.2026

Қолданыстағы қоғамдық тамақтану объектілеріне жаңа санитарлық талаптарды қолдану тәртібін қайта қарау қажеттілігі туралы

 ҚР Денсаулық сақтау министрі

А. Ш. Әлназароваға

 

«Ақ жол» демпартиясына биылғы жылдың наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа санитарлық талаптарға байланысты қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлерден өтініштер түсуде.

 

Бизнес өкілдерінің мәліметінше, аталған ережелердің қазіргі редакциясындағы кейбір тұстары олардың қолданылуы тұрғысынан елеулі алаңдаушылық туғызуда. Мәселе пайдалану шарттары, инженерлік инфрақұрылым, технологиялық үдерістер мен аймақтарға бөлуге қатысты талаптар жөнінде болып отыр. Бұлар іс жүзінде қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ауқымды түрде қайта жабдықтау қажеттілігіне алып келуі мүмкін.

 

Алайда, нормативтік актіде жаңа талаптарды қолданыстағы нысандарға қолданудың нақты тетігі көрсетілмеген. Атап айтқанда, сәйкестендіру тәртібі, мерзімдері мен шектері айқындалмаған. Мұндай белгісіздіктің барлығы құқық қолдану саласына ауысады. Ал бұл — жергілікті жерлерде субъективті талқылауға жол ашады деген сөз.

 

Іс жүзінде бизнестің тағдыры заңға емес, нақты тексерушінің ұстанымына тәуелді болатын қолмен реттеу жүйесі қалыптасуда.

 

Осыған байланысты кәсіпкерлер не жұмыс істеп тұрған нысандарын қайта жабдықтауға қомақты шығын шығаруға, не нарықтан кетуге мәжбүр болады. Саланың өз бағалауынша, қазіргі нысандардың 70–80 пайызына қатер төнуі мүмкін.

 

Мұнда ірі желілер емес, халықты жұмыспен қамтып, салық базасын қалыптастырып, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отырған шағын және орта бизнес — кафе, асханалар, отбасылық мекемелер туралы сөз болып отыр.

 

Қоғамдық тамақтану орындарының басым бөлігі жалға алынған ғимараттарда жұмыс істейді. Олар ғимарат иелері болмағасын, сондықтан күрделі қайта жоспарлау, инженерлік желілерді көшіру немесе үй-жай конфигурациясын өзгерту мүмкіндігіне ие емес.

 

Сондай-ақ отырғызу орындарына қатысты талаптар мәселесі де сұрақтар туғызады. Инженерлік өзгерістерге қарағанда, мұнда мәселе техникалық мүмкіндіктер емес, экономикалық салдарға тіреледі. Орын санының қысқаруы тікелей табыстың азаюына әсер етеді, ал жалдау ақысы, жалақы, коммуналдық төлемдер секілді негізгі шығындар өзгеріссіз қалады.

 

Оған қоса бұл талаптардың негіздемесі көбіне халықаралық стандарттарға жақындау ретінде түсіндіріледі. Алайда шынайы халықаралық тәжірибе мүлдем керісінше.

 

Мысалы, Еуропаның Париж, Рим, Барселона, Прага, Вена секілді барлық ірі мегаполистерінде қоғамдық тамақтану орындары тығыз салынған аудандарда, тарихи ғимараттарда, шатырларда, яғни «мінсіз» талаптарға физикалық тұрғыдан сай келуі мүмкін емес нысандарда жұмыс істейді.

 

Соған қарамастан жүйе тиімді жұмыс істейді. Себебі реттеу әрбір ұсақ-түйек талапты формалды сақтауға емес, орынды жеткіліктілік пен тәуекелдерді бағалау қағидатына негізделген.

 

Бұл тәсіл Еуропалық Одақтың №852/2004 Регламентінде бекітілген. Онда басты назар нысандарға қатысты талаптарды унификациялауға емес, өнім қауіпсіздігі мен бақылау рәсімдеріне аударылған. Бұдан бөлек, еуропалық тәжірибеде жаңа нысандарға — заманауи стандарттар, ал қолданыстағы нысандарға олардың нақты жағдайын ескере отырып талап қою қағидаты нақты ажыратылған. Бұл бизнесті күйретпей-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкер өзі көрсететін қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне бәрінен бұрын мүдделі екенін еске салғымыз келеді. Себебі санитарлық талаптардың бұзылуы клиенттерден, беделден және табыстан айырылуға алып келеді. Ал қызметтің ең тиімді бақылаушысы — оның тұтынушысы.

 

Иә, мемлекеттік бақылау қажет. Бірақ ол шамалас, орынды және орындалуы мүмкін болуы тиіс. Биылғы жылдың 10 ақпанында Үкімет отырысында Президент Тоқаев бизнес үшін қосымша кедергілер жасайтын нақты жағдайды ескермейтін формалды тәсіл мен «қағаз жүзіндегі реформалардың» жол берілмейтінін ерекше атап өтті.

 

Алайда іс жүзінде кері жағдай қалыптасып отыр: құжат бар, бірақ оны іске асыру тетігі жоқ. Сондықтан бизнес бүгінде тексерулер, нұсқамалар мен айыппұлдар қаупі жөнінде дабыл қағуда.

 

В этой связи Демпартия «Ак жол» просит:

 

1) Қолданыстағы қоғамдық тамақтану нысандарына жаңа санитарлық талаптарды қолдану тәртібін қайта қарау;

2) Нысандардың нақты жағдайын ескере отырып, міндетті түрде сәйкестендірілуі тиіс талаптардың нақты тізбесін белгілеу;

3) Икемді құқық қолдану тәжірибесін қамтамасыз ету, нормаларды өз қалауынша түсінуге, сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерін туындататын жағдайларға жол бермеу.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

О. Нұралдинов,

А. Перуашев,

Д. Еспаева,

Е. Барлыбаев,

Қ. Иса,

С. Ерубаев.